Жас кәсіпкер отбасын да, ортасын да ұйытып отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5506

26 жасар Айдана Әлмағанбет табыстың кілтін ауылдан тапқан.

Жас кәсіпкер отбасын да, ортасын да ұйытып отыр

Қызылорда облысының 40 мыңға жуық халқы бар Жалағаш ауданындағы табысты жас кәсіпкердің бірі – Айдана Әлмағанбет. Ол дизайн-жарнама агенттігін ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.  

"Бұл кәсіпті жолдасым бастаған. Менің негізгі жұмысым басқа еді. Кейін жолдасым мемлекеттік қызметке ауысты да, бизнесті жүргізу маған жүктелді. Жұмыстан шығып, кәсіпке біржола бет бұрдым", – дейді ол.

Жас отбасы 2015 жылы "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қорынан 6 пайыздық мөлшерлемемен 3,5 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Аталған қаржыға дизайн-жарнама агенттігін ашқан. Агенттікке қажетті компьютер, аппарат, қағаз және басқа да құрал-жабдықтар сатып алынған. Бұдан бөлек, қосымша фотосалон ашқан.

"Ауданда фотосалон мен баннер жасау қызметіне деген сұраныс жоғары еді. Біз сол олқылықтың орнын толтырдық. Кәсібіміз жолға қойылған соң, агенттік табыс әкеле бастады. Несиенің шығынын кәсіптен түскен табыс арқылы жабатын күнге де жеттік", – дейді Айдана Әлмағанбет.

Кәсіпкер 2017 жылы бизнесін одан әрі кеңейткен. Осылайша, аудан орталығынан концеляриялық дүкен ашқан.

"Былтыр "Даму" қорынан алған 3,5 млн теңге несиені жауып, тағы 4 млн теңге несиелік қарыз алдық. Оған екі қабатты жаңа ғимарат салдық. Соның нәтижесінде ғимарат жалдамайтын болдық. Қайта жеке ғимараттағы бос офистерді жалға беріп отырмыз", – дейді ол.

Айдана былтыр "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Бастау Бизнес" жобасының бір айлық курсына қатысып, білімін жетілдірген.

"Даму" қорынан берілген 4 млн теңге несиені уақытынан бұрын жаптық. Қазір тағы бір ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Оны пайдалануға берген соң, фотосалонды, дизайн-жарнама агенттігін, кеңсе тауарларын сататын дүкенді жаңа ғимаратқа көшіреміз. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Бұл ғимаратты жеке қаражатымызға салып жатырмыз", – дейді кәсіпкер.

Жас отбасы енді мал шаруашылығына бет бұруда. Былтыр бизнесті одан әрі кеңейту үшін өңірлік инвестициялық орталықтан 6 млн теңге несие алған. Қазір жылқы шаруашылығымен де айналысуда.  

Кәсіпкер төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

"Ауданда дизайн-жарнама агенттігінің ұсынып отырған қызметіне сұраныс жоғары. Осы уақытқа дейін нарықта біз ғана жұмыс істеп келдік. Қазір тағы бір агенттік ашылғалы жатыр. Нарықта бәсекелестердің болғаны жақсы. Қуаныштысы, еліміздің кез келген түкпірінде бизнеспен айналысуға болады. Бұл елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың жемісі деп білемін", – дейді Айдана Әлмағанбет.

Атап өтерлігі, Айдана бизнестен бөлек, отбасын да ұйытып отыр. Ол жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеуде.

"Бизнеске келгенде 21 жаста едім. Қазір бұл саладағы тәжірибем толысты. Бизнесті де, отбасын да қатар алып жүруге болады", – дейді ол.

Айтпақшы, күні кеше ғана жас кәсіпкер Қызылорда облысы әкімінің қолынан кезекті марапатын алды. Бұл жолы "Сауда үздігі" байқауына қатысып, екінші орынды иеленді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу