Дубайда туристер үшін заң жеңілдеді

5561

Экономикалық жағдай Әмірліктерді алкогольдік ішімдіктер туралы заңды қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. 

Дубайда туристер үшін заң жеңілдеді

Біріккен Араб Әмірліктерінде арақ-шарап саудасы соңғы онжылдықта алғаш рет төмендеген шақта, Дубай өзінің спирттік ішімдіктер туралы заңын жеңілдетті. Осылайша, мұнда шетелдік туристер үшін мемлекет бақылауындағы дүкендерден алкоголь сатып алуға мүмкіндік туып отыр. Бұрын ондай сауда орындарына арнайы лицензиясы бар тұрғындар ғана кіре алатын.

Жаңа ережеге сәйкес, саяхатшылар алкогольге рұқсатты алғаш рет өздері ала алады. Бұл шешім Араб түбегіндегі мұнайға бай әмірліктердің экономикасы құлдырай бастағанда қабылданып отыр. Бір жағынан осы заң туристер тап болатын құқықтық проблемаларға нүкте қоюы керек. Дегенмен, қала-мемлекетте лицензиясыз шампан атуға, біреуге сыра ұсынуға жол берілмек емес.  

"Біріккен Араб Әмірліктері тұтынушылардың сатып алу әдеті мен демографияның әсерінен өзгеруге мәжбүр болып отыр", – деп жазылған Euromonitor International ұйымы жақында жариялаған баяндамада.

Дубай – Әмірліктердің тартымды жерлерінің бірі. Планетаның ең биік мұнарасы – Бурдж Халифаны тамашалап, Парсы шығанағы жағалауындағы курорттарда демалу үшін Дубайға жер шарының түкпір-түкпірінен жылына миллиондаған турист барады. Шетелдіктер бірнеше шақырым жол бойында қаз-қатар тізілген сауда орталықтарын қызықтап, жол таңдамайтын көліктермен шөл далаға саяхаттап, мейрамханаларға да бас сұғады.

Туристердің арасында алкогольдік ішімдіктерден ұрттайтын аз емес. Жалпы алғанда, Біріккен Араб Әмірліктері "ішу" жағынан Таяу Шығыста алдыңғы орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, мұнда тұтынылған алкогольді жан басына шаққанда жылына бір адамға 3,8 литрден келеді екен. Бұл статистканың араққа тыйым салған жеті әмірліктің бірі – Шарджаға да қатысы бар.

Алкоголь – әсіресе, мемлекет үшін үлкен бизнес. Елде бір шөлмек импорттық алкогольден 50 % салық алынса, Дубайда шарап дүкендері ішімдік сатып алғаны үшін қосымша 30 % салық төлейді. Мемлекет иелігіндегі Dubai Duty Free дүкендері әуежай терминалдарынан өткендерге былтыр 2 млрд доллардың тауарын сатқан екен. Солардың ішінде 9 млн шөлмек сыра, 3 млн шөлмек виски және 1,5 млн шөлмек шарап бар. Айта кету керек, мұнда duty-free алкогольдік өнімдерге ешқашан лицензия сұрамайды.

Барлар мен түнгі клубтар отельдердің ішінде немесе солармен байланыста жұмыс істейді. Тіпті Дубайдың Халықаралық Әуежайында берілетін спирттік ішімдіктің түбіртегі осы авиациялық терминалдағы қонақүйден келеді. Бірақ осындай шектеулерге қарамастан, алкоголь сататын мекемелер бейсенбінің кешінде, яғни, әмірлікте демалыс күндері басталғанда, үнемі адамға лық толы болады.

Алайда елдегі жағдай бірте-бірте өзгере бастады. Әлемде мұнай бағасының төмендеуіне, Дубайда тұрғын үй нарқының 30 %-ға қысқаруына және сауда соғысынан төнген қауіпке байланысты қала-мемлекетте жұмыс берушілер қатары да азайып отыр.

Бұл құлдырау арақ-шарап нарығына да әсер етуде. "Еуромонитордың" есебінше, Дубайда 2017 жылы  163,7 млн литр алкоголь сатылса, былтыр бұл көрсеткіш 161,5 млн литрге дейін төмендеген. Дегенмен мұнда туризм секторы ішімдік бағасын жоғары ұстап тұруға көмектесіп отыр.

"EXPO 2020-ға дейін саяхат пен туризм Біріккен Араб Әмірліктерінің алкогольдік ішімдіктер нарығының дамуында маңызды рөл ойнамақ. Дубай келесі жылы әлемдік көрме өткізетіні белгілі. Сол "ЭКСПО-дан" кейін ішімдік саудасына демографиялық жағдай көбірек ықпал ете бастайды", - дейді "Еуромонитор".

Жалпы соңғы жылдары жергілікті үкімет туристердің қамы үшін ішімдік тұтыну туралы ережелерді біршама жеңілдетуге кірісті. 2016 жылы Дубайда Қасиетті Рамазан айы кезінде күндіз арақ-шарап сатуға тыйым салатын заң жұмсартылды. Өйткені исламның ай күнтізбесі алдағы бірнеше жылда Рамазанды туристік маусымға, яғни, ерте көктем мен қыс айларына жақындатады.

Дегенмен,  Дубайда спирттік ішімдікті қандай мөлшерде тұтынсаңыз да, одан кейін көлік жүргізуге рұқсат етілмейді. Сонымен қатар алкогольге қоғамдық орындарда да тыйым салынған. Таяуда жарияланған ережеге сәйкес, дүкеннен сатып алынған кез-келген алкоголь "өзіңіздің отельдегі бөлмеңіз бен пәтеріңізде" ішілуі керек.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу