Жаңа Қазақстанның медициналық жаңғыруы: Әр шағын ауылда 1 медпункттен ашылады

3586

Соңғы жылдары Қазақстан халқының денсаулығы нашарлай бастағаны аңғарылады. Салдарынан, өмір сүру ұзақтығы құлдырап кетті.   

Жаңа Қазақстанның медициналық жаңғыруы: Әр шағын ауылда 1 медпункттен ашылады

Тек ресми мәлімет бойынша 2,5 жыл ішінде Қазақстанда 1 393 468 азамат коронавируспен ауырған, 13 690 адам сол дерттен қайтыс болды. Мамандар оның салдары әлі біраз жыл байқалатынын ескертеді.

Мәселен, бүкіл әлемде халықтың өмір сүру ұзақтығы – өмір сапасы мен халық денсаулығының басты бір индикаторы саналады. Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру арқасында бұл көрсеткіш соңғы жылдары үдемелі түрде алға озып, дамыған елдер кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) көрсеткішімен арадағы алшақтық серпінді қысқара бастаған еді.

Нәтижесінде, 2015 жылы Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы алшақтық 8,7 жылды құрады: ұйымның алдыңғы қатарлы елдерінде өмір сүру ұзақтығы – 80,6 жас, Қазақстанда – 71,95 жас. 2019 жылы, пандемия қарсаңында бұл алшақтық 7,5 жылға дейін азайды (ЭЫДҰ – 80,7 жас, Қазақстан – 73,18 жас).

"Дегенмен коронавирус инфекциясы пандемиясына байланысты орташа өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші нашарлап, 2020 жылы – 71,37 жасқа, ал 2021 жылы 70,23 жасқа дейін құлдырады. Себебі елде ауру-сырқау және өлім-жітім көрсеткіштері күрт ұлғайды. Бұл ретте ерлердің өмір сүру ұзақтығы 0,76 жылға: 2020 жылғы – 67,09 жастан 2021 жылы 66,33 жасқа дейін, ал әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 1,5 жылға: 2020 жылғы – 75,53 жастан 2021 жылы – 74,03 жасқа дейін күрт кеміді. Осылайша, соңғы екі жылда орташа өмір сүру ұзақтығы 2,95 жылға қысқарды. Салдарынан, бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан 2013 деңгейге кері кетті", – деп мәлім етті Денсаулық министрлігі.

Ел басшылығы қазір Қазақстанды саяси жаңғыртуға кірісті. Бірақ ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамитыны, саяси реформалар нәтижесіне жете алатыны мәлім. Сырқат адамға сайлауда дауыс беру, қоғам өміріне белсене араласу қызық емес, бас қайғы.

Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы жолдауында Үкіметке денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды. Енді билік медициналық инфрақұрылымды кешенді жақсартуға баса назар аударады.

Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" атты жаңа ұлттық жобаны әзірлеп шықты. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың мәліметінше, ұлттық жоба 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Аты айтып тұрғандай, бұл құжат ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Әйтпесе, бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде ешқандай емдеу мекемесі жоқ. Өзге ауыл, кент, аудандарда емханалар ескірген.

Сол себепті Президент алдағы 2 жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін жариялады. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды.

Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл 4 миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады.

Сонымен қатар ұзақ жыл сөз болған телемедицина бағыты дамытылмақ. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, тұтастай алғанда, ұлттық жоба аясында ауылдың денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, алдын ала есептемелер бойынша, жалпы сомасы 217,6 млрд теңге қаражат қажет болады. Бұл сома алда өсуі мүмкін. Соның ішінде:

  • Медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілерін: медпунктерді, фельдшерлік-акушерлік пункттерді және дәрігерлік амбулаторияларды салу үшін – 126,5 млрд теңге;
  • 32 көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды ұйымдастыру үшін – 91,1 млрд теңге талап етілмек.

Сонымен жаңа ұлттық жоба аясында мемлекет 50-ден 500-ге дейін тұрғыны бар ауылдық елді мекендерде медициналық пункттер құрады. Министрлік әр ауылдағы ондай пункттің ішінде не болатынына дейін тәптіштен баяндап берді.

Нақтыласақ, олардың бәрі 1 қабатты ғимарат болады. 500-ге жетпейтін тұрғыны бар ауылда көп қабатты емхана салу босқа шығындалу болар еді. Бір медпунк 25 келушіге дейін қабылдай алады.

Медициналық пункт ішінде не болады:

  • Дәріхана және ақпараттық үстелі бар вестибюль – ауданы кемінде 10 шаршы метр;
  • Орта медициналық персоналдың кабинеті – кемінде 12 ш.м.;
  • Акушерлік қабылдау бөлмесі – кемінде 18 ш.м.;
  • Емдеу бөлмесі – кемінде 12 ш.м.;
  • Вакцинация бөлмесі – кемінде 8 ш.м.;
  • Дезинфекциялау құралдарын дайындауға және сақтауға арналған бөлме – кемінде 4 ш.м.;
  • Тұрмыстық орын-жайлар, қойма – кемінде 11 ш.м.;
  • Қол жуғышы бар дәретхана  – кемінде 3 ш.м.;

Ал үлкен ауылдарда, кенттерде, яғни 1 500-5 000 адам тұратын ауылдық елді мекендерде дәрігерлік амбулатория қарастырылуы керек. Олар да 1 қабатты ғимарат болады. Өткізу қабілеті – бір ауысымда 25 келушіге дейін қабылдай алуға тиісті.

Дәрігерлік амбулатория ішінде не болады:

  • Вестибюль – кемінде 10 ш.м.;
  • Келушілерге арналған гардероб – кемінде 8 ш.м.;
  • Менеджер кабинеті – кемінде 10 ш.м.;
  • Медициналық және дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеттері – 2-еу, әрқайсысы 12 шаршы метрден;
  • Оқшаулағыш – кемінде 8 ш.м.;
  • Емдеу бөлмесі – кемінде 12 ш.м.;
  • Вакцинация кабинеті: картотекаға арналған бөлме – кемінде 10 ш.м., вакцинацияға арналған бөлме – кемінде 8 ш.м.;
  • Физиотерапиялық емдеу кабинеті – кемінде 12 ш.м.;
  • Күндізгі стационар;
  • Қақырық жинау бөлмесі – кемінде 6 ш.м.;
  • Туберкулезге қарсы препараттарды қабылдауға арналған бөлме – кемінде 8 ш.м.;
  • Медициналық мұрағат – кемінде 4 ш.м.;
  • Медициналық қалдықтарды уақытша сақтауға арналған бөлме – кемінде 4 ш.м.;
  • Қойма – кемінде 10 ш.м.;
  • Қызметкерлер мен науқастарға арналған жеке дәретханалар;
  • Жинау мүкәммалына арналған бөлме – кемінде 4 ш.м.;
  • Дезинфекциялау құралдарын сақтайтын бөлме – кемінде 6 ш.м.;
  • Стерилизация бөлмесі – кемінде 8 ш.м.;
  • Қызметкерлерге арналған бөлме – кемінде 10 ш.м.

Дәрігерлік амбулатория (ДА) бірнеше ауылға қызмет көрсетеді. Сырқаттар қалаға сабылмауы үшін амбулаторияның холында дәріхана ашуға тапсырма беріледі. ДА айналасын абаттандырып, демалыс аймақтарын, шағын паркті жасақтау, жаяу жүргіншілер және кіреберіс жолдармен, автотұрақтармен жабдықтау жүктеледі.

Бұдан бөлек, ел Президенті Қазақстанның бүкіл территориясын "заманауи көпбейінді ауданаралық ауруханалар (КАА) желісімен қамтып шығуды" тапсырды. Бұлар бірнеше аудандардың халқына қызмет етеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің түсініктемесіне сәйкес, бұл үшін қолданыстағы 12 ауданаралық аурухананы модернизациялау және  жаңадан 20-сын салу қажет.

"Олардың барлығы орталық, көпбейінді заманауи аурухана болады. Олар инфаркт, инсульт, жол апаты, жарақаттану және басқа да жағдайларда "алтын сағат" қағидатын сақтай отырып, шұғыл медициналық жәрдем көрсете алады. Бұдан бөлек олар мамандандырылған және жоғары технологиялы медициналық көмекті ұсынады. Нәтижесінде, ауыл-аудан тұрғындарына ірі қалаларға ағылу қажет болмай қалады", – деп сендірді министрліктегілер.

Бұл ауданаралық ауруханаларда инсульт орталықтары, кардиология, жансақтау-реанимация, оңалту-реабилитация бөлімдері ашылады. Оларды КТ, МРТ, УДЗ (УЗИ), өкпені жасанды желдету және басқа да аппараттармен жарақтандыру жоспарланған.

Егер осының бәрі қағаз жүзінде көркем, ал өмірде сұрықсыз болмаса, жоспарланғандай толыққанды орындалса, электорат билікті жақтап қана қоймай, оның жаңғыру саясатын жүзеге асыруға белсене, үлкен күш-жігермен атсалысатын болады. Өйткені соған күш-қуаты жетеді. Ал аурушаң ұлтпен мемлекет алысқа ұзай қоймас.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу