Жаңа Үкімет ұлттық мүдде үшін Ресейге қарсы шықты

11928

Ресейдің Украинадан ұрлаған бидайы Қазақстанға қиындық әкелді. 

Жаңа Үкімет ұлттық мүдде үшін Ресейге қарсы шықты Фото: yandex.kz

Орталық Азияға экспансия жасаған ресейлік астық отандық егіншілікті құрдымға құлатуы мүмкін. Сондықтан Смайылов Үкіметі РФ бидайының елімізге әкелінуіне тыйым салуды жоспарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қазақстан Республикасының аумағына бидайды автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды енгізу туралы" бұйрық жобасын жариялады.

Ведомство бұл қадам Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29-бабына, сондай-ақ қосымшаның 10-бөліміне сәйкес келеді деп отыр. Яғни, Мәскеу аталған шараны одақтастық келісімдерге қайшы деп Қазақстанды одақ сотына сүйрей алмайды.

"Тұқымдық бидайды қоспағанда, бидай (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатуралық коды 1001) импортына Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен 6 айға тыйым салу енгізілсін", – деп жазылған құжатта.

Жоба Қаржы, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика министрліктерінің келісімінен өтуде. Содан соң қабылданады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментіне бұйрықты Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу жүктелді.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап, бірден шұғыл қолданысқа енгізіледі.

Қазақстанның бұл қадамға бармасқа амалы қалмады. Eldala порталы қазақстандық трейдерлерге сілтеме жасай отырып хабарлағандай, Премьер Әлихан Смайылов Қазақстанға тоқтаусыз керуендей ағылып жатқан, ресейлік бидай тиелген фуралар легіне жедел тосқауыл қоюды тапсырыпты. Нарық қатысушыларының күтуінше, АШМ тиісті бұйрығы 10–12 сәуір аралығында күшіне енуі керек.

Бұдан бұрын РФ астығының тасқынын бөгеу мәселесі вице-премьердің төрағалығымен өткен арнайы кеңесте көтерілді. Осыдан соң мәселе ведомствоаралық комиссияның отырысында талқылауға шығарылып, оның мүшелері тыйымнан елге келер пайда мен залалды салмақтауға кірісті. Өйткені айналасының бәрінен жау іздеген жауыз көршіге қарсы абайлап қимылдаған абзал.

Қазақстандық тараптың дәйектемесі келесідей: Қазақстанға жеткізілетін ресейлік астықтың басым бөлігі контрабандалық жолмен жеткізіледі. Салдарынан, бюджет қосылған құн салығынан қағылады. Осыдан кейін РФ бидайы отандық арам ниетті шаруа қожалықтары арқылы заңдастырылып, Орталық Азияға қазақстандық астық түрінде экспортталады. Бірақ оның отандық астық еместігін қазақстандық бидайға қарағанда анағұрлым арзан бағасынан да айыруға болады екен. Соның кесірінен, бір жағынан, өзіміздің астық өтпей қалады, жергілікті егіншілер мен трейдерлер нарықтан айрылады. Екінші жағынан, ол астықтан түскен барлық экспорттық түсім толық дерлік Ресейге кетеді. 

Таяуда Eurasian Agricom форумында жария болған дерекке жүгінсек, биылғы маркетингтік жылда Ресей Қазақстан арқылы 2 миллион тоннадан астам бидайын сатып үлгерген.

Ендеше билік басына қайта келген Смайылов Үкіметін сонша жедел қимылдады деу қиын.

Жалпы, сарапшылар республикамызға тәулік сайын 10–20 мың тонна ресейлік бидай контрабандалық жолмен енетінін айтып отыр. Яғни, ай сайын кем дегенде 400 мың тоннасы заңсыз, айналма және коррупциялық жолдармен жеткізілуде. 

Әзірге Үкімет тыйымды тек қысқа мерзімге, жарты айға енгізуді жоспарлады.

Сарапшылар болса, ұзақмерзімді кезеңде де ахуал ушыға береді деп болжады. Себебі 2025 жылы одақ аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол тарифтері бірегейлендіріледі. Содан кейін РФ астығының теміржол арқылы ағындауына қойылған соңғы тоспа құлайды. Әзірге отандық теміржолшылар отандық өндірушілерді қолдау мақсатында РФ транзиті үшін қымбатырақ тариф қойып тежеп жүр. 2025 жылы Қазақстан РФ өндірушілері үшін ішкі тарифтерді ұсына бастаса, онда солтүстік көрші бүкіл Орталық Азиядан қазақстандық ұн мен бидайды толық ысырып шығаруы мүмкін.  

"Бүгінде ресейлік жүктерге Қазақстан жоғары транзиттік тариф белгілеп отыр. Осының нәтижесінде ресейлік өнімдер орталықазиялық нарықта қазақстандыққа қарағанда әр тоннасы үшін шамамен 60 долларға қымбатқа түседі. Унификация жүргізілгенде айырмашылық жойылады. Бұл неге әкеледі? Ресей үшін Өзбекстанға бидайды, Ауғанстанға ұнды жеткізу экономикалық тұрғыдан пайдалы болады. Тарифтік кедергі құлаған соң РФ арзан экспорты Орталық Азиядан қазақстандық өнім өндірушілерді түре қуып шығады. Сондықтан мен келесі жылы да, тіпті 2025 жылы да бидай нарығында қазақстандық өнім үшін еш жақсылық көріп тұрған жоқпын. Егер қандай да бір шешімдер қабылданбаса, Қазақстандағы астық өндірушілер үшін барлығы тек нашарлай береді", – деді Agrofidelity трейдинг компаниясының басшысы Тайыр Баталов.

Ол фермерлер таяу болашақта қандай қиындықпен бетпе-бет келгелі, жалғыз қалғалы тұрғанын қазірден түсінгені жөн екенін қаперге салды.

Неге ресейлік астық қазақстандықтарға арзан?

Тайыр Баталовтың түсіндіруінше, Ресейдің аграрлық секторды мемлекеттік қолдау саясаты ғаламат.  

Себебі батыс санкциялары жанши бастаған РФ өз халқы тамақтан тарықпауы үшін бірінші кезекте ауыл шаруашылығында импорталмастыруды қарқынды жүргізіп жатыр.

Екіншіден, тағы да санкцияларға байланысты РФ өнімдері жаһандық нарықтың басым бөлігінен шеттетілуде. "Жаманның қарақтағаны жанындағысы" дегендей, содан Мәскеу іргесіндегі Қазақстан мен Орталық Азия нарығын шабуылдауға кірісті.

Үшіншіден, ресейлік сарапшылардың хабарлауынша, Қазақстанға контрабандамен тасылып жатқан астықтың арасында Украинаның басып алынған астықты аймақтарының өнімі болуы ықтимал. Ресей астық одағының басшысы Аркадий Злочевскийдің хабарлауынша, мысалы, Ростов облысындағы барлық элеваторлар сатылмаған астыққа лық толып тұр. Трейдерлер оны қайда жіберерін білмейді.  

Ресейлік ақпарат құралдары мұның бірнеше себебін атады. Біріншіден, Украинаның "қосылған территорияларынан" тасылған мол астық РФ нарығын шектен тыс толтырды. Украинамен шектесетін Ростов облысындағы астық қамбаларының аузы-мұрнынан шыға толуының себебі де сол.

"Ростов облысының қоймаларында шамамен 5 миллион тонна бидай қалдығы сақтаулы тұр. Мұндай қалдық бізде бұрын болмаған. Сол себепті элеваторлар шектен тыс толып қалды", — деді облыс губернаторының орынбасары Виктор Гончаров.

Екіншіден, халықаралық санкциялар ресейлік астық экспортының адымын аштырмай тұр. Үшіншіден, бюджеті таязданып, қосымша түсім іздеген РФ үкіметі астыққа экспорттық бажды алып тастаудан бас тартты. Төртіншіден, былтыр Ресейдің өзі астықтан кезекті рекорд орнатты: 150 млн тоннадан астам бидай орды. 2016 жылдан бері РФ астық сатудан жаһандық лидерге айналды: әлемдік нарықтың бестен бірін жалғыз иеленген еді. Бүгінде ол үлесін бірте-бірте жоғалтып жатыр.

Негізі, ұжымдық батыс ресейлік астық өнімдеріне санкция салған жоқ. Бірақ ресейлік тасымалдаушылар үшін фрахт, яғни теңізбен жүк тасымалдау ақысы еселеп өсіп кетті. Оның үстіне жетекші сақтандырушы компаниялар ресейлік жүкті сақтандырудан ат-тонын ала қашады. Ал сақтандырылмаған жүкті кемелердің, танкерлердің көбі бортына қабылдамайды.

Кеше белгілі болғандай, ірі трейдерлердің бірі Cargill компаниясы алдағы ауыл шаруашылығы жылында Ресейден астық тасуды тоқтатады. Ресеймен серіктескен 30 жылда халықаралық компания Краснодар өлкесінде, Воронеж облысында бірнеше ірі элеваторын тұрғызды. Бірақ былтырдан бері ресейлік астықты тасуда қиындыққа тап болыпты.

РФ Үкіметі 2023 жылы бидай түсімі былтырғыдан 20% төмен болып, 125–127 миллион тоннаны құрайды деп болжады. Дегенмен, жаһандық нарықтағы өрісі шектелген Ресейдің Орталық Азияны бидайымен толық жаулап алуына, сөйтіп өзіне тәуелді етуіне осының өзі жетіп жатыр.

Әрине, орталықазиялық көршілердің кейбір сарапшысымақтары: "Бізге арзан бидай керек, неге оны Қазақстан өткізбейді?" деген ауанда көңілтолмастық білдіруде. Бірақ олар бұл баға демпингінің уақытша екенін, нарықты жаулап алған соң РФ астықшылары өз өнімінің құнын күрт көтеретінін түсінгені жөн. Мұны Қазақстан да бастан кешуде. Мысалы, ресейлік және беларустік майонез өнімі қазақстандық нарықты ен жайлап, отандық өнімдерді супермаркеттер сөрелерінен сүріп тастаған соң бағаны екі есеге жуық көтеріп жіберді.

Азық-түлікте Ресейге тәуелді болған елдің ертеңгі күні қараң. Демек, осыған тосқауыл қоюға күш салған Қазақстан Үкіметі бүкіл аймақ елдерінің тәуелсіздігі үшін күресіп жатыр деуге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу