Жалғыз үйден үміт үзілді: Павлодарлықтар бағдарлама игілігін көре алмай жүр

Облыста "7-20-25" бағдарламасымен сатылатын бірде-бір баспана жоқ. 

Жалғыз үйден үміт үзілді: Павлодарлықтар бағдарлама игілігін көре алмай жүр

Павлодар облысының орталығындағы Сарыарқа шағын ауданында құрылысы басталған көпқабатты тұрғын үй "7-20-25" бағдарламасы арқылы сатылымға шығарылуға тиіс еді. Алайда құрылыс аяқталған тұста оны "Шаңырақ" бағдарламасымен кезекте тұрған тұрғындарға беру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Алюминстрой шағын ауданындағы ескі екі қабатты үйлердің орнына бой көтерген бұл баспананың құрылысына "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы 2020 жылы іргетасы қаланған баспананы қолданысқа беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Оған құрылыс материалдарының қымбаттауы, жобаға өзгерістердің енгізілуі себеп болды. Биыл да сәуір айында тиісті құжаттың барлығы ресімделіп, "7-20-25" бағдарламасы арқылы сатылымға шығару жоспарланған еді. Тіпті, Павлодар қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі пәтер алудан үмітті азаматтардан өтініш қабылдау үшін арнайы сайт дайындауға кірісіп кетті. Алайда соңғы мезетте жоспардың барлығы өзгеріп шыға келді. 

"Тұрғын үй құрылысы басталған кезде "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған баспаналарды "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасы арқылы беруге болады деген норма болған. Бірақ оған өзгерістер енгізіліп, қарызға алған қаражатқа салынған үйлерді екінші деңгейлі банктер арқылы сатылуға шектеу қойылды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ережесі егжей-тегжейлі жазылған ресми хатты жолдады. Сондықтан бұл үйді тек "Шаңырақ" бағдарламасы аясында пәтер кезегінде тұрған азаматтарға беруге болады", – дейді Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Асқар Ажмұрат. 

Бұл жаңалық ел арасында тарағаны сол еді, көпшілік тарапынан наразылық қарша борады. Себебі №39 үй – Павлодар облысында тиімді мемлекеттік бағдарлама арқылы алуға болатын жалғыз баспана еді. Сондықтан оның құрылысы аяқталатын күнді жарты жылға жуық уақыт күткен азаматтар жетіп артылады. 

"Бүгінгі нарықта екі бөлмелі пәтерлердің бағасы 18 млн теңгеден басталып, 30 млн теңгеге дейін жетеді. Ал жаңа үйдегі пәтердің бір шаршы метрі – 160 мың теңге. Яғни, екі бөлмелі пәтерді шамамен 9 млн теңгеге алатын мүмкіндік болды. Сондықтан барлық жиған-тергенімізді осы баспананың бастапқы жарнасы ретінде салып, 25 жылға дейін 7 пайыздық мөлшерлемемен аламыз деп ойлап едік. Екінші деңгейлі банктердің өз ипотекалық бағдарламасы арқылы пәтер алуды қаласақ, несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі шамамен 20 пайыз болады. Осылардың барлығын ескере келе, "7-20-25" бағдарламасын таңдадық. Алайда биліктің соңғы шешімі кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Сонда әкімдіктегілер әу баста бұл үйдің мемлекеттік бағдарламаға жатпайтынын білмеген бе?", – дейді Павлодар қаласының Жоламан есімді тұрғыны. 

Айнұр Сәдуақасова да осы үйден пәтер алар сәтті тағатсыздана күтіп жүрген еді. Енді оның үміті әп-сәтте үзілді. 

"Біз отбасымызбен пәтер жалдап тұрамыз. Үш баламыз бар. Ай сайынғы пәтер ақысы 100 мың теңгеден асады. Мұндай соманы біреуге бергенше өз пәтеріміздің ипотекасын төлейік деген оймен №39 үйден баспана алуға құжаттарды жинап, ыңғайлап жүрген едік. Төлем қабілеттілігін растау сатысы ғана қалды. Бірақ соңғы мезетте бізді ысырып қойып, үйді "Шаңырақ" бағдарламасымен бермекші болып отыр. Көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға 5 пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға дейін үлестіріп бермек. Бастапқы жарна ретінде 10 пайызын төлесе болғаны. Сонда біз ше? Он екі мүшесі түгел, ел қатарлы еңбек етіп жүрген, алайда сол жалақысы пәтер ақысынан аспай жүрген, екі-үш баласы бар отбасылар қайтпек сонда? Әлеуметтік осал топтарға үй берсін, оған еш дауым жоқ. Бірақ бұл санатқа жатпайтын біз сияқты қарапайым отбасыларға жалғыз баспананы артық көргені жанымызға қатты батты", – деп ашынады ол. 

Шынымен облыста "Шаңырақ" бағдарламасы арқылы сәуір айынан бастап екі үй сатылды. "Отбасы банк" АҚ барлығы 180 пәтерді тұрғын үй кезегінде тұрғандарға тиімді тетіктермен үлестірді. Жалпы қазір Павлодар қаласында 16 мыңға жуық адам баспана алуға үміттілер ретінде әкімдіктің есебінде тұр. Ал "7-20-25" бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда бірде-бір баспана берілген жоқ. Жақын уақытта да берілмейтін сыңайлы. 

"7-20-25" бағдарламасы арқылы сатылымға шығарылатын баспана әзірше болмайды. Себебі бағдарлама талабына сәйкес, жаңа үйлерде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуі керек. Қазіргі кезде жеке құрылыс компанияларының барлығы дерлік мұндай жұмыстарды жасамайды. Оны пәтер иелерінің қарауына қалдырады. Сонымен қатар бағдарлама шарты бойынша, пәтер бағасы 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Ал жекеменшік кәсіпорындардың белгілеген бағасы одан анағұрлым жоғары. Сондықтан мемлекеттік бағдарламаға сай келер үйлер жоқ", – дейді құрылыс бөлімінің басшысы. 

Демек әлеуметтік осал топ санаттарына жатпайтын, бірақ ай сайынғы еңбекақысы пәтер алуға жетпейтін көпбалалы емес, жас отбасыларға мемлекеттік бағдарламаға иек артудың қажеті жоқ. 

Құндыз Қабылденова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу