Жаңадан құрылған "Tenge Bank"-ке қатысты ақпарат мәлім болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2823

"Қазақстанның халықтық жинақтаушы банкі" АҚ-ның жаңа қаржылық ұйымы Өзбекстанда жұмыс істейтін болады.

Жаңадан құрылған "Tenge Bank"-ке қатысты ақпарат мәлім болды

Бұл туралы бүгін журналистермен кездескен "Халық банк" басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мәлімдеді.

Ол өзі басқаратын жетекші банктің Өзбекстан нарығына шығуға бел буғанын жариялады. Бұған дейін ол үшін көрші елдегі шектеулер кедергі болған еді.

"Халық банк" Өзбекстанда еншілес банкін алдағы 2019 жылдың басында ашуды жоспарлап отыр. Таяу күндері Өзбекстан орталық банкіне, яғни қаржылық реттеушісіне еншілес банк ашу туралы өтініш жолдамақ екен.

Бірақ өзбек банктерінің бірін сатып алу – тек істің басы ғана көрінеді. Оның сыртында "Халық банк" Өзбекстанда өз филиалын да ашуға ниетті: ол жыл соңына дейін тиісті құжаттарды өткізіп, осы ел басшылығының бөлімше ашуына рұқсат беруін күтетін болады.

Ал Қазақстанның ұлттық банкі жетекші отандық банктің бұл қадамдарын құптап, рұқсатын берген.

Дегенмен, сарапшылар бұл жолда қаржылық ұйым қауіп-қатерлерге кезігуі мүмкіндігіне назар аудартады: "Халық банк" бұған дейін Өзбекстанда еншілес ұйым ашамын деп өкінгені, теріс тәжірибеге ие болғаны мәлім. 

Банк басшысы да өздерінің бұл жайтты назарда ұстап отырғандарын айтады.

"Біздің Өзбекстанда "Халық-Лизинг" атты еншілес компаниямыз болған, шын мойындауымыз керек, біз одан айырылып қалдық. Біз оны жауып тастауға мәжбүр болдық, себебі, осы компания арқылы Өзбекстанда тапқан табысымызды ол жақтан әкете алмадық, қаражат "қатырылып" тасталды. Барлық табыс өзбек сумында алынған еді, кейін көп жатып, ақыры девальвация бәрін нөлге жуықтатып, құртты. "Халық" тобының осындай да теріс тәжірибесі барлығы жасырын емес", – деді Үміт Шаяхметова.

Ол шетелде қандай да бір жобаны қолға алғанда, бизнес ол елдегі саяси ахуалды басты назарға алатынын жеткізді.

"Саяси тәуекелдер де болады. Біз әзірге Өзбекстанда қандай тәуекелдер күтіп тұрғанын жете түсініп те отырған жоқпыз. Жаңа басшылық реформаларды жүргізіп жатқанына куәміз. Оларда өзгеруге және жылдам алға қозғалуға деген ниет барын байқаймз. Әйткенмен, Өзбекстан тарихында мұндай кезеңдер бұрындары да болғаны еске түседі. Бұл ел осыған дейін де реформа жариялап, нарығын ашқан, алайда артынша жариялаған реформалар жолынан ауытқып кетті. Сөйтіп, Өзбекстан көптеген инвесторларынан айырылып қалды", – деді отандық жетекші банк басшысы.

Осы орайда сарапшылар "Халық Груптың" ала шапанды ағайындар еліне жаңа қадамына кірісіп те кеткенін айтады. "Қазақстанның халықтық жинақтаушы банкі" АҚ Өзбекстанда Tenge Bank атты қаржылық ұйымды орнықтыру жұмысын бастап кетті. Халық банктің директорлар кеңесі 2018 жылғы 6 қыркүйекте "Tenge Bank" акционерлік коммерциялық банкін құру туралы шешім қабылдады. Банк өзбек астанасы Ташкенттің Яккасарай ауданында, "Минггузор көшесі, 32" мекенжайында орналаспақ.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Халық банк төрт елде – Ресейде, Қырғызстанда, Грузияда, Тәжікстанда өз бөлімшелерін ашып, еншілес кәсіпорындарын құрып, бизнес жасауда.

Тұтастай алғанда, "Халық банкі" бизнеспен жұмысты өзінің негізгі мақсаты ретінде белгілеуде. Соның ішінде корпоративтік сектормен, шағын және орта бизнеспен жұмыс жасамақ.

Бұдан бөлек, "Халық банкі" 2016 жылдың ортасынан бері қазақстандықтарға 120 келіден астам алтын сатқандарын хабарлады. 

Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер арқылы әрқайсысының салмағы 10, 20, 50 және 100 грамм болатын тазартылған алтын құймаларын халыққа сатуда. Келесі жылдың ортасынан бастап, азаматтар алтынды валюта айырбастау бекеттерінен де сатып ала алатын болады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу