Жаңа экологиялық кодекс экономиканың дамуына әсер етеді – экобелсенді

Сарапшылардың пікірінше 2007 жылы қабылданған құқықтық нормалар заман талабына сай емес.

Жаңа экологиялық кодекс экономиканың дамуына әсер етеді – экобелсенді Фото: Максим Морозов

Экология тақырыбы әлемдегі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселенің бірі. Жаһандық жылыну үрдісі, мұздықтардың еруі, ауа райының өзгеруі міндетті түрде мемлекет басшылары, қоғамдық ұйымдар, БАҚ-тың басты назарында. Еуропа елдері, көршіміз Қытай жасыл реформаларды белсенді енгізуде. Бұрынғы кеңестік елдердің ішінен Беларусь қана бұл "көшке ілесіп" отыр. Ресей соңғы 8 жылда ғана осы бағытта бағдарламаларды қолға алды. Азия даму банкі сарапшылары 2050 жылға қарай Орта Азия елдерінде климаттық өзгеріс салдарынан жылдық орташа шығын көлемі 547 млн долларды құрайтынын айтуда. Алайда бұл мәселеге аталған елдер баса назар аударып отырған жоқ.  

Қазақстанға келсек 

Еліміз 2018 жылы 10 қаңтарда тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауынан кейін жаңа Экологиялық кодексті қолға алды. Өткен жылы оның жобасы әзірленді. Ал жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Парламентке құжатты жыл аяғына дейін қарап, қабылдауды тапсырды. 

Президент баса айтқан мәселе қатарында экологиялық ахуалды жақсарту үшін нақты шараларды жүзеге асыру, бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу бар. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл салада құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік тәртібін қатаңдату керек екенін атап өтті. 

Бұған қоса Мемлекет басшысы мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбие беру, "Birge – taza Qazaqstan" экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізу, экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту керек деген тоқтамға келді. 

"Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше "жасыл экономика" жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, "жасыл өсім" жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын", – деді Президент. 

Еліміздегі экологиялық ахуал

Жаңа кодекстің жасалуына қатысқандардың бірі "Табиғат" қазақстанның экологиялық қауымдастықтары мен кәсіпорындары одағы төрағасының орынбасары Тимур Елеусізовтың айтуынша басты мәселе 2007 жылы 9 қаңтарда қабылданып, 12 жылда 75 өзгеріс енгізілген  кодекс бүгінгі күн талабына жауап бермейді. Әрі экология саласындағы ең өзекті мәселелерді шешуге ықпал ете алған жоқ.  

"Өндірістік қалаларда өндіріс көлемімен қатар ауаға тарайтын зиянды қалдықтар артты. Бұл көрсеткіш жылына шамамен 100 мың тоннаны құрайды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауаға 2,5 млн тонна зияны қалдық таралған", - дейді белсенді. Расымен осының салдарынан  Теміртауда қара түсті қар жауып, Атырауда балық қырылып, ірі қалаларда тыныс алу аурулары көбейіп барады. Мәселен,  елдегі ең ірі қала Алматы өндірістік шаhар болмасада 2019 жылы мұндағы экологиялық жағдай 7 балл деп бағаланған. Бұл мегаполистегі экоахуалдың нашарлығын меңзейді. 

Париж келісімі талаптарын орындай алмай келеміз

Қазақстан 2016 жылы Париж  келісімін ратификациялап, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды 2030 жылға қарай 15%-ға азайтып, 1990 жылғы деңгейге жеткізуге келісім берген. Алайда еліміз аталған келісім талаптарын орындап отырған жоқ. Ал бұл экономика үшін өте қауіпті. Себебі болашақта экологияға зиян тигізе отырып өндірілген өнімдерді осы ұйымға мүше 170-тен астам мемлекет тұтынудан бас тартуы мүмкін. 

"Қоршаған ортаға көп зиян тигізетін елдердің экономикасы "қоңыр" деп аталады. Ал мұндай елдердің кейін тауарларын, өнімдерін экспортқа шығаруы қиындай түсуі мүмкін. Себебі экология дүниежүзі елдерінің ортақ үйі болғандықтан оған зиян келтірген мемлекет те жазаланады. Яғни, экономикалық тұрғыдан қиындықтар тууы мүмкін. Ал жаңа Экологиялық кодекс экономиканың дамуына әсер етеді", - дейді Тимур Елеусізов. 

Бұған қоса қазіргі заңнама бойынша заң бұзушыларға салынатын айыппұл мардымсыз. Кейбір заңды тұлғаларға талаптарды аяқ асты етіп, айыппұл төлеп отыра берген тиімді. Экологиялық алымдар мен төлемдер де бірізді емес. 

Жаңа Экологиялық кодексте негізге алынған жеті қағида

Мұнда 2007 жылғы құжаттағы кемшіліктердің барлығы алынып тасталады. Осылайша заңнамада жеті қағида негізге алынбақ. Оның алғашқысы – "табиғатты ластаған төлейді және қалпына келтіреді". 
Демек ірі зауыттар мен кәсіпорындар басшылары ойлана бастайды. Нәтижесінде қалтаға салмақ салмау үшін зиянды қалдық шығару деңгейін төмендетуге талпынады. 

Екіншіден, қоршаған ортаға әсер ету деңгейі жаңаша есептеледі. Бұл ауаға тарайтын зиянды қалдықтың 80%-ын шығарып отырған "бірінші санаттағы" 2,6 мың компанияға қатысты. Экологияны кім көбірек ластаса жауапкершілік жүгі соған жүктеледі. Бұған дейін ірілі ұсақты 19 мың кәсіпорын теңдей міндеттемелер арқалап келді. 

Үшінші және төртінші қағида – эмиссия төлеміне қатысты. Үздік қолжетімті технологияларды енгізген компаниялар эмиссиядан босатылады. Ал жалпы эмиссиядан түскен қаржы 100% экологиялық шараларға жұмсалады. 
"Бұрын эмиссиядан түскен қаражат қалалардың бюджетіне түсіп, жолдың жасалуы сынды экологиядан тыс салаларға жұмсалатын",-дейді экоұйым өкілі Тимур Елеусізов.

Сондай-ақ зиянды қалдықтарға автоматты түрде мониторинг жасау жүйесі енгізіледі. Салыстырып көрелік. 2007 жылғы кодекс бойынша зауыттар қоршаған ортаға қанша зиянын тигізіп жатқанын жария етуге міндеттелмейтін.  Жаңа кодекс бойынша ауаға  қалдықтар шығару бойынша ақпараттар баршаға қолжетімді ортақ жүйеде көрсетіліп тұрады. Бұл өндіріс ошақтарына жауапкершілік артады және қоғамдық бақылауды күшейтеді. 
 
Жаңа кодекстің тағы бір ерекшелігі қалдықтарды өндіру мен басқаруға қатысты. Енді айыппұл көлемі 10 есеге артады. Қалдықтарды қайта өңдеп, жоятын кәсіпорындар лицензияланады. 

Жаңа құқықтық норманы жазуға атсалысып жүрген Тимур Елеусізов кодекстің ықшамды, ыңғайлы екенін айтады. Алайда кедергілер де жоқ емес көрінеді. 
"Энергетикалық сала – ЖЭС, мұнай өндірісімен айналысушылар тарапынан кедергілер бар", – деген ол жаңа талаптарға сай кодекстің қабылданып, нәтижелі боларына сенетінін жеткізді. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу