Жаһан жұртшылығы Израильге сенуін қоя бастады

2290

Батыс та бұл елдің дәйектемелері мен ақпараттарына күмәндана қарайды.

Жаһан жұртшылығы Израильге сенуін қоя бастады Фото: uanews.net

Батыстық ақпарат құралдары Газа аумағындағы "Шипа" (арабшасы Шифа) ауруханасының астында террористік инфрақұрылымның барын дәлелдеуге тырысқан Израильдің деректеріне шүбәланып отыр. Мұны израильдік журналистер жазуда.

Мысалы, кеше түнде Израиль аталған мекеменің астында болуы мүмкін лаңкестер туннелінің схемасын таратты.

Сонымен қатар аурухананың астындағы орынжайлардың желісі қандай күйде екенін баяндады. Палестиналық медұйымның ауласын израильдік әскерлер бульдозерлермен қопарып, астын үстіне түсіріп жатыр. Израильдің сендіруінше, аурухананың астында ауданы 300 метрден асатын жерасты паналары бар, онда ұзақ уақыт өмір сүріп, жасырынуға болады. 

Inbusiness.kz сайты таяуда сарапшылардың тіпті "Шифаны" украиналық "Азовстальмен" салыстыра бастағанын жазған болатын.

Бірнеше апта шабуылдағанымен әзір израильдік әскер "Шипа" ауруханасын толығымен өз қолына көшіре алмады. Тіпті кешеннің басып алған бөлігінің жерасты бөлмелерінің көбін негізінен роботты техника көмегімен қашықтан зерттеуде. Оларға солдаттарды аттандырса, тұзақ бомбалар болуы, олар жарылуы мүмкін деп қорқады.

Қалың есікті қашықтан жарған израильдік әскерилер оның ар жағында аурухананың жерасты орынжайларының желісін анықтады.

Израиль спикері Данийль Хагари шағын видеоролик жазып ұсынды.

Одан көрінгендей, жерасты дәліздері тым тар болып шықты.  Үлкен жәшіктерді тасу түгіл, екі адам қатар жүре алмайды екен. Шағын шахтаға бұралмалы баспалдақ қана сыйыпты.

Видеодан тек шағын асүйді, әжетхананы, төсектері бар бөлмені байқауға болады. Бөлмелердің бірі кәдімгі мектеп оқушыларына арналған орынжай болып шықты. Онда мектептің ескі үлгідегі жасыл тақтасы ілінген.  Шағын бөлменің тұтас қабырғасын алып тұр. Қарсы қабырғаға ағылшын тілі грамматикасының схемасы ілініпті. Яғни, әзірше бұл панажайлар лаңкестердің орталық нысанына тіпті ұқсамайды.

Аурухананы әуеден бомбалап, оған жерден шабуылдап жатқан израильдік тарап "Шифа" – Хамастың штаб-пәтері және оның лидерлерінің панасы" деп бүкіл әлемді сендіріп, бағуда.

Оның мәлімдеуінше, аурухана астында Хамастың қару қоймалары, басқару және бақылау жүйелері және басқасы орналасқан-мыс.  

"Шифа ауруханасы – бұл террордың жүрегі" деп мәлімдеп тастады ақпарат құралдарына таяуда Израильдің оңтүстік округі қолбасшылығының аға офицері.

Жерасты туннелдерін қуатпен қамтитын тұтас энергоблоктар болуы ықтимал деген болжам айтылды. Бұл тұспал ақталмай тұр. Израильдік әскерилер кіре алған жерасты панажайлары "Шипа" ауруханасының өзінен жарықтандырылған, содан электр сымдары тартылған болып шықты. Автономды қуатпен жабдықтау жүйесі табылмаған.

Осы орайда Израильдің бұрынғы басшысы әлемдік қоғамдастықты елең еткізген тосын мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, әскерилер телеарналардан паш етіп жатқан "лаңкестердің панажайларын", "аурухана астындағы Хамастың бункерлерін" кезінде Израильдің өзі салған. Бұл сенсациялық мәлімдеме батыстық аудиторияны айран-асыр етті.

Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Барак америкалық CNN телеарнасының жүрізушісі Кристиане Аманпурға (Christiane Amanpour) сұхбатында Газадағы "Шифа" ауруханасында Израиль "әшкерелеген" "лаңкестердің бункерлерін" шын мәнінде өздері тұрғызып, жасақтағанын мәлімдеді.  

Барактың бұл сөзі студияда дүрбелең туғызды. Содан бұл ақпараттан шалқасынан түсе жаздаған Кристиане Аманпур Израильдің бұрынғы басшысынан: "Сіз бұл айтқаныңызға толық сенімдісіз бе?" деп нақтылай түсті. Саясаткер өз ақпаратын қайталап растады.

"Шифа ауруханасын да, оның астындағы бункерлерді де израильдік мердігерлер салды. Ол кезде бүкіл Газа аумағы да, соның ішінде "Шифа" ауруханасы да Израильдің бақылауында болды. Бұл жерасты бөлмелерін салудағы мақсат – ғимараттың пайдалы алаңын ұлғайту болды", – деді Эхуд Барак.

Израильдік "Detaly" басылымы Барактың сөзі шын екенін хабарлады. Шынында, ол ешқандай құпияны ашпапты. Бұл туралы израильдіктер бұрыннан хабардар екен. 

"Израильдіктер "Шифа" ауруханасы туралы өте көп нәрсені біледі. Өйткені аурухананы да Израиль салып, өзі толық жабдықтады. Кейін қайта салып шықты. Ескі "Шифа" бастапқыда бұл аумақ британдық иелікте болған заманда бой көтерген. Бірақ 1980 жылдары израильдік тарап оны кеңейтіп, палестиналықтардың қажеттіліктері үшін қайта салды. Алты күндік соғыстан соң, аурухананың тізгінін израильдік басшылық өз қолына алды", – деп жазды израильдік басылым.

Сонда, 1980 жылдары израильдік Қоғамдық жұмыстар басқармасы Тель-Авивте жұмыс істейтін израильдік Циппер мен Идельсон сәулет компаниясын жалдады. Компания заманауи аурухана кешенінің жобасын жасап, тұрғызды. 

Яғни, сарапшылардың пікірінше, бұл ауруханада Хамас анау айтарлықтай құрылыс жұмыстарын жүрізбеген.

Израильдік басылымның мәліметінше, қазіргі кезде паш етіліп жатқан жерасты қабатын да израильдік инженерлер жобалапты. Оны 2007 жылдан бері Хамас өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін деген жорамал бар.

Қалай болғанда, Израиль тарапының бұл ақпаратты жасырып, аурухананың жерасты қабатын Хамастың өзі салып, жабдықтағандай етіп көрсетуге тырысуы халықаралық қоғамдастықты тіксінтіп отыр.

Осының алдында Израильдің Президент Ицхак Герцог BBC-ге сұхбатында Израиль әскерилері Газадағы ғимараттардың бірінде Гитлердің кітабының араб тіліне аударылған нұсқасын тауып алғанын мәлімдеді. Оны пропагандалық видео түсіру үшін әскерилердің өзімен бірге ала бармағанына кепіл бар ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу