Жамбылда 156 мыңнан астам азаматтың медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі анықталмаған

974

Жалпы өңірде сақтандырылмаған тұрғындар саны 279 043 адамды құрайды.

Жамбылда 156 мыңнан астам азаматтың медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі анықталмаған Фото: inbusiness.kz

Жарна төлемей жүргендердің 42446-сы жалдамалы жұмыскер, 6451-і жеке кәсіпкер. Ал 6185 тұрғын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша қызмет көрсететіндер.

"Облыста сақтандыру жарнасын төлемеген 156 мыңнан астам тұрғынның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі анықталмаған. Олар соңғы 12 ай ішінде жарна төлемеген", - дейді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетова.

Сақтандыру жүйесіндегі түйткіл де осы жерден туындайды. Егер тұрғындардың МӘМС жүйесіндені мәртебесі анықталса, арнайы 15 санаттың біреуіне жатқызылса, оларға ай сайынғы сақтандыру жарнасы мемлекет есебінен төленеді. Ал қорда қаржысы бар азаматтарға медициналық көмек кедергісіз көрсетіледі.

Медицина ғылымдарының кандидаты, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымованың айтуынша, елімізде арнайы 15 санатқа енгізілген 11 миллионнан астам тұрғындарға ай сайынғы сақтандыру жарнасын мемлекет төлеп отыр. Оларға МӘМС жүйесі бойынша тиісті медициналық көмек көрсетіледі. "Бірақ бұл жерде тағы бір шетін мәселенің шеті шығып тұр", дейді депутат.

"Заң бойынша осы әлеуметтік қорғалған топтағы азаматтарға орташа айлық көрсеткішінің белгілі бір пайызы көлемінде аударылуы керек болса, оларға медиандық жүйе бойынша төленіп келеді. Бұл белгіленген мөлшерден де аз", - деп түсіндірді Гүлдара Алданышқызы.

Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда МӘМС төңірегінде дау көп. Сақтандыру жүйесі бойынша жарна төлемегендер ақылы орталықтардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал жүйе бойынша қызмет алуы үшін жарна төлеуі тиіс.

"Бұрын медициналық ұйымдарға қайырылған азаматтар МӘМС жүйесіне тіркелмеген болса, тіркеліп, тиісті көмек алуы үшін өткен жылғы төленбеген жарнаны да төлеуі тиіс болатын. Бұл қарапайым азаматтарға қиын соқты. Сондықтан біз осы проблеманы көтердік. Қазір жарна төлеудің талаптары өзгерді. Ендігі жерде емделуші жарнаны тек алдағы жылға төлеп, медициналық көмекті алады. Халыққа қолайлысы осы", - деп түсіндірді Гүлдара Алданышқызы.

Айта кету керек, Жамбыл облысы халқының 77,2 пайызы медициналық сақтандырылған. Медициналық ұйымдарға тіркелген азаматтар саны  1 169171 болса, 52043-і әлі емханаларға да тіркелмеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу