"IFL Science" түсіндіруінше, Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын мемлекет басшыларының, қоғамдық пікір көшбасшыларының, беделді саясаткерлердің, Нобель сыйлығының лауреаттарының және басқа ғұламалардың Давоста басын қосатын жаһандық алаң.
Сонымен қатар ол халықаралық ең білікті эксперттерге байыпты байлам-болжам айтқыза алатын халықаралық аналитикалық орталық. Басқа да халықаралық жобалары жеткілікті.
ДЭФ жиырма жылдай уақыттан бері "Жаһандық қауіп-қатерлер туралы есебін" жариялап келеді. Онда адамзаттың неден сақтануы, ненің алдын алуы керектігі жөнінде жөн-жосық көрсетіп, ғаламшарымызға дәл қазір төнген, сондай-ақ болашақта туындауы мүмкін ең ірі тәуекелдерді сипаттайды.
Биыл ең ірі қауіп-қатерлер тізіміне экологиялық, геосаяси, әлеуметтік, экономикалық және технологиялық тәуекелдер қосылды. Экологиялық тәуекелдерге мысалы, климаттың жылынуы және өзгеруі, табиғи апаттардың көбеюі кірді.
Геосаяси қауіптерге соғыстар, қоғамдық бүліктер және басқасы жатады. Технологиялық қатерлерде жасанды интеллекттің адам өміріне жүргізетін билігінің артуы, киберсоғыстар ілгері озды.
Экономикалық қауіп-қатерлер ішінен рецессия, инфляция, жұмыс күшінің жетіспеуі жаһанды жарға жығуы ықтимал. Ал, әлеуметтік қауіптерде теңсіздіктің өсуі, жаңа пандемияның туындауы, адам құқықтарының барлық жерде бұзылуы жақсылық әпермейін деп тұр.
Есепті дайындауға академиялық ортадан, бизнестен, үкіметтік құрылымдардан және басқа салалардан 900-ден астам сарапшы тартылған. Олар зерттеу барысында мемлекеттерде ғана емес, қатары қалың қоғамдастықтар арасында сауалнама жүргізіп, сұрақтарға жауап іздеді, соңыра жан-жақты деректерді қорыта келе, жалпыға бірдей рейтинг түзді.
Сонымен сарапшылар қандай тоқтамға келді?
2025 жылдың жаһандық басты қатері
Украина, Палестина, Ливан, Судан, Мьянма... – төрткүл дүние бүгінде қан-қасап қырғындарға, сұрапыл соғыстарға толы. Сондықтан биылғы жылдың ең басты қаупі ретінде "Мемлекеттер деңгейіндегі қарулы қақтығыстар" аталды.
Статистика көрсеткендей, әрбір 4-ші респондент өздеріне таңдауға ұсынылған, жаһандық апат-катастрофа туындата алатын 33 ықтимал қатердің ішінен "ең ықтималы" ретінде дәл осы соғысты нұсқаған.
Сарапшыларды қайран қалдырғаны сол, өткен жылы қарулы қақтығыстардың туындау қаупі тек 8-орында ғана болыпты. Оның үстіне биыл Израиль мен "Хамас" (Газа секторы) арасында 2023 жылдан бері созылған қарулы жанжал бітіммен аяқталды. АҚШ-тың жаңа сайланған Президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина қақтығысын да биыл аяқтауға белсенді.
Соған қарамастан, 2025 жылы соғыс қаупі салмақты өсіп отыр. "Орта және ұзақ мерзімді перспективада, келесі жылдар үдерінде" санатында да қарулы қақтығыстардың өршу қаупі 3-орынға шықты. "Он жыл ішінде" санатында жаһанда соғыстардың қаптау қаупі – 12-орынға орналасқан. Яғни, сарапшылар, саясаттанушылар мен саясаткерлер, бизнесмендер мен бұқара өкілдері жер-жаһанда енді қарулы шайқастар ұзақ үстемдік етеді деп алаңдайды.
"Жұт жеті ағайынды" дегендей, эксперттер қарулы шиеленістердің басқа тәуекелдерді өзімен ілестіре келетінін айтады. Оның ішінде мысалы, геоэкономикалық конфронтацияның, кибершпионаждың, дезинформацияның жаппай белең алуы бар.
Есепте айтылған негізгі алаңдаушылық – бейбітшілікті сақтап қалуға бағытталған халықаралық күш-жігердің жоқтығымен байланысты болды. Сарапшылар адамдардың, қоғамдардың бей-жайлығы кесірінен әлемді "жеңімпазға бәрі де кешірімді" қағидатына құрылған соғыс жүргізудің қазіргіден де қатал, қатыгез стилі жаппай жайлайды деген қорқынышын білдірді.
"Адамдар да, мемлекеттер де оқшаулануға бой ұрды. Өсіп бара жатқан геосаяси шиеленіс пен өзара сенімнің тоз-тоз болуы қазіргі жаһандық тәуекелдер ландшафтының қозғаушы күшіне айналды. Аса күрделі, құбылмалы әлемде көшбасшылар таңдау жолайрығында тұр: ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайтудың жолын бірге табу, немесе өршіген қатерлердің қоршауында қалу", – деді Дүниежүзілік экономикалық форумның атқарушы директоры Мирек Душек.
Ұлттардың, діндердің, нәсілдердің, мемлекеттердің арасына от тастап, арандатушылар ғаламат жаңа арсеналға ие болды: зұлым істерін жүзеге асыру үшін олар енді жасанды интеллектті пайдаланады.
Бұл ретте сарапшыларды әлеуметтік желі алпауыттарының ЖИ генерациялаған, орасан зор ауқымға жете бастаған фейктерді анықтап, жою үшін фактчекинг жүргізуден бас тартқаны тіксінтті. Енді қаскөйлерге де қызмет ететін жасанды зердеге еш тосқауыл жоқ.
2025 жылдан кейінгі басты қатер қандай?
Егер адамзат ағымдағы 12 айдан аман өте алса, одан кейінгі заманда оны не күтіп тұр? Зерттеушілердің байламынша, бұл жағдайда дүниежүзі үшін бұдан да өткен, экзистенциалды басты қатер – климаттық өзгерістер болмақ.
Статистика паш еткендей, әрбір 7-ші респондент келесі 2-10 жыл аралығындағы барынша ықтимал қатер ретінде "экстремалды ауа райын және табиғи құбылыстарды" атады.
Мұны ғалымдар растады: ғылыми зерттеулер дәлелдегендей, климаттың антропогенді өзгерістері онсыз да шектен тыс экстремалды ауа райы құбылыстарын одан сайын қауіпті ете түсті. Олар енді тек нашарлай беретінге ұқсайды.
Климаттық күйзелістің жарқын бір мысалы ретінде Лос-Анжелесті қыс ішінде жайпап жатқан алапат орман өрттері айтылды.
Сорақысы сол, барлық дерлік экологиялық қауіп-қатерлер бірінші ондыққа кірді. Яғни, сарапшылар да, былайғы жұрт та енді соғыстар мен климаттың өзгеруі адамзаттың түбіне жетеді деп болжады.
"Қоршаған ортадағы биоалуандылықтың жоғалуы мен экожүйелердің коллапсы былтырғы 3-ші орыннан көтеріліп, биыл 2-ші орынға шықты. 2 жыл бұрын 21-ші орында тұрған. Демек, ахуал нашарлады. Жердің шешуші жүйелерінің төтенше өзгерістері қауіп-қатерлердің тізімінде 3-ші орын алды. Табиғи ресурстардың таусылып, тапшылығының туындауы – 4-ші орында. Табиғаттың ластануы экологиялық тәуекелдерге қатысты үрейлі болжамдарды тұйықтап, 10-шы орынға қонды", – деді доктор Кэти Сполдинг ДЭФ есебіне түсініктемесінде.
Дүниежүзілік экономикалық форум эксперттері биылғы болжамдардың өте пессимистік болып шыққанын мойындады. Өйткені сауалнамаға жауап берген 10 респонденттің 9-ы әлемнің болашақ жаһандық перспективасын "тұрақсыз және құбылмалы" болады деп топшылады.
Алайда "проблеманы көрсеттің, шешімін де көрсет" деген нақыл бар. Сарапшылардың пікірінше, тығырықтан шығар жол бар. Есепте аталған проблемалардың көпшілігін шешу адамзаттың қолынан келеді. Бұл – жақсы жаңалығы.
Жаман жаңалығы сол, жағдайды түзету үшін әлем бірігіп, бірге қимылдауы қажет. Алайда жер-жаһанда ушығып бара жатқан геосаяси ахуал, қарулы қақтығыстар бұған мүмкіндік қалдырмайтын сияқты.
"Алауыздық адамзатты бір-бірінен алшақтатты, ал, фрагментацияның күшеюі халықаралық қатынастарды жаман жаққа өзгертті. Шешуші державалар барлық күшін, ресурсын өз ішіне жиюда: ішкі экономикалық, саяси, әлеуметтік проблемаларды шешуге шоғырландырды. Оның орнына ортақ сын-қатерлерге бірге төтеп беру үшін көпжақты байланыстарды нығайтуға тырысқан дұрыс еді", – делінген ДЭФ есебінде.