Жаңа жылда дәрі-дәрмек бағасы еркіне жіберілмек

3734

Қазақстанда кейбір маңызды препараттар нарықтан жоғалып кеткен.

Жаңа жылда дәрі-дәрмек бағасы еркіне жіберілмек

Тәуелсіз дәріханалар қауымдастығы "республикада бірқатар дәрілік құралдардың тапшылығы туындағанын" мәлімдеді. Тіпті елорданың өзінде науқастар керекті дәрі-дәрмектің бәрін бірдей таба алмай, дәріхана жағалап жүр.

Николай Недоростков Паркинсон ауруына ұшырап, қатты қалшылдап қиналатын адамдар кезекті қиындыққа тап болғанын айтады.

"Қазақстанның дәріхана нарығынан ПК-Мерц (PK-Merz) Амантадин препараты жоқ болып кетті. Бұл бір мезгілде антивирустік және антипаркинсондық дофаминэргиялық препарат. Не себепті олай болғаны белгісіз. Паркинсон дертіне душар болғандардың жағдайы не болады? Бұл уақытша проблема шығар, алда шешілетін болар деп отырмыз. Алайда бірқатар дәріхананың сайттарында "саудадан алып тасталды" деген ескертпе жариялануда", – деп алаңдайды ол.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің түсіндіруінше, Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №ҚР ДСМ-75 бұйрығымен бекітілген "Қазақстанның белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне" сәйкес, ПК-Мерц (МНН – Амантадин) препараты тегін және емханалар арқылы таратылатын дәрі-дәрмектің тізіміне кірмейді. Тиісінше, оны мемлекет бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алмайды.

Сондықтан оның не себепті нарықтан жойылып кеткенін ДСМ білмейді. Бірақ оны елге әкелуге министрлік тыйым салмаған, тосқауыл қоймаған.

"Дәрілік құралдардың мемлекеттік тізіліміне сәйкес, "ПК-Мерц" дәрілік препараты РК-ЛС-5№014837, РК-ЛС-5№014836 тіркеу нөмірлерімен таблетка және ерітінді күйінде тіркелді. Ол Қазақстан аумағында медициналық қолдануға рұқсат етілген. Бұған қосарымыз дәріханалар және дәріханалық қоймалар – жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылады, сол себепті олар дәрі-дәрмекті өз бетінше сатып алады", – деп мәлім етті Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті.

Азаматтар дәрілік туризмді дамытуға мәжбүр

Өзге препараттардың да жетіспеушілігі байқалады.

Қазіргі кезде "қайта жүктелуді" бастан кешіп жатқан "СҚ-Фармация" мемлекеттік медициналық ұйымдарда – емханалар мен ауруханаларда, сондай-ақ бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында дәрі тапшылығының жоқтығын, тиісті қор түзілгенін мәлімдеді. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың құбылуына қарай ол препараттар мен жеке қорғаныс құралдарын жедел жөнелтуге дайын отыр.

Бұл ретте оның қоймасында коронавирусты емдеуге қажетті 38 дәрілік заттың 2 айлық қоры жасалған, ол айына 60 мың пациентті емдеуге жетеді. Осы мақсатта 2,31 миллиард теңге жұмсалған. Медұйымдар 91 түрлі дәрімен қамтылған. Бұл мақсатта 2020 жылы 23,6 миллиард, ал 2021 жылы 24,3 миллиард теңге шығындалыпты.

Ел ғаламат дәрі тапшылығына тап болып, дүрбелеңге түспеуі үшін "СҚ-Фармация" 26 өмірлік маңызды дәрі-дәрмектің 2 айлық қосымша қорын жасақтады. Оған 1,8 миллиард теңге бөлінген. Яғни дәріханаларда осы 26 дәрінің өткір тапшылығы туындаса, бірыңғай дистрибьютор дәріханалардың бөлшек сауда нарығына интервенция жасамақ.

Әзірге азаматтар Қазақстанда таба алмаған дәрілерін шетелден алғызуда. Елорда тұрғыны Абзал Ғанибетұлы Түркиядан оралды.

"Түркияда қазір экономикалық дағдарыс ушығуда, лирасы тоқтаусыз девальвациялануда. Мысалы, өткен аптада біздің валютамызға шаққанда лира 39 теңге тұрған, ал сенбі күні 27 теңгеге дейін тағы құлдырады. Осыдан бес жылдай бұрын 1 лира 115 теңге тұрғаны есімде. Бұл әрине, бізге жақсы, тауарлар күрт арзандап шыға келді. Жұмыстағы әріптестерім, туыс-туғандарым өздеріне қандай дәрілер керектігін айтып, ұзын тізім берді. Әрине, бір чемодан толы дәрі әкелсең, кеденнен бері өткізбейді. Сондықтан отбасы мүшелерінің үш-төрт чемоданына бөлуге тура келді. Бір жағынан, қайырымдылық жасадым, екінші жағынан, шамалы да болса, пайда таптым", – дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны.

Соған қарағанда, енді дәрілік туризм дамитын түрі бар.

Президенттік бастама нәтиже әкелмеген бе?

Қазақстанда Президенттің тапсырмасымен, 2019 жылғы шілдеден бастап бөлшек сауда желісінде сатылатын барлық дәрі-дәрмектердің шекті бағалары белгіленді. Билік мұны азаматтарға деген қамқорлықтың бір үлгісі ретінде насихаттады. Алайда бұл шара не бұқараға, не фармнарыққа пайда әкелмегенге ұқсайды. Себебі дәрі-дәрмек бәрібір арзандамады, қымбаттай түсті. Сонымен бірге нарық ойыншылары денсаулық сақтау шенеуніктерінің тексерулермен, шектеулерімен саланың дамуына мүмкіндік бермей отырғанына шағымданды.

"Қабылданған шаралар дәрі-дәрмектер бағасын реттеуге мүмкіндік береді. Бағалар белгіленген шекті бағадан төмен бола алады, бірақ жоғары болмауға тиіс. Әрбір дәрі-дәрмектің саудалық атауына шекті баға қойылады және олардың құны еліміздің қандай өңірі екеніне қарамастан, бірдей болады! Бірдей атауы бар дәрі-дәрмек еліміздің барлық өңірінде бірдей бағада болады. Осы өзгерістер сапалы дәрі-дәрмектердің азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз етеді", – деп дәріптеді сол кезде ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова.

Енді міне, мемлекет осы реттеуден бірте-бірте бас тартуға ниетті. Бұл шара 3 кезеңге бөлінеді және 2022-2026 жылдар аралығын қамтиды.

Бұған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бастамашы болыпты. Себебі "Медициналық-фармацевтикалық ақпарат орталығы" сараптамалық компаниясының өкілі Роза Ормантаеваның байламынша, бағаны мемлекеттік реттеу күткендей нәтиже бермеді.

"Шекті баға жобаларын қалыптастыру ісін регламенттейтін құқықтық актілердегі кемшіліктер ақыр соңында дәрілік заттар бағасының негізсіз өсуіне түрткі болды. Өйткені шекті бағаларды мемлекеттік сараптама ұйымында есептеу кезінде нарықтағы ағымдағы бағаларға салыстырмалы талдау жүргізілмейді. Салдарынан дамуы жөнінен бізбен бір топтағы "референттік мемлекеттердегі" сату құны негізінде қалыптастырылған кейбір шекті бағалар тіпті ағымдағы көтерме және нарықтық бағалардан ондаған пайызға дейін қымбат болып шыққан", – дейді Р. Ормантаева.

Осының кесірінен мемлекеттік баға реттеу керісінше, баға қымбатшылығына соқтырды. Дәрі-дәрмекті арзандау сатып келген дәріханалар бағаны мемлекет бекіткен шекті бағаға дейін көтерді.

Алдағы жылдары дәрілер бағасы шарықтауы мүмкін

Бүгінде басымдық өзгеруде. Антимонополиялық орган енді фармнарықтағы негізгі міндет – "дәрі тапшылығын туындатпау және қолжетімді, қолайлы бағаларды қамтамасыз ету" болатынын мәлімдеді.

Дәрілік заттардың бағасын кезең-кезеңмен босату жобасын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әзірлепті, бірақ нарық ойыншыларына жобаны ірі фармкомпаниялардың мүдделерін ұсынатын авторизацияланған кеңесші – "Kesarev консалтинг" ЖШС өкілі таныстырды. Осыдан-ақ бұл жобаның ар жағында кімнің құлағы қылтиятынын аңғаруға болатындай.

Сонымен бірер санаттағы дәрі-дәрмек қана мемлекеттік реттеуде қалады. Тізім негізінен, бірыңғай дистрибьютор емдеу үшін сатып алатын дәрі-дәрмектерден тұрады. Бұлар – біріншіден, кепілдендірілген медициналық тегін көмектің (ТМККК) және МӘМС аясында сатып алынатындар, екіншіден, әлеуметтік мәні бар аурулар, үшіншіден, онкологиялық науқастар, төртіншіден, орфандық аурулар, бесіншіден коронавирус инфекциясы (Ерекше тәртіп) мақсатында қажетті препараттар.   

Қалған дәрі-дәрмектердің бағасын 2022 жылдан 2026 жылға дейін үш кезеңде босату жоспарлануда.

1 кезеңде – 2022-2023 жылдар аралығында бірден 2 551 дәрілік заттың бағасы еркіне жіберіледі. Бұл қарапайым ауруларды емдеуге бағытталған гомеопатиялық дәрі-дәрмектер, диеталық қоспалар, дәрумендер мен дәрі-дәрмектер.

2 кезеңде – 2023-2025 жылдары рецепт бойынша босатылатын дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер ілігеді.

3 кезеңде – 2025-2026 жылдары мемлекеттік реттеуде қалатындарды қоспағанда, қалған препараттар тегіс "баға шектеуден" құтылады.

Бұл ақыр соңында, дәрілер бағасының күрт қымбаттауына соқтыруы әбден мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу