Жаңа 1000 мектеп тапшылықты жоя алмайтын түрі бар

4051

"Бэби-бум" билікті алда жаңа бағдарлама әзірлеуге мәжбүрлеуі мүмкін. 

Жаңа 1000 мектеп тапшылықты жоя алмайтын түрі бар

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында алдағы 5 жылда 1 миллион оқушы мектепке сыймай, сыртта қалуы ықтимал екенін білдірді.

"Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын 1 мыңға жеткізуді міндеттеймін", – деді ол.

БҒМ және Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, осы 1000 мектеп оқушы орнының жетіспеушілігі мәселесін шешуге тиіс, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Біріншіден, Мемлекет басшысы 800 мектеп салуды 2019 жылы тапсырған болатын. Бұл мектептер содан бері тұрғызылуда және жаңа мектептер іске қосыла сала оқушыларға толып қалуда. Енді осы санды тағы 200 мектепке ғана өсіру туралы сөз болып отыр.

Осылайша, 2019–2025 жылдар аралығында, яғни 7 жыл ішінде мың білім ордасы қолданысқа беріледі.     

Осы орайда мына статистикаға назар аудара кеткен жөн. 2014/2015 оқу жылында мектептерге 2 685 063 бала барыпты. Келесі 2015/2016 жылы бұл сан 2 799 585 балаға дейін артты. Ары қарай оқушылар қатары 2016/2017 оқу жылында 2 930 583-ке дейін көбейсе, келесі 2017/2018 оқу жылында – 3 050 770-ке, 2018/2019 жылы – 3 186 234-ке, 2019/2020 жылы – 3 337 783-ке, ал 2020/2021 – 3 481 347 балаға дейін артты.

Басқаша айтқанда, өткен жеті жыл ішінде оқушылар саны шамамен 800 мың (796,3 мың) балаға өсті.

Қазіргі кезде елде "демографиялық дүмпу" орын алуда. Жыл сайын 400 мыңнан астам бөбек өмір есігін ашады. Демек, 1 мың мектеп салынып жатқан кезеңде туған балалар саны да арта бермек. 

Екіншіден, бұған қолданыстағы тапшылық қосылады. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2021/2022 оқу жылында еліміздегі мектептердің небары 26%-ы ғана оқу үрдісін бір ауысыммен ұйымдастыра алған. Бұл – дамыған елдердің үлгісі. ЮНЕСКО-ның және халықаралық ұйымдардың көмегімен тіпті Африка елдері екі ауысымды білім беруден бас тартуда. Себебі, мектептен балалардың кеш қайтуы қылмысты өршітеді.

Алайда Қазақстанда мектептердің басым көпшілігі екі ауысыммен, шамамен 191-і – үш ауысыммен оқытуға мәжбүр. Ақпараттық-сараптамалық орталықтың дерегінше, былтыр 277 мың оқушы үшінші ауысыммен білім алған. 

Үкіметтің дерегінше, 2025 жылға дейін ел игілігіне тапсырылатын 1 мың мектептің әрқайсысы шамамен 1 мыңға дейінгі оқушылық орыннан тұруы мүмкін (800 балаға да арналуы мүмкін). Бұл 1 миллиондай ғана жаңа оқушылық орын деген сөз.

Егер елдегі демографиялық өрлеу жалғасса, ал білім ордаларының құрылысы мың мектеппен шектелсе, бұл салада қайтадан тапшылық туындауы ықтимал.

Әкімдіктердің әлеуеті – дәретхананы сыныпқа айналдыру

Үшіншіден, 1 мың орта білім ұйымын 7 жылға бөліп тастаса, мардымсыз ғана сан шығатын көрінеді: жылына шамамен 142 мектеп. Бұл ретте 2020 жылы Қазақстанда 425,6 мың бала дүниеге келген. 2026 жылы шамамен осынша бала бірінші сынып табалдырығын аттайды.

Liter.kz газетіне берген сұхбатында Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Құралай Исаева елде біраз жылдан бері жаңа мектептер салу қарқыны тек азаюмен келгеніне назар аудартады.

"2016 жылдан бері тұрғызылған мектептер саны 57%-ға немесе 2016 жылғы 89-дан 2021 жылы 51 мектепке дейін азайып кетті. Бұл мектептер бар-жоғы 208 мыңдай ғана оқушылық орынды қамтамасыз етті. Яғни, қазіргі кездегі қажеттіліктен 2,5 есеге кем. Бүгінде 500 мың орын жетіспей тұр", – дейді сарапшы.

Төртіншіден, жыл сайын апатты жағдайға жеткен мектептер істен шығып жатыр. 2016 жылдан 2020 жыл аралығында 211 мектеп апатты деп танылып, жабылған. Салдарынан, мектептегі орынға зәру оқушылар саны арта түседі.

Соның кесірінен, мысалы, Түркістан облысындағы Келес ауылында 600 орындық мектепте бір мыңдай бала оқуда. Сыныптарды кез келген орынжайда, тіпті дәретханада орналастыруға тура келген!

Бұл туралы хабарлаған Түркістан облысы әкімнің орынбасары Сәкен Қалқаманов бұған таңғалмай, қалыпты жағдай деп қабылдау керектігін білдірді.

"Келесте балалардың бейімделген бұрынғы әжетханада оқитыны бейнежазбаға түсіріліпті. Содан оларда мүлдем дәретхана қалмағандай сезім туады. Мүлдем олай емес. Өткен жылы осы мектепке арнап үлкен модульді туалет тұрғызылды", – деп "сүйінші" сұрады әкімнің орынбасары.

Оның мәліметінше, балалар экс-дәретханада алты жылдан бері оқуда: 2015 жылы мектептің барлық орынжайларын бала оқытуға беру туралы шешім қабылданыпты. Себебі, балалар саны мектептің жобалық сиымдылығынан 2 есе асып түскен.

Тапшылықты толыққанды онлайн оқу шешер еді

Алматы мегаполисінің түбінде орналасқан, бірақ Алматы облысының Қарасай ауданының Іргелі ауылына қарасты "Асыл арман" тұрғын үй алабының тұрғыны Диас Жүністаев оқу орнының тапшылығына шағымданады. Бұл тұрғын үй алабында шамамен 20 мыңдай халық тұрады. Тұтас қалаға айналған.

"Бізде әлі күнге дейін мектеп жоқ. 5 жылдан бері мектеп салынады, орны дайын деумен келеді. Биыл сол мектептің орнында қазу жұмыстары басталды, қуанып қалдық. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады, сол қазылған күйде жатыр. Балалар 3 шақырым жерде орналасқан Кемертоған мектебіне барады. Екі ортада қоғамдық көлік жүрмейді. Мектеп автобусы да жоқ еді, "Асыл арманның" белсенділері жүгіріп жүріп, әкімдіктен автобус бөлгізді. Осылайша, 4–5 жыл мектепке автобуспен қатынаймыз. Бірақ ол бірде болса бірде жоқ: не сынады, не жүргізуші іздеп жатады. Салдарынан, балалар не сабақтан қалады, не кешігеді", – дейді тұрғын.

Оның айтуынша, жалғыз автобусқа балалар тығыздалып мінеді.

"Кешке баланың заттары жоғалып келеді, сығылыстан киімдері жырымдалып, жыртылып, ластанады. Осыны көріп тұрса да әкімдік мән бермейді: автобус саны артпады, қатынасы жиілемеді. Бала жаяу барайын десе, жақын емес, жолы қауіпті. Жаяуларға арналған жол жоқ, көлік трассасын жағалау керек. Оның үстіне жол зираттардың жанымен өтеді, тура емес, айналма жол. Болмаған соң такси жалдаймыз. Таксистер бағаларын 2 есе көтеріп жіберді. Бұрын бір көлікті 6-7 мыңға жалдайтынбыз, енді 12–15 мың теңгеден сұрайды", – дейді Диас Жүністаев.

Ол пандемияның бастапқы кезеңінде шамалы уақытқа болса да онлайн оқу осы мәселені шешіп бергенін жеткізді. Бірақ жаңа оқу жылында ел дәстүрлі оқуға көшкелі проблема қайта бас көтеріпті. Сондықтан тұрғындар елде онлайн оқуды енгізуді, немесе барлық оқушыны мектеп автобусымен тезірек қамтуды сұрайды.

Расында, тапшылық күшейген шақта мәселені толыққанды, жан-жақты жүргізілетін онлайн оқыту шешер еді. Мысалы, үшінші ауысым орнына елде түстен кейін жаппай қашықтан оқытуды енгізсе, мектептер мен педагогтер мейлінше көп баланы қамти алар ма еді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу