Ол Жәнібек Әлімханұлына қатысты соңғы келіссөздердің жай-жапсары жайлы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айта кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жақын арада шаршы алаңға шығуы керек. Оның командасы көптен бері лайықты қарсылас таппай жүргенін, барынша чемпиондармен жұдырықтасқысы келетінін жеткізген.
– Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Біз барымызды салып, чемпиондармен жекпе-жек ұйымдастыруға тырысудамыз. Біздің командамыздың басты мақсаты ақша емес. Негізгі арманымыз – тарихқа еніп, төрт белбеуді де иелену. Қазақ баласының төрт бірдей чемпиондық титулды жеңіп алғанын көру – біз үшін ең үлкен мақсат, – дейді Берік Сұлтан.
Бұған дейін "Қазақ стилінің" бірден 3 титул үшін жекпе-жек өткізіп, әлемді дүр сілкіндіруге дайындалып жатқанын жазған едік.
Ол кездесу Жәнібек Әлімханұлы мен WBC белбеуінің иегері, доминикандық Карлос Адамес арасында өтуі ықтимал. Бокс жанкүйерлері көптен бері күткен бірлескен жекпе-жек жақын күндері өтеді деп жоспарланған.