Жангелді Шымшықов: Барлық салада индекстеу инфляция деңгейінен жоғары болуы керек

4457

Үкімет пен Ұлттық банк "Теңгедегі салымдарды қорғау" бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы ресми мәлімделді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жангелді Шымшықов: Барлық салада индекстеу инфляция деңгейінен жоғары болуы керек

Бағдарлама аясында 2022 жылғы 23 ақпанға дейін теңгемен депозит ашқан азаматтарға келесі жылы шартта көрсетілген мөлшерлемеден бөлек, 10% қосымша сыйақы берілетін болды.

Экономист Жангелді Шымшықовтың пікірінше, бағдарлама дер кезінде қабылданды, алайда жағдайды жақсартуға ықпал ету мүмкіндігі зор емес.

"10% өтемақы теңгедегі салымдарды қорғауға жетпейді. Елдегі шынайы инфляция деңгейі әлдеқашан 6-8% деген шартты дәлізден шығып кеткен. Инфляция депозиттегі салымдардың сыйақысын "жеп" қойған. 

Банктердің теңгедегі депозиттерге жылына 14% мөлшерінде сыйақы есептеген кезі есте. Сол уақытта доллармен ашылған депозиттің сыйақысы 3%-дан 1%-ға дейін төмендетілді. Нәтижесінде адамдар қолдарындағы қаражатын депозитке теңгемен сала бастады", – деді Жангелді Шымшықов.

Сарапшының сөзінше, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктер үшін базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтерді. Бұл – экономикаға соққы болды.

"Екінші деңгейлі банктер қымбат мөлшерлемемен несие береді. Салдарынан адамдар кедейленіп, инфляция деңгейі артады. Қазіргі базалық мөлшерлеме азаматтарға да, екінші деңгейлі банктерге де қолбайлау болады. Ұлттық банкке инфляциямен күресу ғана емес, экономикалық өсімді арттыру қажет. Экономикалық өсім болса, тауар өндірісінің көлемі көбейіп, қызмет көрсету сапасы жақсарады. Адамдар жұмыспен қамтылады, табыс табады", – деді экономист.

Жангелді Шымшықовтың айтуынша, депозиттің пайызы инфляцияның қарқынын еңсергенде ғана сыйақыны табыс деп санауға болады.

"Қазіргі жағдайда мемлекет шағын және орта бизнес субъектілеріне де қолдау көрсетуі керек. Бұл шараны салық демалысы, несие мерзімін пролонгациялау, қарызды қайта қаржыландыру арқылы жүзеге асыруға болады. Шағын және орта бизнес біздің және кез келген басқа экономиканың қозғаушы күші. Бізде ол үнемі тезге салынған баланың жағдайында жүреді. Яғни қандай да бір заңсыздық үшін бұрышқа тұрғызылады", – деді сарапшы.

Жангелді Шымшықов Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақыны, жәрдемақыны және әлеуметтік төлемдерді индекстеуге тиіс деп санайды.

"Бізге мұндай индекстеу ауадай қажет. Барлық субъектілердің, оның ішінде жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың инфляцияның салдарынан болған шығыны өтелуге тиіс. Тек осылай ғана әділетті экономика құруға болады. Керісінше жағдайда дамуды дағдарысқа айналдырамыз. Әділетсіз экономика шағын және орта бизнестің дамуын тежейді.

Индекстеуді жария түрде жасау қажет. Барлық салада индекстеу инфляция деңгейінен жоғары болуы керек. Мен бірде телеарнада сөйлеген сөзімде мемлекеттің зейнетақыны өсіргенін индекстеу, яғни өтемақы төлеу деп атадым. Мұның соңы шу болды.

Кез келген қосымша ақы, кез-келген өсім ашық әрі мөлдір болуы керек. Көпшілікке индекстеу мен мемлекеттің кейбір салаларды ынталандыруының ара-жігі ажыратылып, түсіндіріліп отыруы керек.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу