Жаңа ипотекалық бағдарлама тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді?

3271

Баспана бағасы қалай құбылады?

Жаңа ипотекалық бағдарлама тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді? Фото: canva.com

Жақында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл және аудан тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берді. Ол "әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет" екенін айтты.

Бұдан бөлек сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді тапсырды. Жаңа ипотекалық бағдарлама тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді? Баспана қымбаттап кетпей ме? Осыған байланысты inbusiness.kz сайтының тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

Үкіметтің дерегінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Отбасы банк" 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарламаны іске қоспақ. Оған жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады. Ипотекалық бағдарлама арқылы бірінші жылы баспанаға мұқтаж 12 мың отбасын үймен қамтамасыз ету жоспары бар.

Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетиннің айтуынша, үй сатып алуға жұмсалатын ақша коммерциялық нарыққа шықса ғана, бағдарламаның нарыққа тікелей әсері бар.

"Мәселен, осы бағдарлама арқылы азаматтар ипотека алып, тұрғын үй сатып алып, оны дереу қайта сатты делік. Егер бұл сценарий жүзеге асса, онда ипотекалық бағдарлама нарыққа тікелей әсер етеді. Бұл сұранысты ынталандырады. Сұраныс артатындықтан, бір шаршы метр бағасының өсуіне әкеледі. Сондықтан да мемлекет тарапынан нарыққа "арзан ақша" бағыттаудың әрқашан теріс ықпалы бар", – деді сарапшы.

Ол бағдарламаның жақсы жағы барын да жасырмады.

"Үкіметтің бұл ипотекалық өнімі алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарын несиелендіруге бағытталғанына назар аударылды. Бұл ақшаның адресті болып, нарыққа шықпауы мүмкін екенін білдіреді. Екіншіден, өңірлердің дамуына баса көңіл бөлінді. Бұл өте маңызды. Себебі Астана, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистер құрылыстың драйверлері болып отыр. Біздің өңірлеріміздің негізгі мәселесі жаңа сапалы тұрғын үйдің болмауында. Баспана салынған күннің өзінде де оның көлемі жеткіліксіз,  әдетте сұраныс ұсыныстан асып түседі. Салдарынан тіпті аймақтарда да шаршы метрдің бағасы арзан бола бермейді", – деді Лев Тетин.

Өңірлерде тұрғын үйге деген қажеттілік жоғары, деп жалғастырды ол.

Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысынан қазақстандықтарға қолданыстағы ипотекалық бағдарламалардың қаншалықты қолжетімді екенін анықтап білдік.

"Қазіргі ипотекалық бағдарламалар қолжетімді деуге келмейді. Себебі Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары. Сондықтан инфляция төмендегенге дейін ипотека қымбат болып қалады. Әрине, "Отбасы банк" несиелеудің неғұрлым жеңілдетілген шарттарын жинақтаушы түрде пайдалануды ұсынады. Сол себептен ипотека мүлдем қолжетімсіз, ипотекалық өнімдер тым көп деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ мұндай мүмкіндіктер қарастырылған. Оған "Отбасы банктің" "30/70", "50/50" сияқты қолданыстағы ұсыныстары дәлел. Жалпы егер сіз нақты бір стратегияны ұстанып, жүйелі түрде ақша жинасаңыз, эконом санаттағы бір бөлмелі пәтерді сатып ала аласыз. Яғни, мұндай мүмкіндік бар әрі бұл бүгінде бәріне қолжетімді", – деп атап өтті Лев Тетин.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қаржы кафедрасының экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақов жаңа ипотекалық бағдарламаның іске қосылуынан мемлекет ұтады деген пікірде.

"Қазіргі уақытта қандай да бір әлеуметтік мәселені шешпеуіне байланысты жастардың басқа мемлекетке кету қарқыны жоғары. Осыны азайтуға, яғни жеңілдетілген ипотека арқылы білімді кадрларды ұстап қалудың бір жолы деп ойлаймын. Екіншіден, әлеуметтік мемлекет болғандықтан, баспанаға зәру азаматтардың саны өте көп. Оларға арналған бағдарлама деп айтуға болады. Үшіншіден, бұл қосымша жұмыс орындарының пайда болуына әсерін тигізеді. Осындай үш көрсеткіш арқылы мемлекет өзінің ақшасын экономикаға тиімді жұмсай алады", – деді ол.

Сарапшыдан бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен 12 мың қазақстандық үймен қамтамасыз етілетінін, бұл көрсеткіш жеткілікті ме деп сұрадық.

"Жалпы Қазақстандағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 560 мыңнан асып отырғаны белгілі. Яғни бұл тек қана олардың 1,5-2 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Сол үшін де жаңадан енгізілген бағдарламаның әсерінен ажиотажды пайдалану арқылы жалпы нарықтағы үйдің бағасы да қымбаттап кетуі әбден мүмкін. Сондықтан да оның арнайы адрестік көрсетілімдері болуы керек. Яғни жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар деген сияқты. Сонда ғана тұрғын үй бағасын қалыпты деңгейде ұстай аламыз", – деп жалғастырды спикер.

Бауыржан Ысқақов жаңа бағдарлама бойынша баспана нақты мұқтаж адамдарға ғана берілген жағдайда, бұл әлеуметтік мәселені шешуге ықпалын тигізеді деп сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу