Жаңа экологиялық әлемге қадам басуға Иран мен Сауд Арабиясы неге қарсы?

810

Жақында климаттық өзгеріс саласындағы тиімділік индексі бойынша халықаралық рейтингтің биылғы көрсеткіштері жарияланды. 

Жаңа экологиялық әлемге қадам басуға Иран мен Сауд Арабиясы неге қарсы? Фото: inbusiness.kz

Нәтиже көңіл көншітпейді. Қазақстан бар болғаны 24,61 балмен соңынан санағанда үшіні орынға жайғасты, бізден кейін дәстүрлі энергия көздерінен бас тартуға мүлдем қарсы Сауд Арабиясы мен Иран тұр.

Демек біз барлық негізгі көрсеткіштер: парниктік газ шығындарын азайту, жаңартылатын энергия көздерін қолдану, климаттық саясат бойынша ақсаңдап келеміз. Мұндай көрсеткіштермен 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына жету қаншалықты мүмкін екендігін анықтау үшін inbusiness.kz тілшісі бірнеше сарапшымен тілдесіп көрді.

Осыдан он жыл бұрын ғана "көміртегі бейтараптылығы" термині белгілі бір ортада ғана айтылса, қазір әрбір екінші халықаралық жыйында тілге тиек болатын, ел құлағында жүрген танымал тіркеске айналды. Оған климаттың күрт өзгеруі, әлемдік жылыну сынды қатерлер әсер етті. Көміртегі бейтараптылығы принципіне сәйкес, әлем елдері парниктік газ шығындарын "нөлдік" деңгейге жеткізуі керек. 2015 жылы әлемнің 197 елі Париж климаттық келісіміне қол қойды, олар 2100 жылға қарай планетаның орташа температурасы индустрияға дейінгі мәндерден 1,5-2°C аспауы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға келісті. Алға қойған мақсатқа жету үшін олар 2050 жылдан кешіктірмей экономика бағытын өзгертіп, қазба отындарын пайдаланудан толығымен бас тартуы тиіс.

Біздің ел де жаһандық бастамадан қалыс қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат еткенін жариялады. Алайда Қазақстанның климаттық өзгеріс саласындағы тиімділік индексі көңіл көншітпейтінін ескерсек, бейтараптылыққа айтылған мерзімде жету мүмкін еместей көрінеді.

Биыл біздің ел халықаралық CCPI 2023 рейтингінде бар болғаны 24,61 балмен соңынан санағанда үшіні орынға жайғасты, бізден кейін дәстүрлі энергия көздерінен бас тартуға мүлдем қарсы Сауд Арабиясы мен Иран тұр. Барлық негізгі көрсеткіштер: парниктік газ шығындарын азайту, жаңартылатын энергия көздерін қолдану, климаттық саясат бойынша ақсаңдап келеміз. Дегенмен сарапшылар Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуетіне оң қабақ танытып отыр. Қазақстандағы ЕҚДБ директоры Хусейн Озхан Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап бола алады деп сенеді, бірақ оған жету қиынға түспек.

"Қазақстанның алға қойған мақсаты биік, бірақ қолжетімді, ақылға қонымды талпыныс. Көміртегі бейтараптылығы жаңартылатын энергия көздерін енгізумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар барлық секторларда энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұмытпаған дұрыс. Жаңартылатын энергия маңызды компонент, бірақ жалғыз емес. Энергия өндірісін ұлғайтумен қатар, электр энергиясын өндірудің құрамы, сайып келгенде, көмірден электр энергиясын өндіруді азайтуға да көңіл бөлу керек. Осы бағытта бізде қазірден экологиялық таза технологияға ауыса алатын өндіріс орындары да бар. Сондай-ақ декорбанизация бойынша өзіндік стртегиясы бар Самұрық-Қазына сынды компаниялар да жетерлік. Сонымен қатар біз қалалармен жұмыс істейміз. Қазақстанда "жасыл қалалар" бағдарламасына қосылған төрт жасыл қала бар: Алматы, Шымкент, Семей және Өскемен. Осы талпыныстан таймай, мәселені кешенді шешуге басымдық берер болсақ, көміртекті бейтараптық орындалған арманға айналмақ", - деді ол.

Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы төрағасы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, көміртегі бейтараптылығы тағдыры Атом электр стансысын салумен тікелей байланысты.

"Егер біз АЭС пайдаланатын болсақ, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптылығына жете аламыз. Парниктік газдар шығынын азайту үшін Қазақстанда ең болмағанда шағын атом стансылары салынуы керек. Ал біз қазір энергияның 80%-ын көмірден алып отырмыз, әрине, одан шығатын көмірқышқыл газы экологияға біршама кері септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан жаңартылған энергия көздеріне инвестицияны арттырып, кәсіпорындарды "жасылдандыруға" басымдық берген жөн", - деп түсіндірді ол.

Ал Жасыл экономика бойынша сарапшы Елдос Абаканоы бұған дейін қабылданған стратегиялық құжатқа сенім артып отыр. 2023 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Құжаттың негізгі мақсаты 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына көшу болса, орта мерзімді мақсат – 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейге қатысты 15%-ға, экономиканы декарбонизациялауға халықаралық қолдау алған жағдайда – 25%-ға қысқарту. Стратегияда экономика салалары бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолдары көрсетілген.

"Бүгінгі күні 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына көшу туралы арнайы стратегия қабылданды. Бұл стратегия түрлі бағыт бойынша еліміздің экономикасын жасылдандыруға қатысты нақты шаралар мен қадамдарды, мақсаттық индикаторларды қамтиды. Бейтараптылыққа аталған мерзімде жету үшін негізгі үш бағытпен жұмыс істеу керек. Бірінші бағыт – заңнамалық актілерді реттеп, елімізге инвестиция тартудың түрлі-түрлі тетіктерін іздестіру. Екінші бағыт – стратегиялық құжаттар. Мысалы, баламалы энергия көздері жайында айтар болсақ, 2050 жылға дейін энергетика саласының 50%-ын баламалы энергия көздеріне алмастыру керек, оның ішінде 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 10%-ды құрау керек болса, қазір 15%-ға дейін көтерілді. Күні кеше Дубай қаласында климаттың өзгеруіне қатысты конференция өтті. Онда көптеген мемлекеттер баламалы энергетиканы дамытуға қатысты мақсаттарын қайта қарап, жоғарыдағы көрсеткішті екі есе көтеруге, яғни 30%-ға жеткізуді ойлап отыр. Жалпы алғанда экономиканың әр секторында әлеует өте жоғары, сондықтан жылдам қимылдап, қазірден қадамдар жасаған дұрыс, әйтпесе, ертеңгі күні оның ел экономикасына кері әсеріне куә боламыз", - дейді спикер.

Экономикалық жүктемеге келер болсақ, климаттық күн тәртібінің әлемдік экономикаға жоғары интеграциялануын және көміртекті көп қажет ететін салалардың маңыздылығын ескерер болсақ, оның Қазақстан экономикасына әсері айтарлықтай болмақ. Декарбонизацияны мықтап қолға алған ЕО-ға қазақстандық экспорттың шамамен 40%-ы тиесілі.

Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, 2026 жылы ЕО-ның трансшекаралық көміртекті реттеуі іске қосылғаннан кейін қазақстандық экспорттаушылар жыл сайын $250 млн-ға дейін табыстан қағылуы мүмкін, әсіресе, металлургия секторы жапа шекпек.

ЕО-дағы көміртегі квоталары бағасының қарқынды өсуін, көміртегі алымы салынатын тауарлар тізбесін кеңейту жөніндегі жоспарларды, сондай-ақ Үшінші елдерге экспорт кезінде трансшекаралық көміртегі салығының жанама әсерін назарға ала отырып, трансшекаралық көміртекті реттеудің әсері алдын ала бағалаудан едәуір жоғары болуы мүмкін екеніне көз жеткіземіз. Жоғары көміртекті компаниялардың және оларды несиелендіретін қаржы институттарының бәсекеге қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығына қауіп төнуі мүмкін.

Қазақстанға көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін төмен көміртекті технологияларға $650 инвестиция салу қажет. Қаражаттың бұл көлемі 40 жылға есептелген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, инвестициялардың ең көп үлесі электр және жылу энергиясын өндіру – $305 млрд, көлік – $167 млрд, тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібіне – $65 млрд, ТКШ – $57 млрд, орман шаруашылығына – $49 млрд қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу