Жаһандағы барша қазақ қауышқан күн

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1688

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында төрткүл дүниенің әр атырабынан қазақ қандастар жиылып, атамекеннің төсінде қауышты.

Жаһандағы барша қазақ қауышқан күн

Қазақ елі алыстағы бауырластарын құшақ жая, қуанышпен қарсы алды. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты.

Бұл жолы "қазақтар съезіне" әлемнің 39 елінен 700-ден аса делегат келген екен.

Бір айта кетерлігі сол, бір шаңырақ астында бір мәселеде қатысушылардың ойлары бір арнада тоғысты. Шетелден келген қазақтар, әсіресе "еуропалықтар" Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыруға қатысты бағдарламалық мақаласы өздерінде үлкен шабыт тудырғанын және Қазақстанның тезірек латын әліпбиіне көшуін күтетіндерін жариялап жатты.

Ал мемлекет басшысы бұл істе созбалаңға салу ойы жоқ екенін анық ұқтырды.

"Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам. Бұрынғы КСРО ауқымында, ТМД деп аталатын біз – кириллица, Қытайдағы қандастарымыз – төте жазу, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданады. Сөйлескенде тіліміз бір болғанымен, оқығанда тіліміз үш түрлі! Бір-бірімізді түсіне алмаймыз. Жазуын ұқпаймыз. Бұл бір жағынан, жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алыстады. Екінші жағынан, ғылым мен техникаға, интернетке үйренетін жағдайымыз бар. Олардың латын әрпімен жүретінін білесіздер", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы көп ұзамай бұл олқылықтар жойылатындығын, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бірлігімізді нығайтып, рухани жақындастыра түсетіндігін нықтады.

"Мен өзімнің жолдауымда бұл мәселеде "2025 жылға дейін" деп меже  қойған болатынмын. Бірақ та оны соза берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің ғалымдарымыз тиісті әріптің бізге керек үлгілерін түрік және басқа латын әрпіне көшкен Әзербайжан, Өзбекстан үлгілеріне қарап отырып, кемшіліктерін ескере отырып, бізге керекті әліппені таңдап алуы керек. Меніңше, мұның сонша қиындығы жоқ. Себебі, 1-ші сыныптан бастап, енді барлық балаларымыз ағылшын тілінде оқиды. Оларда латын әрпі қолданылады. Өскелең ұрпаққа оның ешқандай қиындығы жоқ. Бізге де үлкен қиыншылығы тиеді деп ойлаймын", – деген елбасы латын графикасына көшуге байланысты қауіптерді өз шығармаларының жаңа ұрпаққа керексіз болып қалуынан қорқатындардан тууы мүмкіндігін, бірақ ақпараттық технологиялар дамыған заманда бұл қиындық болып табылмайтынын қосты.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ қарпін латын әліпбиіне көшіруден басқа, рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан өзге 5 жобаға, соның ішінде, гуманитарлық бағыттағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, "Туған жер", "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы", "Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет", "Қазақстандағы 100 жаңа есім" сияқты жобаларға ерекше тоқталды.

Қазақстан президенті мемлекетіміз бен қоғам тарапынан қандастарымызды қолдаудың маңыздылығын айтып, "Отандастар" қорын құруды тапсырды.

"Қор Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, қандастарымызға қолдау көрсетудің тетіктерін анықтап, тиісті кешенді бағдарлама әзірлеуі қажет", – деді елбасы.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы елшіліктерге Қазақстанға оралушылардың құжаттарын дайындау және оларға кеңес беру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

"Сонымен қатар, жастарға қолдау көрсету қажет. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінген квотаны 2 есе көбейтуді тапсырамын. Үкімет шетелдегі қандастарымыздың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан президенті іргелес елдерде мемлекеттік телеарналардың көрсетілуі мен мерзімді баспасөздің таралу мәселелерін пысықтау, қандастарымыз арасындағы дарынды және кәсіби мамандарды елге тартып, оларды бейімдеу тетіктерін қарастыру, еліміздің оңтүстігінен солтүстік облыстарына қоныс аудару бағдарламасына қатысқан азаматтарымыздың орналасуына жағдай жасап, оларды жұмыспен қамту жөнінде тапсырмалар берді.

Елбасы сөзінің соңында құрылтайға қатысушыларға Астананы аралап көріп, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау жөнінде ұсыныс айтты.

Құрылтай соңында мемлекет басшысы шетелдегі ағайынның Атамекенді ұмытпай, оны әрдайым құрмет тұтуға шақырды.

"Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланыстарын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан", – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айтқандай, елбасы биылғы 1 шілдеде "Қазақстан халқы 18 миллионға жетті" деп ресми мәлімдейтінінен құлағдар етті.

"Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін қияметке толы, өте ауыр жылдар болды. 1921-ші, 1930-шы жылдардағы аштықтың салдарынан қазақтың тең жартысынан айырылдық. Біріншісінде 30 пайызынан, екіншісінде жартысынан көз жазып қалдық. Егер сондай зұлматта болмағанда  қазір еліміздегі қазақтың саны 50-60 миллионнан асып жығылатын еді! Кейін репрессияда 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың бетке ұстар зиялысы тұтқынға түсті, оның 25 мыңы атылды. Қазақты басқаратын білімі бар, қазақ үшін сөз айта алатын адамның барлығының тамырына балта шауып, жойып тастады. Соған қарамастан қазақ өркендеп, қайтадан өсіп келеді", – деді осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол Тәуелсіздік жылдары шетелден 1 миллионға жуық  қандасымыз, бауырымыз елге көшіріліп алынғанын еске салды. Оның үстіне экономика көтерілген сайын, қазақтың өз басы да табиғи өсуде.

"Құдайға шүкір қазір жағдайдың жақсаруына байланысты еліміз көбейіп келеді. Егер де бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала өмір есігін ашса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби дүниеге келеді. 1 шілдеде біздің халқымыз 18 миллионға жетті деп жариялаймын!" - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Құрылтай барысында Өзбекстан делегациясының басшысы Серікбай Үсенов елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты "Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы" ретінде қайта сайлауды ұсынды. Құрылтай делегаттары осы ұсынысқа бірауыздан дауыс берді.

Сондай-ақ Зауытбек Тұрысбеков Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Оның кандидатурасын президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды.

"Талғат Мамашов 2004 жылдан бастап осы қызметті атқарып келді. Біраз жұмыс істелді. Шеттегі отандастарымызбен  рухани-мәдени байланыстар нығая түсті", – деген мемлекет басшысы оған жемісті жұмысы үшін ризашылығын білдірді.

"Мен енді осы орынға Зауытбек Тұрысбековты ұсынғым келеді. Тәуелсіздік жылдары үдерінде менің тапсырмаммен талай жауапты қызметтері атқарды. Ысылған, тәжірибелі. Кезінде қазақтың көші-қон демография агенттігін де басқарды. Облыста әкім, Ішкі істер министрі болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарды. Ең негізгісі сол, қандастарымыз ең көп тұратын Ресей мен Өзбекстанда елші болды. Олардың жағдайын жақсы біледі",– деп дәйектеді президент.

Бұған дейін "Нұр Отан" партиясының хатшысы болған Зауытбек Тұрысбеков сенімнен шығуға уәде етті. 

"Сенім артқандарыңызға көп рахмет! Бұл қызмет әр қазақ үшін бөлек дүние. Мен көп сөйлемейін. Істің жайын жақсы білем. Барлығын іспен ғана дәлелдегім келеді", – деді ол.

Зауытбек Тұрысбеков Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметіне жаңа леп, тың серпін әкелуге тиіс. Бұл құрылымға елбасы жаңа тұрпатты міндеттер жүктеді: қауымдастық енді шетелдегі қазақтар арасынан дарынды жастарды және әлемге танымал ғалымдарды Қазақстанға тартуға, сондай-ақ әсіресе, дамыған елдердегі қалталы әрі іскер қазақ қандастарымызды Атамекенге инвестиция тартуға, елімізде бизнес ашып, өндіріс орындарын құруға ынталандыруға тиіс.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу