Жарнамада сыра мен бойжеткенді байланыстыруға рұқсат жоқ

5865

Телеарналардағы ішімдік жарнамасына қойылған 15 жылдық тыйым жойылады. 

Жарнамада сыра мен бойжеткенді байланыстыруға рұқсат жоқ

Бұл ретте ішімдік туралы мультфильм түсіруге жол берілмейді. Бұл сыра мен шарапқа жасөскіндердің қызығушылығын оятпау үшін жасалмақ.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ішімдік жарнамасының көрсетілетін уақыты мен оған қойылатын жаңа талаптарды түсіндірді. Сондай-ақ басқа да егжей-тегжейі енді белгілі болуда.

Ведомствоның БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Бақнияз Қарашина жаңа заң жобасының бес басты жаңалығын жария етті. Біріншісі, баспасөзді, яғни газет-журналдарды қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуден босату ұсынылады. Бірақ бұл игілікті пайдалану үшін газеттің не журналдың веб-нұсқасы болуы шарт.

Екіншіден, бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе қалыптастырылады. Жергілікті атқарушы органдарға да өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу, яғни бюджеттік қаражатты үлестіру үшін тендер өткізбеуге рұқсат етілмек. Әйтпесе, бұл саясатта мемлекеттік сатып алу байқауын өткізбей, бюджет қаражатын қалаған телеарна мен газетке тарату құқығын әзірге тек ақпарат министрлігі пайдаланады. Алда ондай құқық әкімдерге де берілмек. 

"Үшінші өзгеріс – сыра мен шараптың тауарлық белгісін немесе атауын отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалауға қойылған тыйым алып тастауға, төртіншісі – уәкілетті органның мемлекеттік қатысымдағы теле-радиоарнаның хабар тарату тілін анықтау өкілеттігін бекітуге қатысты. Осы төртіншісі, ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнама жетілдіріледі", – деді Бақнияз Қарашина.

Оның айтуынша, тек Қазақстан аумағында өндірілген алкоголь жарнамасы үшін ғана тыйым жойылмақ. Шетелдік арақ-шараптың пиарына ары қарай да жол берілмейді. Шенеунік интернетте және спутник арқылы көрсетілетін ресейлік-шетелдік телеарналарда онсыз да "ащы су" жарнамасы жүріп жатқанын, ал қазақстандық арналар ондай табыстан қағылғанын алға тартты.

"Телеарналарда мұндай жарнама түнгі 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін көрсетуге рұқсат етілетін болады. Жарнама алкогольді шектен тыс тұтыну зиян екені туралы міндетті ескертумен қоса беріледі. Ал осындай жарнамалық роликтен кейін саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ролик те көрсетіледі", – деп сендірді департамент басшысы.

Айтқандай, темекі және темекі бұйымдарын жарнамалауға қойылған тыйым ары қарай сақталады. Рас, темекі магнаттары бұл тыйымды product placement тәсілі, мәселен, кинофильмдерде және басқа телеөнімдерде басты кейіпкердің темекі қорабын алып, шылым шегуі арқылы айналып өтуде.

Сыра мен шарап жарнамасын телеарналарға қайтару үшін жауапты министрлік Парламентке және қоғамға арналған тұтас түсініктемені жария етті.

"Ұсынылып отырған норманың негізгі мақсаты – отандық БАҚ-ты қолдау. Өйткені көптеген БАҚ субъектілері жарнама қаражаты есебінен жұмыс істейді. Жарнамадан түскен табыс журналдардың 60-ын, газет көлемінің 70%-ын, ал теле және радиобағдарламалардың эфир уақыты шамамен 100%-ын құрауы мүмкін. Өз кезегінде, БАҚ-тағы жарнамадан табыс алу мүмкіндігі жаңалықтар лентасы мен бағдарламаларының сапасына тікелей әсер етеді. Алайда Қазақстанда "Жарнама туралы", "БАҚ туралы" заңдар арқылы 2004 жылдан бері алкоголь өнімін жарнамалауға тыйым салынған. Бұл ретте ЕАЭО елдерінде, атап айтқанда Беларусь, Армения және Қырғызстанда БАҚ-та алкогольсіз өнімдерді жарнамалауға тыйым салынған жоқ", – деп дамыған елдердің емес, одақтастардың тәжірибесімен дәйектейді ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Оның байламынша, бұл жағдай алкогольсіз өнім өндіруші отандық кәсіпкерлер үшін де, отандық БАҚ үшін де тең емес жағдай жасайды.

Жалпы, Арменияда телекомпанияларға тек жергілікті алкогольді ішімдіктерді ғана жарнамалауға рұқсат беріледі. Мысалы, армян коньягі тәулік бойы жарнамалануы мүмкін.  

Қырғыз көршіде мұндай жарнама түн ортасында ғана, яғни сағат 00:00-ден 7:00-ге дейін паш етіледі.

Алайда Үкімет отандық сыра мен шарап магнаттарына өз тауарларының атаулары мен брендін жарнамалауда "прайм-таймның" шетіне ілігіп қалуға мүмкіндік бермек. Атап айтқанда, телеарналар осы жарнаманы тек жергілікті уақытпен таңғы сағат 06.00-ден түнгі сағат 22.00-ге дейінгі кезеңде көрсетпесе болды. Қалған уақытын тегіс сыра-шарап жарнамасына арнаса да өз еркі. Әйткенмен, мереке және демалыс күндері бұған толық тыйым салынады.

Газеттер мен журналдарға өздерінің бірінші және соңғы беттерінен басқасында ішімдікті жарнамалауға рұқсат.

Жаңа заңға сәйкес, өнімнің өзін жарнамалауға болмайды, тек тауарлық маркасы мен аталымын ғана.

Ондай жарнамада балалар мен жасөспірімдерді көрсетуге және мультипликация не анимация түрінде түсіруге болмайды.

Роликте жарнамаланатын өнімнің емдік қасиеттері бар деп сендіруге, шексіз тұтынуға үндеуге, оны ішпейтіндерді айыптап, мазақтауға, өзге адамдармен, мысалы бойжеткенмен өзара қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп айтуға тыйым салынады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу