Жаңа Парламент жалқау әрі жанжалқор болып шықты

3509

Жаңадан сайланған депутаттардың артынан сөз еруі жалғасуда. 

Жаңа Парламент жалқау әрі жанжалқор болып шықты Фото: Казахстанская правда

Биылғы 19 наурызда сайлау өтіп, жаңа депутаттық корпус қалыптастырылғалы 100 күндей уақыт өтті. Жаңа депутаттар шамалы ғана жұмыс істеп, осы жұмада бірінші сессиясын жаба салды.

Бірақ жаңа Парламентке қатысты түрлі жанжал өртінің қаулауына осы уақыт жеткілікті болды. Мысалы, Қазақстан тарихында кездеспеген оқиға орын алды: қазақстандықтар Мәжілістің бірнеше депутатын орнынан кетіруге петиция жариялап үлгерді. Негізсіз еместей.

Алдымен, халық депутат Жигули Дайрабаевтың мандатын тоқтату туралы петиция жариялап, жаппай қол қойды. Жұрт екі бірдей ұлы мемлекетке жарты миллиардтан астам теңге шығын келтірген және алаяқтығы үшін сотталған адамның заң шығарушы биліктің төрінде отыруға лайық еместігіне назар аудартты. Оның үстіне олар мемлекетке келтірген залалының орнын толтырмаған. Оның үстіне петиция авторы Жигули Дайрабаевтың Парламент мінберін қара басы үшін пайдаланғанын, оның отырысында соттың шешімін сынап, оған қарсы шағымданатынын жеткізгенін еске салды. Петицияда айтылғандай, депутаттың өзінің Жамбыл облысындағы жанжалға қатысы бар: Кеңес аулының тұрғындары оның агрофирмасын жерді басып алды деп айыптаған еді.

Алайда "еститін мемлекеттің" Парламенті халық талабына керең болып шықты. Қазақстандықтардың тілегін Мәжіліс этика жөніндегі комиссияда қарамаған.

Билік қаңтар оқиғасынан кейін саяси реформа жүргізгенде және артынша Конституцияға өзгерістер енгізгенде Парламентті аралас жүйемен сайлауды ұсынды. Бұл ұлы жаңғырудай дәріптелді. Нәтижесінде, жаңа Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізім бойынша 6 партиядан, тағы 29 депутаты бірмандатты аумақтық сайлау округтерінен сайланды.

Алайда ел үміт артқан 29 бірмандатты депутат сенімді ақтады деп айту қиын. Бір мысал: 2023 жылғы 7 маусымдағы отырысында Мәжіліс ел Үкіметінің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарады. Егер Мәжіліс ол есепті қабылдамай қойғанда, Смайылов Үкіметі отставкаға кететін еді. Осы арқылы жаңа Парламент азуын көрсете алатын еді.

Негіз де жоқ емес: отырыста Үкіметтің қызметіне қатысты көп сын, наразылық, көңілтолмастық айтылды. Бұл Үкімет еліміздің жаңа тарихында ең жоғарғы, рекордтық инфляцияға жол берді. Қазақстанды тіпті соғыс жүріп жатқан елдерде жоқ қымбатшылық жайлап, халықты қан қақсатуда. Ал былтырғы қаңды қаңтардан соң Президент жаңа Үкіметті тағайындай отырып, оның ең басымдықты жұмысы ретінде инфляцияны құрықтауды атады. Себебі, қасіретті қаңтар оқиғаларына да бағаның көтерілуі түрткі болды. Үкімет бұл міндеттің үдесінен шықпады. Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, Үкіметке былтыр бюджеттің мұнайлық емес дефицитін 7 триллион теңгеден асырмау міндеті қойылыпты. Бірақ Министрлер кабинеті тапшылық көрсеткішін 9 триллион 300 миллиард теңгеден асырып жіберді. Басқа да кінәраттар көп. Сондықтан "ақжолдық" депутаттар Үкімет есебін қабылдамай тастады.

Содан кейін сөз "тәуелсіз депутаттар" атынан бірмандатты депутат Дәулет Мұқаевқа берілді. Ол Үкіметке ойша "бас бармағын" көрсетіп, оның есебін толық құптау керектігін мәлімдеді. Әрине, бірмандатты 29 депутаттың бәрі қарсы дауыс берсе де, билеуші партияның депутаттары бәрібір көпшілік болып, есепті мақұлдайтын еді. Яғни, бірмандаттылар әп дегеннен азусыз екендерін паш етті.

Айтпақшы, әлеуметтік желіде астаналықтар жазғандай, Дәулет Мұқаев биылғы сайлау науқанында елордалық сайлаушыларының есігін қағып, өзіне дауыс беруге шақырып, сайланса, апта сайын келіп, хал-жағдайларын, талап-тілектерін біліп тұруға уәде етіпті. Алайда аты судан өтіп алған соң "айт-шу" деп алды-артына қарамаған көрінеді. Қалай болғанда, астаналықтар оның өздерін ұмытып кеткеніне ренжулі.

Ақпарат құралдары бүгін астаналық сайлаушылар Дәулет Мұқаевқа сеніп, мұзға отырғанына наразы екенін жазуда: блогер-депутат жарнамалаған пәтерлердің сапасы сын көтермейтін көрінеді.

Kyn.kz хабарлауынша, Bai-Tursyn және View Park Family тұрғын үй кешендерінің тұрғындары үйдің тым сапасыз салынғанына шағымданып, депутаттан бұл мәселеге қатысты жауап беруді сұрады. Депутат Дәулет Мұқаев насихаттаған үйден пәтер алған адамдардың дерегінше, үй бастапқы жоба бойынша салынбаған. Сонымен қатар олар пайдалануға беру актілеріндегі коммуналдық қызметкерлердің қолдары мен мөрлері жалған болғанына назар аудартты. Тұрғындар баспананы Мәжіліс депутатының сөзіне сеніп алғандарын айтқан.

Депутат болса, белгілі вайнерлердің сотқа айтқан сөзіне ұқсас дәйектемелерді келтірген көрінеді.

"Істі сот шешеді. Менің таныстарым да, туыстарым да Bai-Tursyn-да тұрады. Бұл екі жақтың келіспеушілігі, мен мұнда мүлдем кінәлі емеспін. Оларды депутат болғанға дейін жарнамаладық. Жеңілдіктер болды, біздің команданың жігіттері сол жерден үй алды. Ол кезде пәтердің шаршы метрі 250 теңгеден болған", — деп жауап берді Мұқаев.

Тағы еске саламыз, бұл – жаңа Парламенттің 100 күні ғана. Ендеше алдағы 5 жылда не болатынын бағамдай беруге болады.

Сарапшылардың айтуынша, халықтың арасында әлеуметтік кернеу туғызған жаңа депутаттардың бірі – Асхат Аймағамбетов болды. Ол Білім және ғылым, соңынан Оқу-ағарту министрі болып тұрған тұста, барлық мектептердегі оқу жылын 31 мамырға дейін ұзартып кетті. Биыл білім ордалары алғаш рет соның жаңалығы негізінде оқу жылын аяқтады. Мұның соңы жанжалға айналды. Ulysmedia.kz сарапшылардың сөзін тұжырымдай отырып, шенеуніктердің тірлігінен балалар зардап шеккенін жазды. Себебі, эксперттердің айтуынша, Аймағамбетовтың оқу жылын ұзартуы "абсурд" болды.

Шынында, барлық дерлік мектеп 2023 жылғы 24 мамырда ата-аналардан оқушыларының оқулықтарын жаппай жинатқызып, кітапханаға тапсыртқызған. Содан кейін бір апта бойы мұғалімдер мен шәкірттер қапырық сыныптарда табадағы майдай шыжғырылып, босқа отырды. Бірқатар ұстаз балаларын отар қой сияқты футбол алаңына қамап, сонда ойнауына мүмкіндік беріпті.

Бүгінде ата-аналар оқу жылының аяқталуының бұрынғы мерзімін қайтаруды талап етіп, жаңа Оқу-ағарту министрінің басын қатыруда. "Костанайские новости" басылымының хабарлауынша, қостанайлықтардың шағымы негізінде министрлік келесі жаңа оқу жылын қашан аяқтау мәселесін шешіп жатыр. Бірақ ата-аналар министрліктегі шенділер ел пікірін тағы аяқасты етеді деп қауіптенеді. Министрліктің дерегінше, жаңа оқу жылының тағдырын 30 сарапшыдан тұратын эксперттер комиссиясы анықтайды.

Айтпақшы, Аймағамбетовтың министр болып тұрған тұстағы тірліктерін Сенаттың таяудағы отырысында оның атын нақты атамаса да, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова қатты сынға алды. Оның айтуынша, министрлер облыстарға нысаналы трансферттерді тапсыра отырып, өздерінен барлық жауапкершілікті алып тастайды. Салдарынан не мониторинг, не бақылау жасамайды екен.

"Ақшаны өңірлерге бердік, ар жағы енді біздің проблема емес дейді. Салдарынан елімізде біресе дәретханасы далада қалған мектептер, біресе қымбат терілі дивандары мен кофеваркаларына дейін бар мектептер пайда болады. Қазақстанда бір ауылда апатты мектеп балаға лық толып тұр, ал көрші ауылда оқушылық орындардың жеткілікті екеніне қарамастан, үшінші мектептің құрылысы басталады. Мынаған назар аудартқымыз келеді: былтыр (ол кезде министр А.Аймағамбетов болатын) Оқу-ағарту министрлігі президенттік "Жайлы мектептер" жобасын жүзеге асырудан бас тартты. Сондағы сылтауы – мектеп құрылысы оның бейін-профилі емес көрінеді. Соның кесірінен бұл жобаны "Samruk-Kazyna Constraction" АҚ Құрылыс дирекциясының қоры мемлекеттік сатып алулар қағидаларын сақтамай, жүзеге асырып жатыр. Ал жобаға ғаламат сома бөлінген – 2,6 триллион теңге. Сұрақ бар ма? Бар!" – деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Н.Годунова.

Антимонополиялық агенттіктің де Оқу-ағарту министрлігінің бұрынғы басшыларына сұрағы болса керек. Ол Аймағамбетов тұсында қабылданған бір шешімнің күшін жойғызды. Себебі, оның бірнеше жыл жүзеге асырып келген бастамасы ұлттық антимонополиялық заңнамаға қайшы болып шықты.

Ведомство белгілі бір компаниялардың мүддесі ілгерілетілген деп отыр.

"Оқу-ағарту министрлігінің әдістемелік ұсыныстары бәсекелестікке қарсы деп танылды. Антимонополиялық орган министрлікке қатысты тергеп-тексеру жүргізді. Қорытындысында министрлікке қатысты монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылды. Атап айтқанда, министрлік білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекіткен. Оған сәйкес, мектептерге сабақтарды тек "BilimLand", "Kundelik.kz", "Дарын.online" интернет-платформасы арқылы өткізуді ұсынған. Осылайша, ақпараттық платформаларға қол жеткізу бойынша жоғарыда аталған компанияларға негізсіз артық мүмкіншіліктер берді. Бұған қоса осы қызметті көрсететін өзге компаниялардың бәсекелестік жағдайын шектеген", – деп мәлімдеді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Ведомствоның шешіміне сай, мұндай актілерді қабылдау, Кәсіпкерлік кодекстің 194-бабына сәйкес тыйым салынады. Жаңа министр агенттік нұсқамасын орындап, бұрынғы әдістемелік ұсынымдар күшін жойды.

Жалпы, депутаттарға қатысты шағым, сын көп болып тұр. Мысалы, депутат Қарақат Әбден Парламентінің мінберін пайдаланып, "Шетелдікке тұрмысқа шығатындардан салық өндіру" бастамасын ілгерілетпек болды. Бұған жауап ретінде Айгүл Орынбек депутатқа: "Шетелдікке тұрмысқа шығатындарға емес, әйелді өлтіріп ұратындарға заң шығарып алыңыздар!" – деп жауап қайырды. Ал құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Қ.Әбденді депутат құқығынан айыруға петиция жариялады.

Масқара болғанда, бұл депутаттық корпус Президентке бір айтқан сөзін екі айтқызды. Мысалы, 2023 жылғы 29 наурызда VIII сайланған Парламенттің І сессиясының ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа депутаттарға бір мәселені қадап тапсырды.

"Құрметті депутаттар, сіздер әрдайым барлық істің бел ортасында боласыздар. Бірақ мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек", – деп нықтады Қ.Тоқаев.

Артынша, 2023 жылғы 19 сәуірде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысына қайтадан депутаттарға қайрылып, "жеңілтек популизм рельсіне түсуден" аяқ тарту қажеттігін қатаң ескертуге тура келді. Президенттің айтуынша, депутаттар электораттың өзекті проблемаларымен күн сайын, әрі мұқият айналысуға тиіс. Бұл ретте олар кәсібилік пен жауапкершілік танытуы шарт. Ол Парламент депутаттарының ой-пікірі атқарушы билікті беталды сынның астына алуды ғана көздемеуге тиістігін жеткізді. Үкіметтің де, Парламенттің де мақсаты – бір, яғни халықтың қамы және елдің мүддесі болуға тиістігін мәлімдеді.

Енді Парламент пен Үкімет осы міндет үдесінен шыға алар ма екен? Президент жаңа Мәжіліске бұған дейінгі депутаттық корпустарда болмаған жаңа құзыреттер, салмақты өкілеттіктер берді. Оны пайдалану ниеті бар ма?

Жаңа Мәжіліс 100 күнге жуық уақыт ішінде небары 15 жалпы отырысын, тұрақты комитеттердің 82 отырысын, комитеттердің 21 кеңейтілген отырысын, комитеттердің 14 көшпелі отырысын, заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 261 отырысын, 9 дөңгелек үстел өткізіпті.

Ел тарихында бір сессияда жүз-ақ күн істеген Мәжіліс жоқ. Мұны тек I сессиясында жүз елу күннен астам жұмыс істеген VII сайланған Мәжіліспен салыстыруға болады. Сол Мәжіліс осы аралықта палатаның 23 жалпы отырысын, тұрақты комитеттердің 186 отырысын, заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 435 отырысын, 13 "дөңгелек үстел" өткізіп үлгерген екен. Яғни, ескі Парламенттермен салыстырғанда жаңа Парламенттің жаңа жұмыс қарқынын, тың әрекет екпінін, қызмет серпінін көрсетіп отырғаны шамалы болып шықты.

Сарапшылар Президент бастамасымен Конституцияға және заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай, әр өңір мен қаладағы сайлаушыларға сенімін ақтамаған Мәжілістегі бірмандатты депутаттардың мандатын кері қайтарып алу құқығы берілгенін еске салуда.

Қалай болғанда, екінші сессиясында жаңа Парламенттің қоғам арасында тағы да кернеу туғызбасына кепіл жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу