Жаңа кадрлар: Қазақстан экономикасына керек пе және олар жағдайды өзгерте ала ма

1521

Сайлау өткеннен кейін-ақ саяси ауыс-түйіс туралы әңгімелер әр жерден айтыла бастады. Әйтсе де, кадрлық өзгерістер сан саланың қордаланған мәселесін реттей ала ма? Сан саланың ішінде мемлекет құрылымының күретамыры саналатын экономика туралы әңгіме қозғап көрейік. 

Жаңа кадрлар: Қазақстан экономикасына керек пе және олар жағдайды өзгерте ала ма Фото: inbusiness.kz

Президент Үкіметті әзірге ауыстырмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау күні сөйлеген сөзіне қарағанда жуық арада Үкімет отставкаға кете қоймайтын секілді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтқандай, 2023 жылдың алғашқы тоқсанында Парламенттің төменгі палатасы тарайды. Ол жаңадан жасақталғаннан кейін ғана Үкіметті тарату мәселесі күн тәртібіне шығады. 

"Кадрлық өзгерістер болады, Үкімет отставкаға кетпейді, себебі заң бойынша Мәжіліс сайлауынан кейін Үкімет отставкаға кетуі керек. Бірақ дегенмен кейбір өзгерістер Үкімет болсын, тағы басқа мекемелер болсын – міндетті түрде болады", - деді сайлауда дауыс бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Яғни кабминде азын-аулақ өзгерістер болатынын президенттің өзі айтып отыр. Алайда бұл өзгерістер Үкіметтің экономикалық блогын қамти ма? Қаржы немесе Ұлттық экономика министрлігі, тіпті Ұлттық банктің басшысы орнынан кетуі мүмкін бе?

Экономикадағы қиындықтар

Жалпы экономика саласы жыл басынан бері мемлекет басшылығынан бастап төменгі тармаққа дейін баса мән берген мәселелердің алдыңғы легінде болғаны анық.

Естеріңізде болса, былтыр Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың тұсында президент Қасым-Жомарт Тоқаев оған "инфляция көрсеткішін 2022 жылы 4-6% шегіне қайтаруды" тапсырған. Ол тұста ешкім де Қаңтар оқиғасы болып, кейін көрші мемлекеттер бір-бірімен соғыса кететінін болжамаған. Қазақстанды дүр сілкіндірген осы екі фактор Тоқаевтың былтырғы тапсырмасын күн тәртібінен ысырып, міндет жүктелген Досаевтың өзі Алматы әкімі болып кетті.

Үкімет басшылығына Әлихан Смайылов келгеннен кейін, ел экономикасын жаңа жағдайға бейімдеуге тура келді. Бұрынғыша Ресейден келетін экспорт тауарларының көлемі күрт азайып, кабмин мүшелері балама бағыттарды жан ұшыра іздеп кетті.

Каспий құбыр концорциумының күмәнді себептермен бірнеше рет жұмысын тоқтатуы бюджет шығынын жаба алмай, Ұлттық қорға ұмсына беретін биліктегілердің қосымша проблемасына айналған. Ресей тарапының ескертпестен бір жақты бір ғана қанттың өзін шекарадан шығармай қоюы жазда қаншама мәселе туындатқаны белгілі. Қант жыры ақыры тіпті Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі болған Бақыт Сұлтановтың да лауазымынан кетуінің негізгі себебі десе де болады. Сұлтанов алдымен сөгіс алып, артынша қызметімен қош айтысты. Алайда кез келген жағымсыз жайттың жақсы жағы да бар екен. Қант жыры Үкіметке сабақ болған секілді: Сұлтановтың орнына келген Жұманғарин осы аптада ғана "біз биылдың өзінде өз-өзімізді 100 пайыз қантпен қамти аламыз" деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, жылдағы қант жыры қайталанбас үшін Сауда және интеграция министрлігі әр өңірді қант зауытына "байлап қойған". Яғни жалпы инфляцияға бірден 75% қымбаттауымен ең үлкен үлес қосқан қант тапшылығы келесі жылы болмайтын шығар деген бір үміт бар. Бірақ ол тек үміт...

Қазір Ұлттық банк экономикалық қиындықтарды еңсерудің бір жолы ретінде базалық мөлшерлемені қайта-қайта көтеру амалын айқындап алған. Жыл басынан бері 0,5% ғана көтеріп жүрген қаржы реттеушісі өткен айда тіпті бірден 1,5% көтеріп, 16%-ға тіреп қойды. Берілетін несиенің ставкасы көтеріліп, нарықтағы ақша массасын осылай шектеуге тырысқанымен, экономистер Ұлттық банктің де бұл жаттанды қадамын сынай бастаған. Қатаң сынаушылардың бірі – Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Депутаттық сауалын оқығанда дауысы "жарқын" шығатын мәжілісмен Ұлттық банктің бұл саясатын бір емес, бірнеше рет сынап өтті. Алайда Пірматов өз дегенінен қайтар емес. Әріптестері Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та Ғалымжан Пірматовтың бұл амалын құп көретінін ашып айтты. Айналып келгенде тоқтамай өскен инфляция, қымбатшылық әзірге Әлихан Смайыловтың кабминінің репутациясын бір нүктеден ары апармай тұр.

Ең қызығы, экономиканың өзекті мәселелерінің мән-жайын сұрағандарға осы шенеуніктердің сыртқы факторларды мысалға келтіре беретіні кейде жаттанды сылтауға ұқсап кетеді.

Мәселе – жүйеде

Қазақстан экономикасына жаңа кадрлар керек пе және олар жағдайды өзгерте ала ма? Біз осы сұрақты экономист сарапшыларға қойып көргенбіз. Сарапшы Жарас Ахметов мәселе кадрда емес, жүйеде дегенге келтіреді. Айтуынша, қадірі кете бастаған кадрлар айналып келгенде бір қосындыға тірелетін қосылғыштар секілді жағдайды өзгерте қоймайтынын сан дәлелдеген.

"Олардың бәрі "жақсылар". Шынымды айтсам, бірде-бірін жеке танымаймын. Сол себепті әрбіріне осылай деп баға бере алмаймын. Егер Үкіметке – жалпы ұйым ретінде баға берер болсақ, ол оған "нәтижесіз" деп баға берер едім. Оны бәрі біледі. Көшедегі кез келген адамды тоқтатып, оған осы сұрақты қойсаң, ол да Үкіметтің жұмысына нашар баға береді. Мәселе – Үкіметте тым көп функцияның және тым аз мүмкіндіктің болуында", - дейді экономист.

Жарас Ахметов бұл ретте адамдарды емес, жүйені өзгерту керек дейді. Төменнен бастап жоғарыға дейін функцияларды қайта бөлу керек деп есептейді.

"Бұл турасында президент Тоқаевтың айтқаны бар. Алайда нақты осы міндеттің орындалғанын әзірге көріп отырған жоқпыз. Үкіметтің функциясын азайтып, ол міндеттердің бір бөлігін еркіндікке жіберіп, бір бөлігін облыстарға берген абзал. Сонда ғана жүйе жұмыс ұстай бастауы мүмкін. Бізде өзі тарихта қанша премьер болғанын еске түсіріп көріңізші. Солардың маған ең жақсысын немесе ең жаманын таңдап айтыңызшы. Меніңше, олардың бәрі бірдей. Сол себепті бұл жүйенің мәселесі", - дейді Жарас Ахметов.

Экономика үшін кім жауапты

Ал экономист Расул Рысмамбетов экономикалық блокта кадрларды жаңарту "кедергі келтірмейтінін" айтады.

"Министр деңгейінде емес, бәлкім, орталық пен өңірлердің қарым-қатынасын жаңарту керек. Екіншіден, біз экономика үшін жауапты адам кім екенін айқындап алғанымыз абзал. Өйткені бізде "басты" адамдар көп. Ұлттық экономика министрлігі бар, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бар. Квазимемлекеттік сектор да жұмыс істейді. Бірінде білім, екіншісінде ақша, үшіншісінде ниет бар... Бірақ осының бәрін бір арнаға тоғыстыру қиын. Сол себепті мен Ұлттық экономика министрлігі негізгі үйлестіруші болсын дер едім", - дейді экономист.

Расул Рысмамбетов "министрлердің қайсысы өз жұмысын атқара алмай отыр деп ойлайсыз" деген сұраққа былайша жауап берді.

"Шынымды айтсам, білмеймін. Мәселен, экономиканың жай-күйі бір ғана Ұлттық экономика министрлігінің жұмысына байланысты емес. Мәселе сонда. Меніңше, министрліктердің құзыреттерін қайта қарау керек. Экономиканың дамуы – Үкіметтің емес, адамдардың қолында. Кадрларды қазір өзгертсең да одан келіп жатқан зиян жоқ", - дейді Расул Рысмамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу