Жамбылда жарылыстан да басқа ірі проблема бар

7498

Құрғақшылықтан зардап шеккен өзге өңірлерді жарылқаған Үкімет Жамбыл өңірін шөміштен қақты.

Жамбылда жарылыстан да басқа ірі проблема бар

Биылғы жылы өзге өңірлер қатарында жамбылдық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер де құрғақшылықтан қиындық көруде. Дәл қазір Министрлер кабинетінің биік лауазымды шенеуніктерінің үлкен бөлігі осы өңірде жүр. Бірақ олардың Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында болған жарылыстың зардаптарын жоюдан басқаға мойын бұруға мұршасы жоқ көрінеді.

Жамбыл облысының жерінде де, бюджетінде де – қуаңшылық

Расында, Жамбыл облысына елордадан суыт аттанған, вице-премьер Роман Скляр бастаған ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрамындағы ірі шенділердің жарылыс орнындағы жұмысы бастан асады: Президент қойған тапсырмаларға сәйкес, олар ауыл тұрғындарын өз үйлеріне қайтаруы, төтенше жағдайдың салдарын жоюы, қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету шараларын қабылдауы, оқыс оқиғаның мән-жайын, кінәлілерді анықтауы, ол қайталанбауы үшін кешенді жұмыс жоспарын пысықтауы және басқа да істерді тындыруы шарт. Облыс әкімдігі де осы жұмыстарға жұмылдырылуда.

Бұл жұмыстар қатарына басқа бір апаттан – табиғи апаттан жапа шеккен ауыл тұрғындарына, мал шаруашылығы кәсіпорындарына қолдау көрсету кірмейді.

Қынжылтатыны сол, ауыл кәсіпкерлері мәселесін шешуге ықпал ететін меморганды таппай, сергелдеңге түсуде: шенеуніктер мен әкімқаралар "сен салар да, мен салар" деп бір-біріне сілтейді.

Алапат жарылыстан бұрын, биылғы 4 тамызда өндірушілер облыс басшысына ұсақ мал және жылқылар үшін жемазықтың құнын арзандатуды сұрап, жүгініпті. Жергілікті әкімдік бұл ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне сырғытқан. Ал ауылдықтарға жолдаған жауап хатында АШМ жемазықты дайындау және сатып алу шығындарын субсидиялау туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайтынын айтып, жалтарған. 

"Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдері жергілікті бюджеттерінен әрқайсысы 2 миллиард теңгеден қаражат бөліп, құрғақшылықтан қиналған тұрғындарына көмектесіп жатыр. Ал біздің әкіміміз үнсіз отырды. Қуаңшылық Қазақстанның бүкіл оңтүстігі мен батысындағы фермерлерге бірдей залал келтірді емес пе! Біздің әкімдік осының алдында 2019 жылы да, 2020 жылы да бұл бағытта ешқандай қаражат бөлмеді. Өзге әкімдер өз өндірушілеріне қамқорлық жасап, нақты іс тындырып жатыр. Ал Жамбыл облысы болса, мал үшін жемазық дайындау мен сатып алу шығындарын субсидиялауға бірде бір рет қаржы бөлген емес", – дейді жамбылдық ауыл кәсіпкері Серік Тоқтаев.

Билік не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында" жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен "ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуға субсидиялар беру" қарастырылған. Яғни, фермерлердің жемазыққа жұмсаған шығындарының бір бөлігін әкімдік бюджеттен өтейді.

"Тиісінше, жемазықты дайындау және сатып алу шығындарын өтеу туралы шешім жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қабылданады. Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен резерв үшін қосымша қаражаттар әзірге бөлінбеген. Өз кезегінде министрлік 2021 жылы мал шаруашылығын субсидиялау үшін өңірлердің қосымша қаржыға деген қажеттіліктері тізімін қалыптастыруда. Ары қарай ол тізім Қаржы министрлігіне бағытталады", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Жамбыл облысының әкімдігі жергілікті бюджетте ақша жоқтығын алға тартты.

"Жамбыл облысының 2021 жылғы бюджетінде тисті қаражаттардың болмауы себепті ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуға субсидиялар қарастырылған жоқ. Өңірде биыл құрғақшылық орнап, салдарынан облыста жемазықтың тапшылығы туындады, оның бағасы күрт көтерілді. Осы қалыптасқан жағдайға байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы АШМ-ге Үкімет резервінен 1,2 миллиард теңге бөлу туралы бюджеттік өтінім жіберді. Ол қаражат жемазық сатып алу құнын өтеуге жұмсалар еді", – деп мәлімдеді өңір әкімдігі.

Жамбыл облысының бюджеттік өтінімі әзірге Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауында жатыр. Қаржы министрлігінің ол өтінімді мақұлдар-мақұлдамасы белгісіз.

Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімдігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өңір бюджетін қайта қарап, одан осы мақсатқа ақша табу мәселесін қарастыруда екен. Жарылыс қосымша салмақ түсірген шақта басыартық қаражат оқиға зардаптарымен күреске жұмсалып, қуаңшылықтан зардап шеккен ауыл шаруашылығы өндірушілері тағы қалыс қалуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Фото: Ullica.ru
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу