Жаңа Парламент алдағы жылдың басында қалыптастырылуы мүмкін

1632

Референдум өткізілгеннен кейін Тұңғыш Президенттің қайтадан билік басына келуіне түпкілікті тосқауыл қойылмақ. 

Жаңа Парламент алдағы жылдың басында қалыптастырылуы мүмкін

Референдум – демократияның бір тетігі болып табылады. Алайда Қазақстан өзін қанша демократиялық ел деп дәріптегенімен, осынау демократиялық тетікті қолданбауға бейім. Тәуелсіздіктің 30 жылында елімізде бар-жоғы 2 рет қана референдум өткізілді. Сарапшылар оның екеуін де сол кездегі билік өз мүддесі үшін қолданғанын айтып жүр.

Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылғы 25 наурызда Жарлық шығарып, оған сәйкес, сол жылғы 29 сәуiрде республикалық референдум өткiзілді. Оның барысында қазақстандықтарға: "Сiз 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкiл халық сайлаған ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың өкiлеттiгiнiң мерзiмiн 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейiн ұзартуға келiсесiз бе" деген жалғыз сұрақ қойылды.

Оның қорытындысында дауыс бергендердің 95,46%-ы Назарбаевтың президенттік өкілеттігі 5 жылға ұзартуды қолдаған көрінеді. Сайлаушылардың 91,21%-ы қатысты деп есептеледі. Сөйтіп, елде 1995 жылы ұйымдастырылуға тиіс президенттік сайлау өткізілмеді.

Келесі референдум Президенттiң 1995 жылғы 28 шiлдегі Жарлығымен сол жылы, 30 тамызда өтті. Республикалық референдумға: "Сiз жобасы 1995 жылдың 1 тамызында баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба" деп сауал және жаңа Ата заңның жобасы шығарылды. Қазірге дейін қолданылып келе жатқан Конституцияны дауыс бергендердің 90%-ы қолдаған көрінеді. Сайлаушылардың қатысуы 90,6% болды.

Осы референдум қарсаңында, наурызда Қазақстанда саяси дағдарыс туындады, оны еңсеру үшін Әбіш Кекілбай төрағалық еткен, маңызды мәселелер бойынша табандылық танытқан Жоғарғы кеңес (парламент) таратылды, Үкімет отставкаға жіберілді. Заң шығару өкілеттігін белгілі бір уақытқа Президент өз еншісіне алды.

Жоғарғы кеңес орнына Мәжіліс пен Сенаттан тұратын қос палаталы жаңа Парламент құрылды. Сенатқа жоғарыға ұнамайтын Мәжілістің кез келген заң жобасын қабылдамай тастау, Мәжілістің барлық халықтық бастамаларын бұғаттау құқығы берілді. Бұл кесірлі тәжірибеден Қазақстан тек биылғы референдум нәтижесінде ғана құтылуы мүмкін.

Айтқандай, неге екені белгісіз, бұған дейін депутаттық корпус қазақстандық парламентаризмнің тарихын тек 1995 жылдан бастайтын. Оған дейін қазақстандық депутаттар болмағандай...

Конституциялық реформаны әзірлеушілер Елбасыға қатысты конституциялық түзетулер жайын түсіндірді. Мысалы, енді ол қайтадан Президент болып сайлана алмайды, себебі 2 мерзімнен артық Президент болмау талабы енді Н.Назарбаевқа да таралады.

Қолданыстағы Конституцияның 42-бабына сәйкес, "Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды". Сонымен бірге 2007 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде "Бұл шектеу ҚР Тұңғыш Президентіне қолданылмайды" деген норма енгізілген. Дәл осы норма енді алып тасталады. Бұл – бір.

Екіншіден, "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі конституциялық заңы жойылады деп күтілуде. Заңгерлердің айтуынша, "Елбасы" деген мәртебе жойылады, ол тек әдеби, көркем шығармаларда қолданылуы мүмкін, бірақ заңды күші болмайды. Сондай-ақ Н.Назарбаев Елбасы ретіндегі артықшылықтарынан айырылады. Мысалы, аталған заң "Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке меншігіне, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қоюға" тыйым салатын. Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік берілетін. Президентпен бірге Елбасының қойған міндеттерін, бастамаларын меморгандар, лауазымды адамдар міндетті түрде орындауға тиіс еді.

"Тұңғыш Президенттің қатарынан екі реттен артық сайлану құқығы жойылады, оның мәртебесін және өкілеттіктерін конституциялық заңда регламенттейтін нормалар алып тасталады. Бұл ретте Конституцияда Тұңғыш Президенттің Қазақстанның негізін қалаушы ретіндегі тарихи мәртебесі сақталады", – делінген түсініктемеде.

Қалай болғанда, ақырғы шешімді алдағы референдумда Қазақстан халқы қабылдайды.

Егер жалпыхалықтық сауалнама нәтижесінде сайлаушылар Қ.Тоқаев ұсынған конституциялық реформаны қолдаса, онда жекелеген нормаларды қоспағанда, Ата заңға өзгерістер құжатқа Президент қол қойып, ол ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді. 

Бірақ заң шығару процесінің жаңа форматына, яғни Сенат пен Мәжіліске, сондай-ақ Конституциялық соттың қызметіне қатысты нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек.

Себебі жыл соңына дейін конституциялық жаңалықтарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін конституциялық және басқа да заңдардың тұтас тобын қабылдап үлгеру қажет екен.

Әйтсе де, Президент келесі жылы да жаңа сайлауды жарияламай, қазіргі депутаттық корпуске 2025 жылға дейін өкілеттігін толыққанды атқарып шығуына мүмкіндік бере алады. Өйткені Парламент палаталарын қалыптастыру туралы конституциялық түзетулер тек 8-ші шақырылымдағы келесі Мәжіліс депутаттарының сайлауынан кейін ғана қолданылатын болады. Оған дейін ескі ережелер жүреді.

Жаңа Мәжілісте Ассамблея сайлайтын 9 депутат болмайды. Төменгі палата аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптастырылады: депутаттарының 70%-ы – партиялық тізіммен, тағы 30%-ы – бір мандатты аумақтық сайлау округтері арқылы сайланады. Мажоритарлық жүйе ешбір партияға кірмейтін тұлғаларға және өзін-өзі ұсынушыларға депутаттық мандатты иелену мүмкіндігін береді.

Тікелей халық сайлаған "30 пайыздық" депутаттарды мандатынан сайлаушылар айыра алады. Бұл үшін "ҚР Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" конституциялық заңына депутаттық мандаттан айыру үшін қосымша негіз енгізіледі: бір мандатты аумақтық сайлау округі арқылы сайланған депутатты "сайлаушылардың қызметтен керi шақырып алуы" қарастырылады. Кері шақырып алу тәртібі тиісті конституциялық заңдарда реттелетін болады.

Айтқандай, енді Сенаттың емес, Мәжілістің дәрежесі жоғары болады. Есеп комитеті (алда ол Жоғарғы аудиторлық палата болып қайта құрылады) бұдан былай тек Мәжілістің алдында ғана есеп береді. Бұл ретте қазіргідей жылына 1 емес, 2 рет есеп беріп отырады.

Заң қабылдаудың жаңа рәсімі енгізіледі: Мәжіліс депутаттары өздері жазған және Үкіметтен түскен заң жобаларын қараған соң не кері қайтарады, немесе қабылдайды. Ары қарай Сенат Мәжіліс қабылдаған заң жобасын мақұлдайды да, Президенттің қол қоюына бағыттайды. Егер сенаторлар келіспесе, немесе заң жобасынан әлдеқандай кемшіліктер тапса, төл өзгертулерін қосып, заң жобасын Мәжіліске кері қайтарады. Бұл қазір де бар рәсім. Бұл жағдайда қос палата арасында келісім рәсімдері жүргізіледі.

Жаңалығы қандай? Қазір Мәжіліс депутаттарына сенаторлардың ұстанымымен келісуге тура келеді, әйтпесе, заң қабылданбайды. Өйткені заңды Мәжіліс тек мақұлдайды, ал Сенат қабылдайды.

Жаңа рәсім бойынша бәрі басқаша. Егер Мәжіліс Сенаттағы әріптестері "өз түзетулерімен заң жобасын бүлдірді, оны концептуалды түрде бұрмалады" деп есептесе, онда сол заң жобасының бастапқыда қабылданған редакциясы бойынша қайтадан дауыс береді. Бұл жолы да Мәжіліс депутаттары көпшілік дауыспен өз нұсқаларын құптаса, онда заң "Парламент қабылдады" деп есептеліп, Сенатсыз-ақ, бірден Президенттің қол қоюына жіберіледі.

Дағдарысты шақтарда Үкімет те "заң күші бар акт" қабылдай алатын болады. Бірақ ондай заңдар үшін Үкімет мүшелері дербес жауапкершілік арқалайды.

Бүгінде қоғам да, депутаттар да, сарапшылар да Қайрат Мәмидің командасына қарап отыр. 25 сәуірде Конституциялық кеңес Президент Қ.Тоқаевтың "ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын Конституцияның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады.

Қазіргі уақытта аталған өтінішті КК отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде екен. Кеңес өз шешімін ақпарат құралдарында жариялауға уәде етті. Бірақ бір аптадан артық уақыт өтсе де, шешімін жария етпеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу