Жаңа заң үмітті ақтамады

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
16127

Бизнес тұрғын үй құрылысына аңқау жандардың ақшасын тартудың жаңа жолын тауып отыр.

Жаңа заң үмітті ақтамады

Нарық 2016 жылдың қазанында күшіне енген "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу" туралы заңға осылайша жауап берді. Құрылыс салушылар жаңа ережені қолдануға мүмкіндігі болмағандықтан, басқа жол қарастырып отыр. "Оларға заң жүзінде тыйым салынбаған, бірақ азаматтардың құқын қорғамайды", – дейді Астанадағы үлескерлер қоғамдық ұйымының төрағасы Татьяна Чурсина.

Заңгер және Астана қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) мүшесі Татьяна Чурсина заңды күшейтудің арқасында ғана алаяқ құрылысшыларды азайтуға болады деп есептейді.

Ол үлескерлерге қауіп төндіретін тәуекелдер мен алданған мыңдаған үлескерге қатысты жағдайды abctv.kz арнасына берген сұхбатында айтып берді.

- 2016 жылдың соңында көптеген алаяқ құрылысшыға қатысты үкім шықты. Қылмыстық істің осынша қарқын алуы және үкімнің тез шығуы немен байланысты?

- Жаңа заң күшіне енгеннен кейін, бас прокуратура алданған үлескерге қатысты барлық қылмыстық істі тезірек бітіруді талап етіп отыр. Үлескерлер арасындағы алаңдаушылықты жеңілдету мақсатында мұндай іске қатысты қандай да бір шешім қабылдануы керек. Құрылысшыларды қылмыстық іске тартудан басқа шешім жоқ. Мен үлескерлердің мүддесін қорғауға қатысты мәселемен айналысқаныма он жылдан асты, осы уақыт ішінде құрылысшылар жасаған алаяқтықтың көптігін бірінші рет көріп отырмын. Осы жылы Астанада 4-5 қылмыстық іске үкім шықты. Бұл істе 10 мың үлескердің тағдыры қарастырылды.

- Қылмыстық іс қозғалғанға дейін құрылыс салушы үлескерлердің міндетін орындату үшін қандай шара қолданылып отыр?

- ВАК жұмысы былайша іске асады. Бірінші, бізге үйі салынбай жатқан үлескерлер шағымданып келеді. Олардың қолында құрылыс салушыдан міндеттердің орындалуын талап ету үшін пәтерді сатып алу-сату келісімшарты болуы керек. Осыдан кейін ВАК құрылыс салушының құрылыс салуға деген рұқсат қағазын тексереді. Көптеген құрылыс салушы салынатын нысанға жер телімі мен эскиз жобасы болмаса да, пәтер сатқан. Бұл алаяқтық емей немене? Бұрынғы заңда міндетті болған үлескерлердің қаражатын тарту лицензиясы ешкімде жоқ. Бұл лицензия Астанадағы тек екі құрылыс компаниясында ғана бар болып шықты. Қалғандары бұл талапты әртүрлі жолмен шешкен.

Содан кейін ВАК-қа құрылыс салушылар шақырылып, тұрғын үй кешенін (ТК) салуға рұқсат құжаттары тексеріледі. Егер құрылыс салушының жекелеген рұқсат етуші құжаты болмаса, онда әкімдік оны алуға көмектеседі. Мен өзім араласып, өкілетті органдармен келісемін. Құрылыс салушылар көбінесе рұқсат етуші қағаздың көптігіне шағымданады, ал әкімдік тексере бастағанда мәселенің барлығы басқада екені белгілі болады.

Сотталған құрылыс салушының ісін ВАК екі жылға дейін қараған болатын. Проблемалық нысандарын құрылыс салушының өзі қайта іске қосуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Құрылыс салушы нысанды салмайтынын түсінгеннен кейін үлескерлерге ВАК еш көмек көрсете алмайды. Үлескерлер ішкі істер департаментіне арыз жазады. ВАК-тың қолынан келетіні – құрылыс салушыны шақырып, құрылыстың салынбау себебін анықтап, керек көмекті көрсету ғана.

Мен "Әл-Баракат" құрылыс компаниясының басшысы Бақытжан Тойымбетовке қатысты сот отырысына қатыстым.

Ол болашақта салынатын "Шарджа", "Прага", "Теңіз", "Токио", "Ақ Жар", "Тұран Астана" ТК пәтерлерін сатқан. Ал шындығында, тұрғын үй кешенін салуға не жері, не жобасы болмаған. Сот барысында ол "сотталмағанда бәрін алатын едім" деп ақталды. Қалай салатын еді? Тергеу барысында белгілі болғандай, Тойымбетов барлық ақшаны Алматыдағы мейрамхана бизнесіне салған. Ол сот отырысында мейрамхана бизнесі мол табыс әкелетінін, содан түскен ақшаны тұрғын үй нысандарын салуға жібермек болғанын айтты. Ол мейрамханадан басқа зауытқа да инвестиция салған болып шықты.

- ВАК қарастырып жатқан құрылыс нысандары қандай деңгейде? Бір нысан бойынша шамамен неше үлескер алданған?

- Бір нысан бойынша алданған үлескер саны шамамен он адамнан басталады. Салынып жатқан құрылыстың ішінде енді бастап жатқандары да бар, сондай-ақ салып бітіріп қалғандары да бар.

- ВАК жұмысының арқасында салынып біткен немесе салынатын нысан қанша?

- Олардың саны өте көп. ВАК-та қаралып жатқан жағдайдың он пайызы сотқа дейін жетеді. Қалғанын шешуге көмектесеміз. Құрылыс салушы он үлескерді тартып, бірақ құрылыс салуға толық құжаты болмаған жағдайлар болды. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Барлық үлескердің ақшасын қайтарттық, қазір құрылысты өз қаражатына салып жатыр. Тағы бір құрылыс салушы 14 үлескердің ақшасын қайтарды.

- ВАК жұмысының нәтижесінде неше үлескер пәтер алды?

- Бүгінгі күні ВАК 58 нысанды қарастырып жатыр, бұл – шамамен 15 мың үлескер. 2007-2008 жылдардағы бірінші дағдарыстан кейін ВАК жұмысының арқасында 246 нысан салынып бітті. Оны жартылай Астана қаласы әкімдігінің "Жаңа құрылыс" өкілетті ұйымы салса, жартылай жеке инвесторлар салды. Тұрғын үй кешенін жартылай сатып алу механизмі іске асты.

Мысалы ТК пәтерлерінің 80 пайызы сатылып, 20 пайызы қалды. Құрылысты салып бітіруге ақша жоқ. Сондықтан осы 20 пайызды әкімдік сатып алып, нысанды қаржыландырып салып бітті. Қазір ВАК мұндай нысанды қарастырмайды, себебі үлескерлердің ақшасы алаяқтардың қалтасында кетіп, нысан мүлдем салынбай отыр. "Алға Тоқболат" ЖШС директоры Ержігіт Әлжан жеке тұлғалардан ақшаны өзі жинаған. Ал нотариус оған қолхат берген. Алайда бұл ақша не ЖШС кассасына, не банк есепшотына түспеген. Ол "Хан Шатыр" сауда үйінің жанынан ТК салмақ болып 215 үлескерден ақша жинаған. Алайда ол тек 108 пәтер салуға ғана рұқсат алған. Бұдан басқа сатылған 111 пәтер жоспарда жоқ болып шықты. Шын мәнінде, сатылған тұрғын үй аудандары эскиз жобасы бойынша қарастырылған бизнес-орталық есебінен сатылған.

- Құрылыс салушыға үкім шығарған кезде алданып қалған үлескер саны есепке алынбайды. Сіз заңгер ретінде шығарылған жазамен келісесіз бе?

- "Алаяқтық" бабы бойынша берілетін ең көп мерзім – 12 жыл. Ал сотталып жатқан құрылыс салушыларға мыңдаған адам алданып қалады. Мысалы "Азбука жилья" компаниясы үлескерлерден шамамен 40 млрд теңге жинаған. Компания директоры әлі сот алдында жауапқа тартылған жоқ. Осы іске қатысты қалған айыпталушылар 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылды. Ал алданған үлескерлер шамамен 4000 адам. "Квартиры НС" ЖШС директоры Медет Бектеміров 10 жылға сотталды, ал оның кінәсынан зардап шеккендер шамамен 1000 адам. Тіпті сот шешімінің өзі үлескерлердің мәселесін шешпейді. Оны қамауға алып, қылмыстық іс бастағанға дейін ол барлығын сатып немесе басқа адамның атына қайта рәсімдеп үлгереді. Сондықтан ешқандай мүлік тәркіленбейді.

- Құрылыс салушыға үлескерді алдағаны үшін тек кылмыстық жаза ғана емес, тағы басқа шара қолдануға бола ма?

- Шынында қылмыстық сот үлескер мәселесін шеше алмайды. Қазір прокуратура үлескерлер мүддесін қорғау үшін құрылыс салушылардың активтерін жәбірленушіге беруге азаматтық арыз жазып жатыр. Жоғарыда айтып кеткенімдей, олар барлық мүлкін жақындарына жазып кетеді. Жаңағы айтқан Медет Бектеміровтен тек екі автокөлік пен бір пәтер ғана тәркіленді.

Қазір "Төленді" ТҚК төрағасы Айдын Байжұмановтың ісі қаралып жатыр. Ол сегіз нысан салған. Тексеру кезінде оның Ресейге ақша аударғаны, жарнашылардан қолма-қол ақша алғаны белігілі болды. Мұның барлығы – салық төлеуден жалтару. Бұған қатысты істі қаржы полициясы қозғауы керек. Олардың бұл жағдайда үнсіз отыруы қылмыс деп есептеймін.

"Зере-1" және "Зере-2", "Алтын Ұя" ТК тапсырыс беруші "КазГаз Астана-НС" ЖШС директоры Данияр Ахмедияров 100 жеке тұлғаға шамамен 100 пәтер сыйға тарқан, содан кейін екі күн ішінде бұл пәтерлер қайта сатылған. Осылайша ол үлкен көлемдегі салықты төлеуден құтылып кетті, себебі 100 пәтер сатқаннан оның серіктестігіне бір тиын да түспеген. Осы тұрғын үй кешеніне тағы бірнеше үлескер ақша салып, үйлерін ала алмай жүр. Қазір тергеу жүріп жатыр.

"Алға Тоқболат" ЖШС иесі Ержігіт Әлжан үлескерлердің ақшасын жинап алып, тұрғын үйдің орнына қонақүй салған. Қазір қонақүй басқа адамның атына жазылған.

Менің ойымша, қылмыстық жазадан басқа шараны бас прокуратура мен ІІМ қолдануы керек. Егер үлескерлер құрылыс салушының атына ІІД арыз жазса, онда жақын туыстарының мүлкі бұғақталуы керек. Өйткені барлығы жақындарына жазылатыны түсінікті. Басқа жол жоқ. Мүмкін сонда ғана бірдеңе өзгеретін шығар.

- Жазаға кесілген алаяқ құрылыс салушыдан алатын ештеңе болмаса, құрылысты аяқтау үшін қандай жолдар қарастырылады?

- ВАК үлескерге көмектесудің әртүрлі жолын қарастырады. Мысалы "Алға Тоқболат" ЖШС нысаны бойынша пәтерлер санын арттыру мақсатында жобаны өзгертуді ұсынып отырмыз. Сонда ғана инвестор алданған үлескерден қосымша қаржы тартпай-ақ құрылысты салып бітіре алады.

- Дағдарыс кезінде инвестор тарту оңай емес шығар?

- Біз оларды қазір де тауып отырмыз. "Самал", "Араби" және "Араби-1" тұрғын үй кешендерін салып бітіруді "Маир-7" компаниясы қолға алды. Осы айда қытай инвесторлары келіссөз жасауға келуі керек. Олар Астанада құрылыс салмақ ойлары бар. Орал қаласының инвесторы салынып бітпеген бір нысанды алмақшы. Ол өзін осы жерде көрсеткеннен кейін, өздігінен құрылыс сала алады.

- 2016 жылдың қазан айынан бастап қолданыла бастаған "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу" туралы жаңа заң алданған үлескерлер ағынын тоқтата ала ма?

- Менің бұл туралы айтуым жөнсіз, бірақ бұл заң әлі күшіне енген жоқ. Құрылыс салушылар қойылған талаптың көптігінен үлескерлер ақшасын тартуға рұқсат ала алмай отыр. Әсіресе, шағын компанияға қиын. Олар барлық жерге жазады. Тіпті BI Group сияқты ірі құрылыс салушы компанияның өзі үлескерлер ақшасына тартуға рұқсатты бірден алған жоқ. Өйткені құжаттың барлығы бірдей дұрыс болмады. Бұл заңды әлі қарастыру керек.

Ведомствоаралық комиссия үкіметтен Астанадағы проблемалық нысандарды 2017 жылдың ортасына дейін салып бітіру үшін құрылыс салушы компанияларға беруді сұрап отыр.

Жаңа заңнан басқа жалпы елдегі заңдарда алаяқ құрылыс салушылар үшін жұмыс істейтін амал-айла толып жатыр. Мысалы тұрғын үй-құрылыс кооперативін (ТҚК) кез келген адам аша алады, ТҚК заң жүзінде мүлде реттелмеген. ТҚК туралы заң соңғы рет кеңес одағы кезінде өзгерген. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болса да, ол жердегі бірде-бір сөз өзгермеген.

- Алаяқ құрылыс салушыларға алданатын үлескерлер азайды деуге бола ма? Бұрынғыға қарағанда қазір адамдар барлығын жақсы біледі, құрылыс салушыларға талап күшейді, жылжымайтын мүлік нарығы ақыр соңында тоқырайды ғой...

- Алданған үлескерлер саны бұрынғыдай болмайды деп ойлаймын. Бірақ адамдардың барлығы бірдей алды-артын ойламайды. Бір ай бұрын менен кеңес сұрап келген адам жеке тұлғаның құрылыс салушымен пәтер сатып алуға емес, материалдық көмек беруге жасаған келісімшарт үлгісін көрсетті. Кейін материалдық көмек көрсеткені үшін жеке тұлға пәтер алуы керек екен. Ал келісімшартта шаршы метрдің құны, құрылыс салу мерзімі көрсетілмеген. Ең қызығы, табыс деп есептелгендіктен, материалдық көмекке үлкен салық салынған. Егер құрылыс салушы бұл салықты төлейтін болса, пәтерді қай ақшасына салады?

Кей компанияның сату бөліміне өзім хабарластым. Олардан: "Жаңа заңның қолданысқа енуімен, үлестік қатысу механизмі арқылы пәтерді қалай сатасыздар", – деп сұрадым. Бізге бұл заңның еш қатысы жоқ деген жауап алдым. Содан кейін "Үй берілуге дайын ба?", – деп сұрадым. "Үйді 2017 жылдың соңында пайдалануға береміз, келіңіз, келісімшарт жасаймыз", – деген жауап алдым. Яғни жаңа заң үлескерлерді қорғамайды.

- Қалай ойлайсыз, құрылыс салушыны түрмеге отырғызбай, басқа механизмдерді қолдану арқылы нысанды салып бітіруге мәжбүрлеуге бола ма?

- Бұл мүлде мүмкін емес. Мысалы нысандарды салып бітіру үшін Данияр Ахмедияровқа бір жыл уақыт берілді. Ол салып бітіруге уәде беріп, қылмыстық іс қозғауды созып жүрді. Содан кейін салынып бітпеген нысандардағы екі бөлмелі пәтерлерді 2 млн теңгеден сата бастады. Ақыр соңында, қылмыстық іс қозғалды. ВАК-та барлық мәселені шешуге тырысамыз. Мәселе мүлдем шешілмеген жағдайда ғана қылмыстық іс қозғаймыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу