Жаңа депутаттар неге жалақысыз жұмыс істеуден басын ала қашты?

8641

Дамыған елдерде депутаттарына жалақы төлемейтін елдер де бар. 

Жаңа депутаттар неге жалақысыз жұмыс істеуден басын ала қашты?

Сайлаудың адал өтпейтінінен әбден зәрезап болған халық биылғы үгіт науқанында әлеуметтік желіде "Бізге депутаттар керек емес" деп түңіле жазып жатты. Қазақстандықтардың тағы бір тобы тосын ұсыныс айтты.

"Кандидаттардың неге сонша қырылысып жатқаны белгілі: қымбат пәтер, салтанатты көлік, жоғары жалақы. Егер депутаттарға жалақы төлемейтін болса, ешкім де бұл орын үшін таласып, тайталасып, жанталасып жатпас еді. Сонда Парламент депутаты болып, халқын, ұлттын шексіз сүйетін, елі үшін күйетін, соған тегін жұмыс істеуге, ғұмырын арнауға дайын адамдар келер еді", – деп біраз адамның ортақ ойын білдірді Жандос есімді пайдаланушы.

Әрине, мұндай жағдайда заң шығарушы билікке оны өз мақсатына пайдалануды көздеген саяси күштер келуі ғажап емес. Мысалы, сарапшылар биылғы сайлау додасына аса ауқатты жат діни ағын өкілдері көп түскенін, тіпті оның өкілдері депутаттық корпусқа өткенін айтып жүр. Олар әрине, депутаттық жалақыға қызықпағаны даусыз.

Дегенмен, қоғам тарапынан бұл мәселе көтерілгендіктен, журналистер сол сұрақты қызметіне кіріскен жаңа депутаттарға қойды. Жасыратыны жоқ, біразы тура жауаптан тайқып кетті. енді бір бөлігі депутаттық пәтерден бас тартуға әзір екенін жеткізді: себебі, онсыз да Астанада кең сарайдай үйі бар. Бірлі-жарымы өз байлығы өз басына жететінін, оның қасында парламентшінің айлығы жұқ болмайтынын ашық айтты.

Бұл популизм емес пе?

Бірден айта кетелік, 2022 жылғы қанды қаңтар оқиғаларынан кейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент депутаттарының, әкімдердің және министрлердің жалақысын өсіруге бес жылдық мораторий жариялады. Бұл шектеу қазіргі жаңа депутаттарға да таралады. "Ақ жол" партиясының тізімімен Мәжіліске қайта өткен және палата төрағасының орынбасары атанған Дәния Еспаева депутаттардың жалақысы 600–800 мың теңге аралығында екенін жеткізді.

Бірақ білуімізше, бұл – қатардағы депутаттардың еңбекақысы. Ал комитет төрағалары, вице-спикерлер, палата төрағасы әлдеқайда қомақты жалақы алатын көрінеді. Сондай-ақ депутаттардың жалақысына ғылыми атағы, комиссия басқарғаны, басқасы үшін үстемеақы қосылады. Нәтижесінде, мәртебесі жөнінен қатардағы әріптестерінен жоғары тұрған басшы депутаттардың табысы бірнеше миллионға жетуі мүмкін.

"Нұр Отан" партиясы атынан 2004 жылдан бастап, 2021 жылға дейін III, IV, V және VІ шақырылымдағы Парламент Мәжілістерінің депутаты болған, араға екі жыл салып, бір мандатты округ бойынша қайтадан Мәжіліс депутаты болып сайланған Нұртай Сабильянов бұл жолы да қатардағы депутат болып қалмай, палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы лауазымын иеленді.

"Жалпы, мен 200 мың теңгеге де, тіпті тегін де жұмыс істеуге дайынмын. Мен бұған дейін төрт рет Парламент депутаты болдым. Соның бірде бірінде қызметтік пәтерде тұрған емеспін. Өйткені менің Астанада да пәтерім бар. Оны кәсіпкер болып жүріп сатып алғанмын. Бизнес объектілердің құрылтайшысы болдым, оларды қазір сенімді басқаруға тапсырып жатырмын, әйелім де, балаларым да жұмыс істейді. Бұған дейін комитет төрағасы ретінде 1 миллион теңгеден жалақы алып отырғанмын", – деді Нұртай Сабильянов.

Биыл құрыла сала Қазақстандағы №3 партияға айналып шыға келген Respublika партиясының басшылығы кілең байлардан тұратыны жасырын емес. Сондықтан болар, партияның жеті төрағасының бірі, Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров өзінің табысты бизнесмен екенін, Парламент депутатының айлығына еш қызықпайтынын хабарлады. Оның үстіне оның өз машинасы мен жүргізушісі бар. Ал қызметтік пәтерді қажет етпейді.

"Мен бірнеше компанияның акционерімін. Парламент және оның депутаттары туралы заңы аясында компаниялардағы үлесімді сенімді басқаруға тапсырдым. Себебі депутаттар шығармашылық және оқытушылық қызметтен басқа қосымша кәсіппен айналыса алмайды. Бірақ маған ол компаниялардан ары қарай да дивиденд алып отыруға еш кедергі жоқ. Тиісінше, одан әрі де мен қаржыдан еш тарықпаймын. Ал депутаттарға төленетін жалақыға иек артпаймын. Өйткені біз Парламентке пәтер, машина сияқты артықшылықтар үшін келген жоқпыз, бұлар менің партияластарымды да қызықтырмайды. Егер заңды тәсілдері болса, онда біз депутаттық айлықтан да, артықшылықтардан да бас тартуға дайынбыз", – деп уәде етті А.Ходжаназаров.

Оның партия бойынша әріптестері, жаңа депутаттар Руслан Берденов пен Олжас Құспеков те журналистерге сұхбатында депутаттық баспана мен көлікке мұқтаж емес екендерін жеткізді.

Депутат Ермұрат Бапи бас тартуға әзір емес, бірақ аз төлесе де, келісуге даяр.

"Депутаттық пәтер болмаса, мен қайда тұруым керек сонда? Далада ма? Мен– алматылықпын. Астанада баспанам жоқ. Жалақыға келсек, "Дат" газетінде мен шамамен 150 мың жалақы алып тұрдым. Ұжымымдағы журналистерге шамамен 100 мыңдай төленді. Ендеше барға қанағат қылуға үйренгенбіз. Қанша төлесе, соған мақұл деймін де, соған өмір сүремін", – деді Е.Бапи.

"Бұл идея депутатты жемқорлыққа итермелейді"

Бірақ жаңа депутаттардың бәріне жеңіл күрсініп, еркін тыныстауына болады. Парламент аппаратындағы дереккөздеріміздің хабарлауынша, бірде-бір депутат жалақыдан қағылмайды, олардың әрқайсысына белгіленген ставкамен лайықты жалақысы толық көлемде және уақытылы төленеді. Бұл үшін қажетті бюджет бөлініп те қойылған.

Осыған қарағанда жаңа депутаттар әлден популизмге ұрынғанға ұқсайды. Сонда сессияны ашқан Президенттің: "Популизмге жол бермеу керек!" деп баса айтқаны жайына қалғаны ма?

Дегенмен, бай, бизнесі бар депутаттар шынымен ел қамын ойласа, онда тұйықтан шығар жол бар: жалақысын толық қайырымдылық істерге бағыттай алады, халыққа таратып отырса да, жол ашық.

Экономист Олжас Құдайбергенов депутаттардың тегін жұмыс істеуі туралы сөзді популизм деп атады.

"Саналы азаматтар мұның жай ғана утопия мен популизм ғана емес, сонымен бірге төтенше зиянды идея екенін түсінеді. Шенеунік сияқты, әрбір депутаттың да базалық қажеттіліктері, отбасы, балалары бар. Оларған қажетті ақшаны ол кез келген басқа жолмен табады: заңды не заңсыз жолмен. Егер оны қажетті табысты заңды, лайықты тәсілмен табу мүмкіндігінен айырса, онда оны кепілдендірілген түрде заңсыз табыс табуға итермелейді. Ал қызметі оған заңсыз баюдың және оның бәрін заңдастырып ала қоюдың мың бір тәсілін ұсынады. Салдарынан, биліктегілердің әйелі, күйеуі, ата-анасы, бауырлары, балалары және басқа туысқандары тосыннан табысты бизнесмен болып шыға келеді", – деді экономист.

Ол бұған дейін байыған, табысты тұлғалар да депутат болып жатқанына назар аудартты. Бірақ оның байламынша, олигархтар Парламентке бармайды.

Оның орнына Парламент соларға келуі мүмкін.

"Өте бай адамдар депутаттыққа қызықпайды. Себебі, олар онсыз да өмірден орнын тапқан, әлеуетін жүзеге асырған. Бұл ретте олар қазірдің өзінде билікке ықпалын жүргізудің қаптаған басқа тәсілдерін жүзеге асырып жатыр. Ендеше Парламентке тек ортанқол бизнесмендер ғана барады. Бірақ оларға ой салғым келеді: егер бизнеспен тікелей өзің айналыспасаң, онда бизнесіңнің жарға жығылып, күйреп тыну қаупі бар. Немесе ол депутат болып жүріп, өз бизнесін ары қарай жасырын түрде ілгерілетумен айналысатын болады. Бұған қоса, оны депутаттық жалақысынан айырса, онда оның бизнесін өзі дөңгеленткеннен басқа амалы қалмайды", – деді Олжас Құдайбергенов.

Сарапшы бар жиған-тергенін, ауқатын депутаттыққа сарп етуге дайын адам барына онша сенбейді.

Швейцария депутаттары қалай тегін істейді?

Жалпы, әлемде депутаттарына толыққанды жалақы төлемейтін елдер де бар. Мысалы, Швейцарияда Парламент депутаттарына шамалы көлемде, 26 мың франк жылдық еңбекақы ғана ұсынылуы мүмкін. Мемлекет депутаттардың жолақысын, қонақүйде тұру ақысын, іссапарлар шығын өтейді.

Swissinfo саяси шолушысы Даниэле Марианидің түсіндіруінше, бұл тәжірибе тарихи қалыптасты.

"Швейцария демократиясының тарихи бір ерекшелігі кәсіби емес парламентаризмге құрылған. Оған сәйкес, биліктің заң шығарушы органы федералдық деңгейде де, өңірлер, кантондар деңгейлерінде де "милициондық принцип" бойынша тек қоғамдық негізде жұмыс істейтін депутаттардан құралады. Осының арқасында Парламент пен депутаттар қоғамнан ажыраған, қарапайым азаматтар үшін қолжетімсіз, жабық саяси класқа айналып кетпейді. Қоғамнан өзін биік қоятын тағы бір саяси элита пайда болмайды. Әр депутат жұртшылықтың арасынан сайланады, заң қабылдаудан басқа кездері халық арасында жүреді", – деді Даниэле Мариани.

Сонда швейцариялық депутат қалай күн көреді? Оған заңмен тыйым салынбаған кез келген жұмыспен айналысуға рұқсат етілген. Швейцарияда Парламент біздегі сияқты бірін-бірі жоққа шығаратын заңдарды қаптатып қабылдап, халықты да, бизнесті де шатастырмайды. Тек керектісін, әр сала сарапшылары әбден пысықтағанын қабылдайды. Сөйтіп, Берндегі Федералдық сарайға ара-тұра сессияға жиналады.

Нәтижесінде, уақытының үлкен бөлігін мал бағып, қи тазалап, не егін салып өткізетін фермер хабар түскенде жиналып, депутат ретінде Швейцария астанасына аттанады. Жоғарғы палата саналатын Ұлттық кеңестегі 200 депутат та, төменгі палата саналатын Кантондар кеңесіндегі 46 депутат та дәл осылай, саясатпен өндірістен қол үзбеген күйде айналысады.

"Швейцария Парламенті өз сессиясына жылына 4 рет жиналады. Әр сессия үш аптаға созылады. Қажетті заңдарды қабылдау үшін осының өзі жеткілікті. Бұдан бөлек депутаттарды қаптаған парламенттік комитетер мен комиссиялар да жұмысқа қатысуға шақыруы мүмкін. Депутаттардың көпшілігі басқа уақытта өзінің қарапайым кәсібімен шұғылданады. Әрине, оларға жалақы төлеу мәселесі арагідік көтеріледі. Бірақ швейцариялық топ-менеджменттің орташа табысы деңгейінде тұрақты жалақы ала бастаса, депутат алдындағы сиырларын сатып, немесе қонақүйдегі менеджер лауазымын тастап, болмаса адвокаттық кеңсесін жауып, өзін қалпымен саясатқа арнауға бел бууы мүмкін. Онда ол халықтан ажырайды, билікпен бірге болады. Бұл заманауи Швейцарияның негізін қалаған арыстарымыздың (отцы-основатели) ұстанымына қайшы болар еді", – деді швейцариялық сарапшы.

Жалпы, депутаттардың жалақысыз жұмыс істеу тәжірибесі қазаққа сонша жат емес. Халқымызда билер билік еткені үшін ақы алмаған, бедел, құрмет үшін қызмет еткен. Тәуелсіздік алғанда 90-шы жылдардың ортасына, яғни Нұрсұлтан Назарбаев қос палаталы қазіргі Парламентті құрғанға дейін қазақстандық Жоғары кеңес те солай жұмыс істеді. Оның депутаттарына жалақы төленбеді: олар бірқатар артықшылықтарды пайдаланатын, пойызда, автобустарда тегін жүретін, қонақүйінің ақысы төленетін. Бірақ қазіргі элита ол деңгейге дейін әзірге көтеріле алмайтын сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу