Жаңа жылда елге баспана таратуға қатысты жаңашылдықтар күшіне енуге тиіс

10678

Үкімет тұрғын үй құрылысы саласында реформа әзірлеп жатыр.

Жаңа жылда елге баспана таратуға қатысты жаңашылдықтар күшіне енуге тиіс Фото: inbusiness.kz

Осы мақсатта заңнамалық түзетулер пакеті дайындалды. Оның ішіндегі бастысын – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын ел Парламенті қабылдады. Құжат жаңа 2025 жылда күшіне енуге тиіс.

Қазіргі кезде ел бойынша үй кезегінде 647 мыңнан астам отбасы тұр. Оларға мемлекеттік қордан баспана үлестіру жаңа тәртіппен жүргізіледі.  

Біріншіден, тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтардың кезегін қалыптастыру, жүргізу тәртібі өзгертіледі, оларды баспанамен қамтудың тетігі жетілдіріледі.

Атап айтқанда, заң күшіне енсе, мемлекеттік баспана қазақстандықтар мен қандастарға табысының деңгейіне және мұқтаж жан ретінде есепке қойылған датасына байланысты болады. Аз табыс табатын және көп жылдан бері кезекте тұрғандарға басымдық беру ұсынылған.

Екіншіден, бұған дейін сатып алу құқығынсыз берілген арендалық пәтерді жаппай жекешелендіруге рұқсат етіледі. Бұрын мұқтаж жандар мемлекеттен алған үйін бірер жылдан кейін сатып жіберіп, бес жылдан соң қайтадан кезекке тұра бермеуі үшін осы "сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй" тетігі енгізілген болатын.

Үшіншіден, заңмен Қазақстан азаматтарын және қандастарды мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж деп тану шарттары өзгертіледі. Сенатор Ләззат Рысбекованың түсіндіруінше, бұдан былай:

  • бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сәйкес келмейтін баспанада тұрып жатқандар,
  • бөлмелері жапсарлас немесе оқшауланбаған бір үйде екі және одан көп отбасы тұрып жатса,
  • отбасыда бірқатар созылмалы аурулардың ауыр түрінен зардап шегетін науқасы бар отбасылар баспанаға мұқтаж деп танылмайтын болады.

Бүгінде ресми мәлімет бойынша Қазақстанда құрамында бірқатар созылмалы аурулардың ауыр формаларына шалдыққан сырқаттары бар отбасылар саны 700 мыңнан асады.

Дегенмен, сенаторлардың айтуынша, бұған дейін кезекке тұрып үлгерген осы санаттағы отбасылар мемлекеттен баспана алу құқығын сақтайды. Тек бірінші кезектегілерден артылып қалып жатса ғана ала алады. Оның өзінде оларға тоқсан сайын тексеріс жүргізіліп, талапқа сәйкес келмейтіні кезектен шығарып тасталады. Ол қандай талап?

Мемлекеттік бірыңғай үй кезегін жүргізетін "Отбасы банктің" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың түсіндіруінше, аталған үш санатқа кіретін отбасыларға түгендеу-инвентаризация жүргізіледі.

"Тексерісті тоқсан сайын кем дегенде бір рет жүзеге асырамыз. Оның барысында отбасының әр мүшесіне шаққандағы шаршы метрлер есепке алынады. Денсаумині 2022 жылғы 16 маусымда бекіткен нормаға сәйкес, әрбір адамға шаққанда тұрғын үй ауданы 15 шаршы метрден кем болмауға тиіс. 4 адамнан тұратын отбасы 45 ш.м. баспанада тұрып жатса, ол отбасы инвентаризациядан табысты өтеді және кезекте қалады. Немесе талапқа сәйкес келмейтін бір үйде бірнеше отбасы тұрып жатса, банктің жүйесі оны автоматты түрде анықтайды. Олардың бәрі сол үйде тұрақты тіркеуде тұрса, азамат түгендеуден табысты өтіп, үй кезегінде қалады", – деді ол.

Оның айтуынша, ауыр созылмалы дертке душар болған және отбасы мүшелері онымен бір бөлмеде тұра алмайтын мыңдаған науқастың арасынан үй кезегіне тұра алғаны аз. Бүкіл ел бойынша 745 адам ғана. Мысалы, Алматы қаласының баспана кезегінде небәрі 8 науқас адам тұр. Инвентаризация кезінде олардың ауруының қаншалықты ауыр екені мемлекеттік деректер базасы бойынша анықталады.

Төртіншіден, реформа аясында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте үй алуға құқығы бар санаттар тізбесі кеңейтіледі. Бұл тізімге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы аналар мен отбасылар, І-ші және ІІ-ші топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, мүгедектігі бар балалы отбасылар сыртында, сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктері бойынша теңестірілгендер, өзге мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдардың ардагерлері, олардың жесірлері қосылады.

Ел игілігіне тапсырылатын мемлекеттік баспананың жалпы көлемінің кем дегенде 70%-ын осы бірінші кезекте алатын санаттардағы барлық адамға ұсыну заңмен бекітіледі.

Сарапшылар бұл реформа кейін ел арасында бір дау-дамайға тамыздық болады деп қауіптенеді. Мысалы, жалақысы аз мемлекеттік қызметке мамандар баспана беретіні үшін тұратыны жасырын емес.

Іске қосылатын жаңа мемлекеттік тұрғын үйдің жетпіс пайызы жылда тек басымдықты санаттарға үлестірілсе, бюджеттік және мемлекеттік қызметтегі мамандарға ештеңе тимей, кезегі ондаған жылға ұзап, олар кете бастауы ықтимал. Ал, бәріне бірдей жетуі үшін мемлекеттік тұрғын үй қорларын салмақты толықтыруға бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Бұл тұйықтан Үкімет қалай шықпақ?

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің айтуынша, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін 2029 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама арқылы қолжетімді арендалық үйлерді салу көлемін ұлғайту шаралары қабылданады.

Бұдан бұрын, 2020 жылы арендалық пәтерлерді салу, сатып алу үшін республикалық бюджеттен 66 миллиард теңге бөлінген. Енді "Самұрық-Қазына" оған қоры қосымша 272 миллиард теңге қарастырып жатқан көрінеді. Ал, заң жобасының бір жаңалығы сол, кейін арендалық пәтерді де жекешелендіріп алуға құқық бермек.

"Сондай-ақ биыл 22 мың арендалық пәтерді салу үшін 339 миллиард теңге бөліп қойылды. Бұған қосымша, жаңа, қолжетімді баспана салуға қолайлы жағдайлар туғызып, бұл іске инвесторларды тарту жұмысы басталды. Оларға биылдан бастап, дайын инженерлік инфрақұрылымы бар жер телімдері ұсынылады. Құрылыс материалдары өндірісін шығару да ынталандырылады. 2024 жыл қорытындысында елде жалпы ауқымы 18 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгізіледі. Ары қарай бұл көлемді азайтпауға тырысамыз. Қолдау шаралары қомақты деп санаймыз. Бұл бағытта министрлік тиісті жұмысты жалғастырады", – деді Қуандық Қажкенов.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің тағы бір орынбасары Иран Шархан жүргізіліп жатқан реформаның келесі жаңашылдықтар топтамасын хабарлады.

Оған сәйкес, алданған үлескерлердің қатарының өсуін тоқтату үшін құрылыс компаниялары мен олардың делдалдарына құрылысы жаңа басталған немесе бітпеген тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату үшін клиенттермен "алдын ала брондау, резервтеу шарттарын жасасуға" тыйым салады.

Бұл жаңалық Мәжіліс қарауындағы тағы бір заң жобасында – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында қарастырылған екен.

"Осы заң жобасы шеңберінде құрылыс салушылардың заңнаманы айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуына жол бермеу үшін мемлекеттік реттеуді күшейтудің қосымша шаралары көзделген. Түзетулер мыналарға бағытталған: біріншіден, алдын ала брондау, резервтеу шарттарын жасасуға тыйым салу ұсынылған. Екіншіден, үлескерлердің ақшасын тарту мақсатында уәкілетті органның рұқсатынсыз жарнамалауға тыйым салынбақ", – деді Иран Шархан.

Үшіншіден, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңы аясында реттеу үшін "шағын қабатты құрылыс" ұғымы енгізіледі. Төртіншіден, "сақалды құрылыстарды" көбейте бермеу үшін құрылыс компанияларының құрылысты аяқтау мерзімдерін шексіз-шетсіз созуына тосқауыл қойылмады: олар қолданысқа беру датасын құрылыс объектісінің жобалық-сметалық құжаттамасында көрсетілген мерзімнен 5 айға дейін ғана ұзарта алады деп күтілуде.

Бесіншіден, үлестік заңнамаға кеңес-консультация беруге маманданған Үлескерлерді қолдау орталығын құру туралы норма енгізіледі. Алтыншыдан, уәкілетті органнан үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алмаған, бірыңғай оператордың кепілдігі жоқ тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерге банктердің ипотека беруіне тыйым салу ұсынылған. Өзге де жаңашылдықтары жетерлік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу