Жаңа жылдық "дәстүр": Павлодарда қияр тағы да қымбаттады

5185

Жергілікті билік оның бағасын тежей алмай отыр.  

Жаңа жылдық "дәстүр": Павлодарда қияр тағы да қымбаттады

Павлодардағы сауда орындарында қияр, қызанақ бағасының жаңа жыл қарсаңында екі есеге дейін өсуі әдетке айналғандай. Алайда, шенеуніктер сол "әдетпен" күресе алмай келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгінде облыс орталығындағы дүкендерде қиярдың келісі 1600 теңгеден басталып, 2400 теңгеге дейін жетеді. Ал желтоқсанның ортасына дейін осы көкөніс түрінің келісі 900-1200 теңгеден сатылып келген еді. Сатушылардың айтуынша, өнімді жеткізу бағасы күн сайын өсуде. Сондықтан сөрелердегі бағаны да жиі өзгертуге тура келеді. Олар дүкенге жеткізілген өнімдерге 10-15%-дан артық үстемақы қоспайтынын алға тартты.

Ал тұтынушылардың басым бөлігі шетелдің арғы жағынан жеткізілетін тропикалық жемістердің емес, өз өңірімізде өсірілетін көкөністердің бағасы неге құбылатынын түсінбей дал.

"Банан, апельсин сынды жемістердің бағасы жыл бойы тұрақты болады. Ал қиярдың келісі бірде 150 теңге болса, енді бірде 2500 теңге тұрады. Бұл неткен айырмашылық?! Мереке екен деп жұрттың қалтасын қағуға болмайды ғой. Оған қоса, жаңа жылдан соң бірден бағасы түсе қоятын өнімді көрмедік. Мұндай қымбатшылық әдетте наурызға дейін жалғасады. Павлодар қаласына тиіп тұрған Ақсу мен Екібастұздағы жылыжайларда өсірілетін көкөніс бағасының бірден бірнеше есеге өсуі қисынға келмейді. Жаңа жыл қарсаңында жанармай, электр энергиясының бағасы күрт өспейді. Демек, жергілікті жылыжайлардың бағаны көтеруі негізсіз деп ойлаймын. Әкімдіктегілер мұндай кәсіпорындардың жұмысын бақылап, баға саясатын реттеуі тиіс", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айнұр Смағұлова.

Алайда облыс басшылығы қиярдың әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кірмейтінін негіз қып алып, бағаны реттеуге құзыры жоқ екенін айтады. Ал қиярдың күрт қымбаттауына делдалдарды кінәлады. Сондықтан өндірушілер мен сатушылар арасындағы алыпсатарларды азайту үшін фермерлік базар салуды көздеп отыр. Жоспар бойынша, Ақсу қаласы мен Павлодар ауданындағы мұндай орталықтар жыл соңына қарай ашылады. Ал ол іске кіріскенге дейін тұтынушыларға қымбат қияр алудан басқа амал қалмайтын түрі бар. Сонымен қатар, бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов қызанақ, қияр өсіретін кәсіпорындардың шығыны көп екенін айтқан еді.

"Жылыжайлар көп электр энергиясын пайдаланады. Оның бағасы арзан емес. Сондықтан шығындарын жабу үшін көп жағдайда экспортқа бағыт алады. Мысалы, Екібастұздағы қызанақ өсіретін жылыжай өнімнің барлығын Ресейге жеткізеді. Себебі мұндай қадам баға тұрғысынан тиімді. Соған қарамастан, өнімді біздің облыста өсіріп отырғандықтан, осы аймақ тұрғындарына да қолжетімді бағамен павлодарлық өнімді ұсынуы үшін жергілікті сауда желісімен өзара келісімге келуге әсер еттік. Сөйтіп, екібастұздық қызанақ облыс орталығында сатыла бастады. Бірақ сатып алушылар қызанақ пен қиярдың әлеуметтік азық-түліктер санатына кірмейтінін түсінуі керек. Сондықтан оның бағасы күрт арзандай қоймайды", - деген еді Сәкен Шаяхметов.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу