Жаңа министрдің ұлттық армия беделін қалай көтеретіні белгілі болды

2039

Сарапшылар әскерге алынғандарға мемлекет есебінен зейнетақы жарнасын аударуды, оралған соң тегін оқуға түсіруді, баспана алуда жеңілдікпен қамтуды, бизнес ашуына кредит беруді ұсынып отыр. Сондай-ақ Қазақстанда жаңа орган пайда болуы мүмкін.

Жаңа министрдің ұлттық армия беделін қалай көтеретіні белгілі болды Фото: sputnik.kz

Басынан талай жаугершілік заманды өткеріп, аман қалған қазақ халқының кейінгі ұрпағы ынжық болып бара жатқан жоқ па? Биылғы 11 қаңтарда, Мәжілістің отырысында сөз сөйлегенде бұл мәселе Президент Қ. Тоқаевты да мазалайтынын ел білді.

Кейбір деректер бойынша әскерге шақырылған жігіттердің жартысынан көбі Отан алдында қызмет еткісі келмейді. Қырық мыңға жуық азамат әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген көрінеді.

Мемлекет басшысы бұлай бара берсе ел оңбайтынын сезіп, ұлттық армияның беделін көтеру міндетін қойды. Ол көптеген жастың әскерден қашатынына, "әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайтынына" өкініш білдірді. Сондықтан Қ. Тоқаев қоғамға, Үкіметке, соның ішінде Қорғаныс министрлігіне "жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын ойластыруды" ұсынды.

Қазір қоғам өкілдерінен, сарапшылардан әскери қызметтің имиджін арттыру, жастарды Қарулы күштердегі қызметке сапалы дайындау, отаншылдық сезімін нығайту, әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіру бағыттарында түрлі ұсыныс түсуде. Соның ішінде елорданың мектептері мен колледждерінің Алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушылары-ұйымдастырушыларының ұжымдық ұсынысы жан-жақтылығымен, сарабдалдығымен назар аудартады.

Онда сала ұстаздары қазіргі заманғы әлемде терроризм, кибертерроризм, діни экстремизм және сепаратизм мемлекеттілік пен тәуелсіздікке, елдің-жердің бүтіндігіне үлкен қатер төндіретінін, тиісінше, осы мәселелерге армия да жете ден қоюға тиістігін айтады.

"Жалпы қайғылы қаңтар" оқиғалары күштік құрылымдар қызметінде салмақты олқылықтар барын паш етті. Қалыптасқан жағдайға талдау жасай келе, әскери қызметтің беделін жоғарылататын келесі шараларды ұсынамыз. Біріншіден, оқушы жастар арасында әскери қызметке және әскери-патриоттық тәрбие проблемаларына қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізу қажет. Соның негізінде Президент Әкімшілігі, Қорғаныс, Ішкі істер, Мәдениет, Ақпарат министрліктері, ҰҚК секілді мүдделі органдарды тарта отырып, әскери-патриоттық жұмысты күшейтудің мемлекеттік жоспарын қабылдаған жөн", – деді әріптестерінің ұсыныс-тілектерін жеткізген астаналық мектеп-гимназияның алғашқы әскери дайындық оқытушысы-ұйымдастырушысы Нұрлан Халимов.

Екіншіден, оқытушылардың байламынша, жас азаматтарды Қарулы күштерде қызмет етуге ынталандыратын нақты шаралар қабылдануы керек. Атап айтқанда:

  • Мерзімді әскери қызметтен өтуі кезеңінде солдатқа мемлекет есебінен зейнетақы жарнасы аударылуы қажет;
  • Әскерден қайтқаннан кейін оның мемлекеттік білім гранты есебінен жоғарғы білім алуына жағдай жасау шарт;
  • Ол азамат баспана алуы кезінде жеңілдіктерге ие болғаны жөн;
  • Мемлекеттік және құқық қорғау қызметіне жұмысқа орналасуда басымдықты құқық берілуге тиіс;
  • Төл бизнесін ашып, дамытқысы келсе, арзан несие алуда басымдықты құқық ұсынылуы қажет.  

Үшіншіден, әлеуметтік статусына қарамастан, әскери қызмет алдында бәрінің теңдігін қамтамасыз ету ұсынылды: министрлер, әкімдер, соттар, прокурорлар, депутаттар және олардың балалары да армияға алынуға тиіс. Биік лауазымды тұлғаның не оның баласының әскерге кетіп бара жатқанын ақпарат құралдарынан насихаттаған абзал. Әйтпесе, қоғам "мажорлардың" әскерден оп-оңай құтылатынын көріп-біліп жүр. Содан жастар армияны дені дұрыс адам бармайтын жердей жатсынуы мүмкін.

Төртіншіден, Отан қорғаушының жағымды бейнесін қалыптастыру ұсынылды. Оған кино, деректі фильмдер, кітап-туындылар, компьютерлік ойындар, телебағдарламалар және басқа құралдар, Instagram, Facebook, ВК секілді әлеуметтік желілер пайдаланылуы керек. Қорғаныс министрлігінің бұл тұрғыдағы адымы шектеулі, қарқыны нашар, ісі мардымсыз. АҚШ-та әскердің әрбір түрі өзінде қызмет етуді дәріптеп, БАҚ арқылы кәдімгідей жарнама береді.

Елбасы құрған "Жас сарбаз" реформаланады

Бесіншіден, Ауған соғысы ардагерлерін, Қарулы күштеріміздің ардагерлерін, сондай-ақ әскерде қызмет ету арқылы табысқа жеткен тұлғаларды әскери-патриоттық жұмысқа белсенді тарту қажет. Алғашқы екеуі осы бағытта өз беттерінше іс қылуға тырысуда, бірақ министрліктің белсенді қолдауына зәру. 

Алтыншыдан, ұстаздар Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдері жергілікті мектептер мен колледждерге алғашқы әскери дайындық сабақтарын лайықты өткізуде қолұшын созса дейді. Мысалы, оқу-жаттығу базаларын, плацтарын ұсынса, солдаттар оқушылармен бірге оқу-далалық, лагерлік жиындар өткізсе, игі. 

Жетіншіден, алғашқы әскери дайындықтың оқу-материалдық базасы нашар, әрі жетіспейді. Оқытушылар сол базаны толыққанды қамтамасыз ету мәселесі шешілсе, атыс тирлері жабдықталса дейді.

Олар кезінде Елбасы Н. Назарбаев құрған "Жас Сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысын реформалауды ұсынады.

"Біз "Жас сарбазды" Қорғаныс министрлігінің жетекшілігінен алып, БҒМ-ге беруді ұсынамыз. Өйткені қозғалыстың клубтары мен сыныптарында мектеп, колледж оқушылары тәрбиеленеді. Сәйкесінше, оларды БҒМ-ге бағынатын алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушылары оқытады. Бұл ретте "Жас сарбаз туралы ереже" және оқу бағдарламасын әзірлеп, білім министрінің бұйрығымен бекіткен жөн", – деді Нұрлан Зұлқарнайұлы.

Қорғаныс министрлігіне аналар да ұсыныспен жүгінуде.

"Кеңес кезінде егіздерді бір-бірінен айырмайтын, әскери қызметін бірге өтеуге рұқсат етуші еді. Себебі бұл балалардың денсаулығына және психологиялық жай-күйіне нұқсан келтіруі мүмкін. Менің ер жетіп қалған балаларымның бірінсіз бірінің күні жоқ. Егер біреуі ауырса, екіншісі 3 күннен кейін дәл солай сырқаттанып қалады. Бұл өте күрделі нәрсе. Ол екеуі бір жерде әскерде болса, біріне бірі қарасар еді. Менің аналық осы тілегімді Президентке жеткізуді сұраймын", – дейді ана Меруерт Мусина.

Билік не дейді?

Қазақстанның Қарулы күштерінде де егіздерді бөлмеу тәжірибесі бар: егер өтінсе, екеуін де бір бөлімшеге жіберуі мүмкін екен.

Қарулы күштердің Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Кәрбенов хабарлағандай, Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің беделін көтеруге қатысты түсіп жатқан ұсыныстарды қарауда және қазақстандықтарға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтады.

Армияда енді идеологияға мән береді.

"Идеологиялық жұмыс пен әскери-патриоттық тәрбие – Қорғаныс министрлігі қызметінің басымдықты бір бағыты. Қорғаныс министрлігі мүдделі меморгандармен бірлесіп, "Біртұтас ұлт – Біртұтас әскер" атты жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасын, 2025 жылға дейінгі Қарулы күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы идеологиялық жұмыс жоспарын әзірлеп, жүзеге асырып жатыр", – деді Нұрлан Кәрбенов.

Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде Қорғаныс министрлігі жаңа құжатты – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын жазуда. Оған Мәжіліс депутаттары атсалысуда.

Жаңа заң елімізде жаңа органның пайда болуына жол ашуы мүмкін. Ол Үкіметке "Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесін" құру құзырын бермек. Бұл ұйым Қорғаныс министрлігі жанынан құрылады деп күтілуде. Заңда кеңестің меморгандармен өзара іс-қимылы, қорғаныс ведомствосының оның қызметін үйлестіру өкілеттігі пысықталмақ.   

Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігі "Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, ол меморгандардың келісімінен, антикоррупциялық сараптамадан өтті. Жоғарыдағы заң қабылданған соң бұл қаулы Әділет министрлігіне тіркеуге жіберіледі, Премьер қол қояды.

Н. Кәрбеновтің байламынша, осы және өзге шаралар әскери қызмет беделінің артуына, елдің қорғаныс қабілетінің нығаюына ықпал етеді.

Ал "Жас сарбаз" республикалық қоғамдық бірлестігі жетілдіріледі. Онда оқушылардың тек қарудан оқ атуына ғана емес, ғылыми-техникалық прогресс жаңашылдықтарын игеруіне де басымдық беріледі.

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда балаларға арналған әскери-патриоттық ұйымдар саны 7 868-ге жетті. Оның ішінде әскери-патриоттық клубтар саны – 6 419, "Жас сарбаз" сыныптарының саны – 933, "Smart sarbaz" үйірмелері – 388 екен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу