Жаңа Үкіметті кім басқарады?

7698

Қазіргі Үкімет отставкаға кетсе, жаңа министрлер кабинетін кім басқаруы мүмкін? Елімізде қандай кадрлық өзгерістер болады? Бұл жөнінде inbusiness.kz қазақстандық саясаткерлердің пікірін білген еді.

Жаңа Үкіметті кім басқарады? Фото: Серікжан Қобыланбаев

Бүгін, 10 қаңтар күні өтіп жатқан Парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауынан кейінгі елдегі ең маңызды оқиға – Үкіметтің отставкаға кетуі болғалы тұр. Елдегі заң бойынша солай болуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та "сайлау аяқталған соң Парламенттегі фракция жетекшілерімен және депутаттардың жаңа құрамымен жаңа Үкіметті бекіту жөнінде ақылдасатынын" мәлімдеді. Сонымен, саясаткерлердің болжамы бойынша Үкімет басына кім келуі мүмкін, елде қандай кадрлық өзгерістер болады?

Максим Казначеев, саясаткер:

– Елімізде осыдан үш жыл бұрын қабылданған заң бойынша Үкімет отставкаға кететіні анық. Мәжілістің жаңа құрамы сайланған сәтте Үкімет оның алдына өзінің өкілдігін тапсыру қажет. Бұл жай ресми талаптар, сондықтан одан үлкен өзгерістер күтудің қажеті жоқ. Ал жаңа министрлер кабинетін кім басқаратынына қандай да бір болжам айту қиын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ол Парламенттегі фракция жетекшілерімен бұл туралы ақылдасып шешеді.  Премьерлікке үміткер болатын кандидаттар жетерлік. Тек Nur Otan саяси партиясының өзінде он шақты адам тізімде тұр. Сондықтан нақты кім Үкіметті басқаратынын айту әлі ерте.

Данияр Әшімбаев, саясаткер:

– Президент айтты екен деп, Үкімет ауысып жатқан жоқ. Бұл – 2008 жылы қабылданған конституциялық норманың талабы. Онда Үкiмет Парламент Мәжілісінiң өкiлеттiк мерзiмi шегінде жұмыс істейтіні және жаңадан сайланған Республика Парламенті Мәжілісінiң алдында өз өкiлеттiгiн доғаратыны айтылған. Депутаттардың жаңа құрамы алғашқы сессиясын өткізгеннен кейін министрлер кабинеті отставкаға кетеді. Әлбетте, мұны Президент фракция жетекшілерімен келісе отырып, жүзеге асырады. Менің ойымша, қазіргі Премьер-министр Асқар Мамин өз орнында қалады. Көпшілігі солай ойлайтынына сенімдімін. Ара-тұра Нұрлан Нығматулиннің (ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы – ред) де аты аталып қалады және Бауыржан Бәйбек те (Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары – ред) Үкімет басына келуі мүмкін деген болжам бар. Нақтысын сайлаудан кейін білеміз.

Талғат Қалиев, саясаткер:

– Иә, Үкімет қайтадан сайланған Парламенттің алдында өкілеттігін тоқтатуға тиіс, бірақ бұл Премьер-министр тағына жаңа кандидат ұсынылады деген сөз емес.  Меніңше, қазіргі Үкімет басшысы Асқар Мамин өз орнында қалады. Өйткені ол қазір ел экономикасын дамытудың жаңа шешімдерін әзірлеумен айналысып жатыр. Бұған қоса, коронавирус салдарынан болған дағдарыс шараларын Асқар Маминның жетекшілігіндегі Үкімет жүргізіп келеді. Сондықтан басқалардан қарағанда оның Премьер-министр болу мүмкіндігі өте жоғары. 

Әлбетте, Президент фракция жетекшілерімен ақылдасады, кеңеседі. Мұның бәрі заңда жазылған қалыпты дүниелер. Алайда министрлердің бірлі-жарымы кетуі мүмкін. Бұрыннан келе жатқан министрлер кандидат ретінде қайта ұсынылады.

Ауыс-түйістің үлкені әкімдіктерде болады, меніңше. Жаңа құрам жаңа қадамдар жасауды талап етеді. Дегенмен де былтыр министр болып тағайындалғандардың "ұпайы" биыл да түгел болып, орындарын сақтап қалмақ. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрі (Алексей Цой – ред), Ақпарат және қоғамдық даму министрі (Аида Балаева – ред), Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (Бағдат Мусин – ред.), сондай-ақ тағайындалғанына көп болмаған Білім және ғылым министрі (Асхат Аймағамбетов – ред.) орындарында тұрақтап қалады.

Ал сайлау қорытындысы Үкіметтің жаңаша жасақталуына әсер ете ме? Әлбетте. Өйткені премьер-министрдің кандидатурасы парламентке ұсынылады, бұл министрлерге де қатысты. Мұндай өзгерістер жеңіске жеткен партия фракциясына ерекше ықпал етеді. Сондықтан келесі аптадағы еліміздің саяси әлемі өте тартысты да қызықты болғалы тұр.

Марат Шибұтов, саясаткер:

– Бүгінгі сайлаудан кейін Үкіметтің ауысуы – міндетті процедура. Президент палаталардың бірлескен отырысында сөз сөйлейді, ал Үкімет өкілетілігін доғарады. Содан кейін министрлер кабинетінің құрамы қаншалықты өзгеретінін көреміз. Бұл – министрлерді ауыстыруға өте жақсы себеп. Өйткені 2020 жылдың қорытындысы бойынша өзінің міндетін дұрыс атқара алмаған министрлер бар. Оларды ауыстыру керек. Бұл талап әкімдерге де қатысты.

Ал қазіргі Үкімет басшысы орнында қала ма деген сұраққа жауабым, ол өзінің бар күш-жігерін сарқып тауысты. Десек те Үкіметтің жаңа құрамы жаңа депутаттық құраммен келісе отырып, шешілетіні белгілі. Сондықтан премьерлікке кім келетінін уақыт көрсетеді. Жаңа депутаттық құрам министрлер кабинетінің кейбір мүшелерін алып тастауы мүмкін. Бірақ ол үшін билік партиясында (сайлау қорытындысы бойынша - ред) қазіргідей 87 депутат емес (мәжілістегі – ред ), одан аз болуы керек.

Дәурен Әбен, саясаткер:

– Заң бойынша Үкімет отставкаға кетуі керек. Сондықтан Президенттің мәлімдемесінен ешқандай да жаңалық көріп отырған жоқпын. Асқар Мамин қайта тағайындалатынына сенімім үлкен. Әрине, Үкімет басына басқа адам келсе дейсің. Өйткені Қазақстанның экономикасы аянышты жағдайда тұр. Сондықтан Үкімет басына жауапкершілікті өзіне алуға қорықпайтын іскер адам керек. Бірақ қандай жағдай болсын, Премьер-министріміз Nur Otan партиясынан болатыны анық.

Болжам жасау деген жақсы нәрсе емес негізі. Дегенмен де айта кетейін, билік партиясынан премьер-министрлікке Бауыржан Бәйбек кандидат ретінде ұсынылуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу