Жаңа партия құрушылар күтпеген кедергіге тап болды

3437

Қазақстан жаңа жылда парламенттік сайлау өткізуге мүлдем дайын емес.

Жаңа партия құрушылар күтпеген кедергіге тап болды

Қазақстан халқы 5 маусымда Жаңа Қазақстанға дауыс беріп, Ата заңға өзгерістерді құптады. Биліктегі барлық биік лауазымды тұлға бұл күнді тарихи деп атады. Содан бері бір жарым айдан астам уақыт өтті. Парламент депутаттары каникулға кетті. Үкімет арқаны кеңге салды.

16 наурызда Президент жолдауында жарияланған саяси жаңғыруларға сәйкес және референдумда қабылданған конституциялық түзетулер талабы бойынша Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуға тиіс. Әкімдер мен олардың орынбасарларына да партия филиалдарын басқаруға тыйым салынған. Алайда тек Тоқаев қана Amanat партиясының төрағалығынан бас тартып, одан кетті. Ал басқалары бұлай жасамаған. Не себеп? Әлде республика ескі Қазақстанға кері домалап кетті ме?

Сарапшылардың түсіндіруінше, конституциялық реформалар өз ретімен жүзеге асырылады. Олар өмірге жолдама алуы үшін ең алдымен тиісті заңдар қабылдануы шарт. Бірақ Үкімет, соның ішінде Әділет министрлігі тиісті заң жобаларын әзірлеуді кешіктіріп жатыр.

Мысалы, ведомство "Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауын іске асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының пысықталған екінші нұсқасын қоғамдық талқылауға шығарды. Бірінші нұсқасы сарапшылардың сынына ұшыраған. Жалпы осы заң қабылданбай, Мемлекет басшысы өз жолдауында атын атап, түрін түстеген адамдар билеуші партиядан кіндігін үзбейді.

"Саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаратын әкімдер мен олардың орынбасарлары жоғарыда көрсетілген қызметтерді осы заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 10 күн ішінде босатуға тиіс. Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, саяси партияларға мүше Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері осы заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 10 күн ішінде саяси партиялардан шығуға тиіс", – делінген заң жобасының "Өтпелі ережелер" аталатын 2-бабында.

Қазақстан Президентінің 16 наурызда жариялаған конституциялық реформасы жаңа партиялардың қаптап құрылуына мүмкіндік беретіні де көп айтылды. Конституциялық кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұханов сол кезде жаңа партияларды тіркеу туралы 30-дан аса өтініш келіп түскенін мәлімдеген. Бірақ содан бері бірде бір жаңа партия құрылмады. Оны аз десеңіз, Әділет министрі Қанат Мусиннің мәлімдеуінше, олардың бірде бірі тіркелудің үш кезеңінен де өтпеген. Тіпті съез өткізіп, партия мүшелерінің қолын жинап болған, яғни бәрінен алға озған 4 бастамашыл топтың өзі Әділет министрлігінің тексеруінен сүрінді.

Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус пандемиясы қайтадан өрши бастады. Бас мемлекеттік санитар талаптарды күшейтуге кірісті. Жақын арада біраз өңір "қызыл" аймаққа өтуі ғажап емес. Демек көп халықты бір жерге жинауға тыйым салынуы мүмкін. Егер карантин шаралары күшейтілсе, бұл жаңа партиялардың құрылысын тоқтататыны даусыз.

Осы орайда бастамашыл топтар Әділет министрлігінен әр өңірден делегаттарды орталыққа, залға жинамай, жаңа партия съезін онлайн, Zoom, тіпті әлеуметтік желі арқылы өткізе салуға рұқсат сұрап жатыр. Бұл карантин жағдайында да партия ашу процесін тоқтатпауға мүмкіндік берер еді.

Биылғы сәуірде Yntymaq партиясының тіркелуге жақын қалғаны туралы айтылған. Алайда "Yntymaq" үйлестіру кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы Мейрам Қажыкен қазір съезді онлайн өткізуге қатысты Әділет министрлігіне түсініктеме сұрап жүгінді.

"Саяси партияның конференциясын – құрылтайшылық съезді онлайн форматта, бейнеконференциялық байланыс көмегімен өткізуге рұқсат етіле ме? Бұл рәсімде неге ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға жол ашпасқа?", – деді бастама авторы.

Бұған Әділет министрі Қанат Мусин ресми блогында жауап беріп, оған рұқсат ете алмайтынын жеткізді. Себебі ол заңда қарастырылмаған. Министр "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" заңына сәйкес, Қазақстан аумағында жаңадан құрылған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеумен, сондай-ақ олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн есепке алумен әділет органдары айналысатынын қаперге салды.

"Ал саяси партияларды мемлекеттік тіркеу тәртібі "Саяси партиялар туралы" заңында регламенттелген. Осы заңның 6-бабының қолданыстағы редакциясы бойынша партия саны 1 мың адамнан кем емес болатын, әрі саяси партияның құрылтай съезін шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың үштен екісінің атынан өкілдік ететін Қазақстан азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Бұл ретте ол азаматтар саяси партияның құрылтай съезіне – конференциясына жеке өзі қатысуы шарт. Яғни қолданыстағы заңнама азаматтардың құрылтай съезіне онлайн немесе қашықтан қатысуын қарастырмайды", – деді министр Қанат Мусин.

М.Қажыкен конституциялық реформа аясында бұл заң да өзгеріп жатқанына назар аудартты. Демек заң нормаларын қайта қарау аясында партия құрушы азаматтарды саяси партияның құрылтай съезіне жеке өзі қатысуын міндеттейтін талапты алып тастауға да болар еді.

Әйтпесе, сарапшылардың айтуынша, биылғы жыл соңына дейін Қазақстанда жаңа партиялар құрылып үлгермесе, келесі жылы Парламент сайлауын өткізуге болмайды. Өйткені олар электорат арасында өз мақсат-миссияларын түсіндіріп, өзін насихаттап, танытып үлгермейді, демек, бәсекеде мүйізі қарағайдай ескі партиялармен үзеңгі қағыстыра, тең бәсекелесе алмайды. Олай болса, жаңа парламенттік сайлау ескі билік кезіндегідей кезекті көзбояуға айналып шыға келмек.   

Негізі, Мәжіліс сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарда өткені белгілі. Қазір ол тек екінші сессиясын ғана аяқтады. Заң бойынша келесі – кезекті парламенттік сайлау тек 2026 жылы өтуге тиіс. Егер депутаттық сайлау "назарбаевтық дәстүрмен" мерзімінен бұрын емес, дәл уақытында өтсе, онда жаңа партиялар құрылып, қалыптасып, бұғанасы қатып, қызу бәсекеге қабілетті бола алады.  

Қалай болғанда, партияларға және сайлауға қатысты жаңа заңдар жобаларын Мәжіліс пен Сенат депутаттарының қызу талқылауы тек алдағы күзде, Парламенттің жаңа, үшінші сессиясы ашылған соң ғана басталады. Бүгінде Мәжілістегі үш партиялық фракция демалыста жүрген өз депутаттарына хабарласып, аталған заң жобаларына ұсыныстарын сұратып жатыр. 

"Бұл реформалар елдегі саяси ландшафттың дамуына жаңа серпін береді. Оның аясында партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Партия тіркеу үшін қазіргідей 20 мың емес, 5 мың мүше жинаса, жеткілікті. Партияның өңірлердегі өкілдерінің саны 600-ден 200 адамға дейін азайтылады. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға кемітіледі. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт ұлғайтылады. Саяси партиялардың қызметін реттейтін заңнамаға осы аталған өзгерістер – жаңа партиялар құруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Әділет министрлігі. 

Дегенмен қазақстандық заңнама бәрібір қаталдау күйінде қалатыны байқалады. Мысалы, Швецияда заң саяси партия құруға еш шектеу-талаптар қоймайды. Осының арқасында Швецияда 768 саяси партия тіркелген. Олардың көпшілігі аймақтық немесе жергілікті деңгейдегі партиялар. Тіпті, тек "бір мәселемен" шектелетін партиялары бар.

Әзербайжанда саяси партиядан небәрі 1 мың мүшесі болуы ғана талап етіледі. Яғни Қазақстандағы қолданыстағы талаптан 20 есе, ал саяси реформа аясында жаңаратын заңнамадағыдан 5 есеге аз. Оларда партияларға тыйым шамалы. Партия тек Әзербайжанның конституциялық құрылысын құлату, күштеп өзгерту немесе аумақтық тұтастығын бұзу мақсатын көздемесе, сол бағытта іс-қимыл жасамаса болғаны.

Қорыта айтқанда, билік жаңа партиялардың құрылып, қуат жиюына мүмкіндік пен уақыт бергені жөн болса керек. Әйтпесе, әлеуметтік желіде қазақстандықтар: "жаңа партиялар құрылмаса, енді сайлауға қатыспаймыз" деп жазып жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу