Жаңа Үкімет Aгрологистикалық орталықпен ауылды жаңа деңгейге көтере ала ма?

1857

Қазақстанда ауыл шаруашылығына маманданған жаңа индустриялық аймақ құрылып жатыр.

Жаңа Үкімет Aгрологистикалық орталықпен ауылды жаңа деңгейге көтере ала ма? Фото: triptonkosti.ru

"Батыс Қазақстан облысында "Aгрологистикалық орталық" аймақтық маңызы бар индустриялық аймақ құру туралы" облыс әкімі қаулысының жобасы әзірленді.

Құжат индустриялық аймақ туралы ережені де бекітеді. Оған сәйкес, аталған аймақты басқарушы компания құрылады.

Қаулы жобасына сәйкес, жаңа индустриялық аймақ, тиісінше оның ішіндегі орталық кем дегенде 20 жыл жұмыс істейтін болады.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің түсіндіруінше, Aгрологистикалық орталық аты айтып тұрғандай, негізінен, ауыл шаруашылығына бағдарланғанымен, оның аумағында өзге салаларда қызмет ететін кәсіпкерлер мен компаниялардың орналасуына да рұқсат етіліп, ынталандырылады.

"Батыс Қазақстан облысындағы "Aгрологистикалық орталық" аймақтық маңызы бар индустриялық аймақтың негізгі міндеттеріне біріншіден, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, туристік индустрия, көлік логистикасы, қалдықтарды басқару саласындағы жеке кәсіпкерлікті жеделдетілген түрде дамытуға жәрдемдесу кіреді. Екіншіден, ол жаңа өндірістердің инфрақұрылымын құруға және дамытуға кететін мемлекеттің шығындарын оңтайландырады. Үшіншіден, өндірістің тиімділігін арттырады. Бұған қоса, халықты жұмыспен қамтиды", – деп мәлім етті қала басшылығы.

Өзге салаларды аграрлық орталыққа кірістіру ол аймақтың өзгелер сияқты бос жатпауы, басқа кәсіптерге қатысты жобалармен, кәсіпорындармен де тезірек толуы үшін жасалса керек.

Әзірге, жаңа аймақта нақты қандай жобалар жүзеге асырылатыны белгісіз. Осы орайда басқарушы компания 3 жылдық кезеңге бекітілетін Индустриялық аймақтың даму стратегиясын түзеді. Ал облыс әкімідігі орталықтың даму жоспарын құптайды.

Орталық аясында жұмыс істегісі келетін ауыл кәсіпкерлері еңселі кеңселердің табалдырығын тоздырып, сергелдеңге түспеуі, өздеріне мемлекет көрсететін қызметтерді "бір терезе" қағидаты бойынша алуы үшін индустриялық аймақтың аумағында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалы, яғни бизнеске арналған ХҚКО ашылады.

Сарапшылар Агрологистикалық орталық құру идеясы осыдан үш жыл бұрын жарияланғанын еске салады. Оның концепциясын "Aqjaiyq" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы командасы дайындаған екен. "Aqjaiyq"-қа былтырғы 2023 жылғы желтоқсанда жаңа басшылық келді.

Әйткенмен, билік бұл орталықты құру міндетін жүзеге асыруға ӘКК-ті емес, БҚО-ның кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасын жауапты етіп бекітпек.

Ресми дерек бойынша тек облыстағы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы алғашқы Агрологистикалық орталықты құру жобасын Азия даму банкі қаржыландырады. Осы өңірлік банктің несиесіне тұрғызылады. Егер бұл тәжірибе өзін ақтаса және табысқа жетсе, онда ұқсас орталықтар республиканың өзге өңірлерінде іске қосылмақ.

Ауыл кәсіпкері Берік Ербота орталықтың тұжырымдамасы "Атамекен" палатасы аясында талқыға салынғанын айтады.

"Егжей-тегжейі жарияланбады. Тұсаукесер түрінде өтті. Білгеніміз, оның аумағында заманауи көкөніс сақтау қоймалары тұрғызылады, оны салушы компанияға салықтық жеңілдіктер және басқа да артықшылықтар ұсынылады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өндірушілері өз астығын, жеміс-көкөністерін ұзақ уақыт әрі арзандау тарифпен сонда сақтай алады. Қыс пен көктемде көкөніс атаулыдан біршама тарығатын Батыс Қазақстан үшін мұндай жоба көкейкесті. Бір алағайдан соң бір бұлағай келетін қысылтаяң шақта халықтың қымбатшылық зардабын тартпауына оның да қолғабысы тиер ме еді", – деді кәсіпкер.

Ол алысқа бармай-ақ, көрші Ресейде "Агропарктер" барына, солардан ізгі үлгі алуға болатынына назар аудартты. Сонымен бірге, онымен шектелмей, орталық аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, батыстық жаңа технологияларға құрылған кәсіпорындар болғаны жөн. Сонда оларды аграршылар қажетті шикізатпен толық қамтиды.

Б.Ерботаның айтуынша, егер еліміздегі тұңғыш Агрологистикалық орталық өркен жайса, оның тәжірибесін игеруге Қазақстанның өзге өңірлерінен, сондай-ақ Орталық Азия және ТМД елдерінен ресми делегациялар, кәсіпкерлер, компаниялар келетінін болжады. Яғни, өңірде іскерлік туризмнің дамуына да серпін берер еді.

Бірақ ол үшін бұл индустриялық аймақ қағаз жүзінде қалмауы, қаңырап бос жатпауы керек, жұмысы екпінді жүруге тиіс.  

Бұған дейін облыс әкімдігі 4 компаниямен меморандумге қол қойған болатын. Олар төрт көкөніс сақтау қоймаларын салып, жабдықтайды деп күтілуде.

Жоспар бойынша Агрологистикалық орталық қолданысқа берілгеннен кейін облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті еселеп артуы қажет. Бұған барлық мүмкіндік бар: еліміздің Батысы қос құрлық – Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан, әрі автокөлік жолы, теміржолдар және теңіз жолдары (Атырау, Маңғыстау облыстары арқылы) сонда түйіседі.   

Орталық Ресеймен шекаралық сауданы дамытуға ықпал етеді. Ең басты бір міндеті – Қазақстанның Батысын ауыл шаруашылығы өнімдерімен барынша қамтамасыз ету болмақ.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының түсіндіруінше, облыстың экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі агроөнеркәсіп кешені болып табылады.

Алайда бұл салада кешенді түрде шешуді қажет ететін көптеген проблема бар. Оларды климаттық дағдарыс, табиғи құбылыстар, қуаңшылықтар күшейте түсті. Мәселені ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу қуаттылықтарының тапшылығы да ушықтыруда. Бұған қаржыландырудың жетіспеушілігі үстемеленіп, түйткілдерді ауырлата береді.

Сондықтан Агрологистикалық орталықтың құрылуы облыс басшылығына агроөнеркәсіптік кешен секторында қордаланған мәселелерді шешуге кешенді келіп, саланы дамытуға еліміздің өзге өңірлерінен және шетелден жаңа инвесторларды тартуға мүмкіндік беруге тиіс.

Үкіметтің дерегінше, Агрологистикалық орталық Орал қаласының халықаралық әуежайының жанында орын тебеді. Сол маңда оған жапсарлас "Еуразия" трансшекаралық сауда орталығы бой көтереді.

Олар біріге келе, Еуразиялық одақ аумағындағы ірі халықаралық экономикалық алаңға айналуға тиісті.

Жаңа индустриялық аймақтың жалпы көлемі 281 гектарға жетуі мүмкін.

Осы жерден экспорттық өнімдер Орынбор, Саратов, Самара өңірлеріне, әрі қарай Ресейдің өзге ірі федералдық округтеріне және оның территориясы арқылы Шығыс Еуропаға шыға алады.

Яғни, оның одақ аясындағы жүк ағындарының тораптары түйісетін орталыққа, хабқа айналуына мүмкіндігі бар.

Үкіметтің ресми мәліметі бойынша Агрологистикалық орталықта ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдері сақталып қана қоймай, саудаланады, түрлі дайын өнімдерге дейін өңделеді, логистикасы жолға қойылады.

Бұдан бөлек, онда кедендік рәсімдеу жүзеге асырылады. Жол бойындағы сервис, көмекші шағын және орта бизнес нысандары өркен жаяды деп жоспарланған.

Маңында авиакарго терминалы орналасып, онда жүк терминалдары, халықаралық мультибрендтік фулфилмент орталығы тұрғызылмақ.

Бүгінде БҚО әкімдігі индустриалдық аймақтың инфрақұрылымын салу жұмыстарымен айналысуда. Құрылыс 2024 жылдың аяғында бітеді деп белгіленген.

Егер батысқазақстандық Агрологистикалық орталық тиімді жұмыс істесе, ауыл шаруашылығының түрлі дақылдарының астығын сақтауды және олардан саналуан дайын тауар шығаруды бір жерде жолға қоюдың үздік үлгісін көрсете білсе, онда отандық агроөнеркәсіптік кешен жаңа деңгейге шыға алар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу