Жаңа Жібек жолы неге дағдарды?

5448

Еуразиялық экономикалық одақ пен "Жібек жолы экономикалық белдеуін" түйістіру бастамасы әзірге ілгерілемей тұр. 

Жаңа Жібек жолы неге дағдарды?

Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты директорының орынбасары Сун Ли 31 қазан күні осылай деп мәлімдеді.

Осы күні Тұңғыш Президент - Елбасының кітапханасында "Еуразия геоэкономикасы: түйісуден ынтымақтастыққа дейін" атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Келелі жиынды кітапхананың Талдау орталығы және қазақстандық Қытайды зерттеу орталығы (Астана қаласы), Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтымен (Бейжің қаласы) бірлесе ұйымдастырды.

"Жібек жолы экономикалық белдеуі" (ЖЖЭБ) ірі транс-еуразиялық жобасын ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет 2013 жылы елордадағы "Назарбаев университетінде" дәріс оқу кезінде естірткен болатын. Әйтсе де, қытайлық сарапшының айтуынша, әзірге бұл жобаның дамуы тоқырап тұр.

– Жібек жолы белдеуі мен ЕАЭО-ын түйістіру бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ, әзірге нақты нәтиже көрінбейді. Дегенмен, осы бағыттағы тағы бір бастама Қазақстанда белсенді даму үстінде. ЖЖЭБ-ті Президент Назарбаев жариялаған "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық бағдарламасымен ұштастыру шаралары жүріп жатқанын байқап отырмыз. Мұның себебі бар.

Орта Азияда әсіресе Қазақстанды – жаңа Жібек жолының "жүрегі" деуге болады. Ол екі ірі әлемдік экономикалық орталықтың арасын қосады. Сондықтан Қазақстанда қабылданатын шешімдер түйістіру бастамасында зор, тіпті шешуші мәні бар, – деді Сун Ли.

Ол ҚХР-дың Жібек жолы бойындағы елдерге ұзақ мерзімге негізделген экономикалық ынтымақтастықты ұсынатынын айтты. Бұл ойды abctv.kz-ке берген сұхбатында Тұңғыш Президент кітапханасы Талдау кешенінің аға ғылыми қызметкері Қазбек Майгелдинов растады. Оның пікірінше, бұл 30, тіпті 50-60 жылға жоспарланған ірі жоба.

– Еуразиялық одақтың Жібек жолы белдеуімен қандай экономикалық қарым-қатынас орнатуына қатысты сұрақ көп болып тұр. Сондықтан, түйістіру мәселелерінің шешілгенін күтіп отыра бермей, біз өз саясатымызды жүргізіп, ҚХР-мен осы саладағы екіжақты қарым-қатынасты дамыта береміз. Бұл ретте "Жібек жолы экономикалық белдеуін" өзіміздің төл "Нұрлы жол" бағдарламасымен ұштастыруға мән берілуде, – дейді ол.

Қазақстандық сарапшы ЖЖЭБ жобасының Астана үшін маңызы зор екеніне сенімді. "Өйткені, үлкен мұхитқа шығар жолы жоқ, құрлықта қамалған Орта Азия елдері осы арқылы жаһандық жүк ағынындағы шеткі аймақтан алдыңғы қатарлы аймаққа айналады. Қытай Батысқа шығатын негізгі жолдың бірі Қазақстан арқылы өтетінін біліп, бізге өзінің осынау басты жобасында серіктес болуды ұсынды. Осы арқылы ол көлік-логистикалық проблемаларын шешпек. Ал сауда-саттық қаншалықты өрістейді, оны уақыт көрсетеді", – деді Қазбек Майгелдинов.

Жалпы, Қазақстан 182 миллион тұтынушысы бар ЕАЭО-мен шектеліп қалмай, Оңтүстік-Шығыс Азия аймағымен де, Еуропамен де экономикалық байланысын нығайтуға ден қойып отыр. Осы тұрғыдан алғанда да бұл жоба маңызды саналады.

Америкалық атақты ғалым Френсис Фукуяманың айтуынша, егер Жібек жолы экономикалық белдеуі өз алдына қойған мақсаттарына жетер болса, онда бүкіл Еуразия континентін қамтитын бұл экономикалық белдеу Орталық Азия елдерінің де дамыған елге айналуына зор үлес қосады. Бұл Қазақстанның өзінің мол транзиттік әлеуетін жүзеге асыруына, индустриялық-инновациялық жобаларына жаңа инвестициялар тартуына, отандық өнімдеріне жаңа нарықтар ашуына ықпал етпек. 

Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресейлік саясат пен қоғам бөлімінің басшысы Пан Дапэн "Жібек жолы экономикалық белдеуі" жобасы 10 элементтен тұратынын және солар лайықты іске асқанда, бастаманың табысқа жететінін атап көрсетті. Оның бастапқы екеуі халықаралық жүк тасымалы толқынына жол бойындағы елдердің көлік және логистика жүйелерінің ашықтығын тұспалдайды. Үшіншісі – осы елдердегі қызмет көрсету жүйесінің ашықтығын көздейді.

– Төртінші құрамдас бөлік – инвестициялар. Бесіншісі – сауда-саттыққа қолайлы жағдай туғызу. Ол кедендік тәртіп, транзиттік тәртіптер және басқаларын қамтиды. Алтыншы бағыт - ережелер туралы келіссөздерге қатысты. Бұл ережелер зияткерлік меншік құқығы, электронды коммерция, қоршаған ортаны қорғау, бәсекелестік, мемлекеттік сатып алу және басқа да салалардағы мәселелерді қарастырады. Жетіншісі – бақылау және реттеу жүйелері, тарифтік емес кедергілер және басқалары. Сегізінші бағыт көші-қон саясатына қатысты болып келеді. Мәселен, қазір Қазақстанға кіру үшін іскерлік виза алудың машақаттары бар, - деп өзекті мәселеге назар аудартты Пан Дапэн.

Оның айтуынша, қытайлық жобаның тоғызыншы элементі – "инжиниринг". Бұл – экономикалық-техникалық ынтымақтастық. Ал "Жібек жолы белдеуінің" шешуші оныншы бағыты – мемлекеттердің жобаны қолдауы және кепілдік беруі болып табылады.   

Халықаралық ғылыми конференция барысында ҚР мен ҚХР-дың екіжақты қарым-қатынасы, аймақтық ынтымақтастықты және экономикалық ықпалдастықты нығайту, Қытай мен ЕАЭО арасында еркін экономикалық аймақ құру мүмкіндіктері, ЕАЭО және Жібек жолы экономикалық белдеуінің өзара сабақтастығы, Еуразияда көлік-логистика саласына серпін беретін "Нұрлы жол" бағдарламасы мен "Бір белдеу – бір жол" жобасының үйлесімі жан-жақты талқыға салынады.

Айхан Шәріп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу