Жаңа Астана ескірді, орнына жаңасы салынатын болады

15843

Елордада 13 Монако мемлекеті сыйып кететін ауқымды территорияда қарқынды сүру жұмыстары жүргізілмек.

Жаңа Астана ескірді, орнына жаңасы салынатын болады Фото: inbusiness.kz

Биылғы 11 шілдеде өткен елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы бас қаланың дамуына қатысты аса ауыр сын айтты. Әсіресе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылыс сапасына көңілі толмады. Президенттің айтуынша, "бұл салада олқылықтар өте көп". Оның үстіне бұрынғы әкімдер "жекелеген құрылыс компанияларының мүддесіне басымдық" беріп келген. Қаланың оң жағалаудағы орталығы дамымай, "трущобалар" мен "фавелаларға" айналып кетті.

Осы қатаң сын Астана әкімдігін "Астана қаласының тұрғын үй қорын реновациялаудың және модернизациялаудың 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын" әзірлеуге итермеледі. Оның жобасы қоғамдық талқылаудан өтті. Пысықтаудан соң Үкіметтің қарауына енгізілуге тиіс.

Құжат қабылданса, бас қаланы ғаламат жаңғыру күтіп тұр. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жазған түсіндірме жазбасында Астана әкімі І кезеңде, яғни 2025 жылға дейін – 730 гектар, ІІ кезеңде немесе 2035 жылға дейін – 1 362 гектар, ал қорытынды ІІІ кезеңде, тиісінше 2050 жылға шейін – қалған 490 гектар территорияда ескі ғимараттар жаппай күресінге кететінін мәлімдеді.

Осылайша, ғасыр ортасына дейін Астанада 2 582 гектар аумақта жаңа қала пайда болады. Бұл – шамамен 13 Монако немесе 58 Ватикан мемлекеті сыйып кететін территория.

Егер жарға жығылмай, табысты жүзеге асырылса, алдағы жаңғырудың ауқымын мынадан да ұғынуға болады. Елорда көшірілгелі, яғни 1997 жылдан ескі қала маңында, Слободкада, Кенесары көшесінде, Комсомольский кентінде және басқа аумақтарында саяжайлар мен тұрғын үйлер бұзылды. Өткен кезең ішінде барлығы 2 280 гектар аумақта объектілер күресінге жіберіліпті. Олардың орнында жаңадан 5,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Енді бұдан да көп аумақ жаңғыруға ілігіп отыр.

Бірақ бұл үшін қала бұрынғыдай, Ұлттық қорға да, республикалық бюджетке де қол салмайды. Әкімдік тұрғын үйді реновациялау жобалары жергілікті бюджет қаражаты және өзге көздер есебінен қаржыландырылатынына уәде етті. Мысалы, МЖӘ тетігі арқылы жеке инвестициялар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, қаржы институттарының қаражаты жұмылдырылады. Әкімдік бағалы қағаздарын сатып, биржадан қаржы тартуға, жер телімдерін, тұрғын үйлерді және коммерциялық орынжайларды сатып, кіріс табуға ниетті.

"Қалалық аумақты реновациялау жобасында білім беру, яғни мектептер, балабақшалар, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, демалыс объектілеріне, көгалдандырылған аумақтарға деген қажеттілік ескеріледі. Бұл нысандар тұрғындар үшін жаяу жетуге болатын жерде, соңғы 5–7 жылда салынған көп қабатты тұрғын үй кешендеріне жақын маңда тұрғызылады. Жүргізілетін жұмыстардың нәтижесінде қаланың қалыптасқан бөлігінің сәулеттік келбеті өзінің даралығын сақтайды, сонымен бірге заманауи техникалық жарақтандыруға, ал оның халқы – жайлылық-комфорттың заманауи деңгейіне ие болады", – деді әкім Жеңіс Қасымбек. 

Бұрын қала басшылығы сүру жұмыстары жүретін нақты көшелердің тізімін "құпияда" ұстайтын. Салдарынан, бұл инсайд ақпаратты тек әкімдікке сөзі өтетін шенеуніктер, билікке жақын тұлғалар ғана біліп, олар сол аумақтағы баспана мен басқа нысандарды арзан бағаға көтеріп сатып алатын.

Артынша оның бәрін мемлекетке қымбатқа өткізе қояды. Саяжай иелерінің ұзақ жылғы қарсылық акциялары мен табанды талаптары ақыры нәтиже беріп, заңнамаға өзгерістер енгізілді: әкімдік енді жер телімдерін кадастрлық емес, нарықтық құнымен сатып алуы шарт. Сөйтіп, әлгі мәліметтер аз шоғыр адамды байытатын құралға айналды.

Бұл жолы Астана әкімдігі алдағы екі жылда қаланың қай бөлігі күресінге жіберілуі мүмкін екенін ашып айтып, тізімін жариялады.

Оған сәйкес, 2025 жылға дейін ескі нысандарын тегіс сүруге ұсынылған 730 гектар аумаққа:

  • Асан қайғы көшесі (Алаш тас жолынан Ж.Тәшенов көшесіне дейін,
  • С.Сейфуллин және Кенесары көшелерінің бойы;
  • Бейсекова көшесінің бойындағы территория (С.Тюленин тұйық көшесінен Ш.Қосшығұлұлы көшесіне дейін),
  • Потанин көшесі,
  • Бөгенбай батыр даңғылы,
  • Күмісбеков көшесі,
  • Кіші айналмалы жолды аяқтау үшін қажетті территория – С-613 көшесінен Алаш тас жолына дейін Ақжол көшесінің бойы,
  • Ш.Бейсекова, Ш.Қосшығұлұлы, Кенесары көшелері, Қорғалжын тас жолы, Есіл өзені арасындағы территориялар және басқа аудандар кірді.

Жалпы, осы аумақтардың біразы бұрынғы бағдарламаларға да кірген. Мәселен, Астана қаласы әкімдігі 2018 жылғы 30 мамырда "2030 жылға дейінгі перспективамен 2023 жылға дейін бекітілген игеру шекарасындағы орамдарды бөле отырып, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды және тұрғын үйді кезең-кезеңмен бұзуды қамтамасыз етумен, жинақы құрылыс жөніндегі бағдарламалар кешенін", тиісті қала құрылысының жобасын, соның ішінде реновациялау бағдарламасын әзірледі. Бірақ содан бері Астананы жаңарту шаралары дағдарып, әсіресе, Алтай Көлгінов тұсында жоба-жоспарлар жайына қалды. Бұл туралы Inbusiness.kz сол кезде сынап, жазды. Тоң енді жібиді деген үміт бар.

Нақтыласақ, іске аспай қалған бұрынғы бағдарламада бірінші кезекте Асан қайғы көшесі, Алаш тасжолы, С.Сейфуллин мен Кенесары көшелері шекараларындағы жалпы көлемі 148,3 гектар аумақты көнерген ғимараттардан тазалау көзделді.  

Сонда бұл ауданда 1 139 жеке үйді сүріп, 924 жер телімін сатып алу жоспарланды.  

Бұл алаңда 2,9 млн шаршы метрге дейін тұрғын үй және 32,4 мың шаршы метр коммерциялық нысандар, балабақшалар, мектептер, медициналық ұйымдар тұрғызуға болатын еді.

"Бірақ, өкінішке қарай, жүргізілген талдау көрсеткендей, бюджет қаражаты есебінен сүру қарқыны өте төмен. Бұл ретте ескі базар ауданындағы, Асан қайғы, М.Лермонтов, Күлтегін және басқа көшелер бойындағы үйлердің тұрғындарынан көптеген арыз түседі. Олар үйлерді жиі су басатынына, қабырғаларының қирап жатқанына, сыздан тұрғындардың көп ауыратынына және өзге де проблемаларға шағымданады. Бұл жерлер сүрілетін аумаққа жатқызылғандықтан, тұрғындар үйлерін сата алмайды, банктер ипотека бермейді. Қаржыландырудың болмауы салдарынан бұрынғы бағдарлама аяғына жеткізілмеді. Инвесторлар да аталған аумаққа қызығушылық танытпайды", – деп түсіндірді әкімдік.

2018 жылдан бергі 5 жыл ішінде Асан қайғы көшесі бойында, реновациялау жұмыстарының бірінші кезеңінде бюджет есебінен сүрілуге тиіс 1 139 үйдің небары 156-сы бұзылды. Бұл 14%-ы ғана.

Осы босатылатын аумақтарда әлеуметтік объектілер салу жоспарланған еді. Алайда әкімдіктің хабарлауынша, бекітілген бұл жоспарлар да түрлі себептермен толық іске асырылған жоқ.

Сондықтан жаңа әкімнің командасы бұл аумақты ескі-құсқыдан адалап, онда жаңа астаналықтарды орнықтыруға бел буды.

Себебі, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазіргі кезде (2023 жылғы шілдедегі жағдай бойынша) Астана тұрғындарының саны 1 млн 376,5 мыңнан ғана асты. Ал елорданың жаңа Бас жоспарында 2035 жылға қарай Астана қаласының халқы шамамен 2,3 миллион адамды құрайды деп болжанған. Яғни, елорданың 1 миллион жаңа тұрғынын орналастыратын жер керек.

Әкімдіктің дерегінше, қазіргі кезде Астананың тұрғын үй қоры, жеке секторды қоспағанда, небары 3 309 көпқабатты тұрғын үйден тұрады. Оның ішінде көп пәтерлі 175 тұрғын үй көнерді және кем дегенде, күрделі жөндеуді қажет етеді.

Бұдан бөлек, тағы 200 тұрғын үй апатты деп танылған.

Астананың тұрғын үй қорын реновациялау және модернизациялау мембағдарламасы аясында қала барлық апатты үйлерден арылуы шарт. Бұл жоба авариялық жағдайдағы тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, жер учаскелерін сатып алу, сату, нақты бюджеттік өтінімдерді дайындау үшін әкімдіктің қаулыларын қабылдауға жеткілікті негіздеме беретін стратегиялық құжат болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу