"Жасанды интелект туралы" жаңа заң қашан қабылданбақ?

1319

Жасанды интелект өмірімізге тереңдей енген сайын, оны сауатты пайдаланумен қатар, заңды-құқықтық деңгейде қолдану мәселесі де күн тәртібіне шықты. 

"Жасанды интелект туралы" жаңа заң қашан қабылданбақ? Фото: freepik

ЮНЕСКО-ның мәлімдеуінше, жасанды интелект (ЖИ) белгілі бір әлеуметтік мүмкіндіктердің жүзеге асуына ықпал етеді. Алайда, ЖИ жалған ақпарат құрастыруға және таратуға, құпия деректердің қолды болуына, жеке басқа қатысты мәліметтердің ұрлануына, сондай-ақ авторлық құқықты бұзуға байланысты әлеуметтік мәселеде қауіпі зор.

Қазіргі таңда ЖИ-мен жасалған өнімнің авторлық құқығы бүкіл әлемде белгісіз жағдайда, яғни, заңмен нақтыланбаған. Тек әр ел өзінің мемлекеттік заңдары аясында белгілі бір дәрежеде реттейді. Ал, біз "Жасанды интелектпен жасалған" дейміз немесе оны нақты ажыратпауымыз да мүмкін.

Жасанды интеллект жүйелерін қолдану үшін авторлық құқықпен қорғалған материалдарды пайдалану көптеген елдерде заңдық тұрғыда даулы мәселе болып отыр.

Интелектуалды өнім авторлары өздерінің туындыларын көбіне "зерттеу үшін" деген желеумен жасанды интеллект арқылы пайдаланып жүргенін айтуда. Осы мәселеге байланысты әлемде соттасу дерегі көбейіп кеткен. Осыған орай дамыған елдерде осы проблеманы құқықтық реттеу бойынша түрлі әрекеттер жасалуда.

Биылғы жылдың наурыз айында Еуропалық парламент ЖИ әрекетін заңмен реттеу ниетімен "Жасанды интелект туралы" Еуропалық Одақ Заңын қабылдады. Заңда тұтынушыларды манипуляциялау мақсатында пайдалану үшін ЖИ-ды қолдануға тыйым салу, сондай-ақ тұтынушылардың ЖИ мазмұнына қатысты шағымдар беруіне және түсініктемелер алу құқығы қарастырылған.

Қытайда 2023 жылы қабылданған соңғы нормативтік құжатта "ЖИ көмегімен жасалған кез-келген мазмұн айқын әрі арнайы таңбалау арқылы ерекшеленуі тиіс; ЖИ қолданатын кез-келген компания тек рұқсат етілген, заңды деректерді пайдалануға міндетті; ЖИ жүйелері Қытайдың алгоритмдер тізілімінде тіркелуі қажет және заңсыз әрекеттер үшін пайдаланылмауы керек" деген секілді 24 қатаң талаптар қамтылды.

Ал, АҚШ, Сингапур секілді мемлекеттер әзірге адам қолымен жасалған еңбектердің авторлық құқығын қатаң сақтайтын заңдармен шектеліп отыр.

Қазақстанда авторлық құқық мәселелері 1996 жылғы 10-маусымдағы "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" ҚР Заңымен қорғалған. Заң ғылым, әдебиет және өнер туындыларын жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын зияткерлік меншік саласындағы қатынастарды реттейді.

Алайда, осы нормативтік құқықтық актінің мазмұны жасанды интеллект арқылы әзірлеген өнімдердің авторлық құқығын реттейтін ережелердің жоқтығын көрсетіп отыр.

Бір қуантарлығы, биыл ғана елімізде "Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы" жарияланған еді. Жоба аясында "мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, озық әлемдік тәжірибеге сәйкес жасанды интеллект технологиясын дамыту үшін құқықтық реттеуші базаны қабылдау" жоспарланған.

Қазіргі уақытта ҚР Парламент Мәжілісі ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық даму министрлігімен бірлесіп, жасанды интелектіні дамыту және пайдалану кезінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған ЖИ бойынша заң жобасын әзірлеуде.

Қазіргі таңда жасанды интеллектіні құқықтық реттеу мәселелерімен айналысатын негізгі халықаралық ұйымдар – ЮНЕСКО мен "Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы" болып отыр. Аталмыш ұйымдардың сарапшылары жасанды интеллектіні заңсыз пайдалану арқылы жалған жаңалықтар мен фейк деректер, жасанды құжаттар пайда болатындығына алаңдаушылық білдіруде.

Сондықтан отандық заңнаманы жетілдіру кезінде халықаралық ұйымдар алаңдап отырған барлық өзекті мәселелер ескерілу қажет деп есептейміз.

Өйткені, Қазақстанда жасанды интелект жүйесін құқықтық тұрғыда заңмен реттеу – халықаралық аренада еліміздің технологиялық әлеуетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Келешекте бұл заң Қазақстанда жасанды интелект жүйесінің жақсы дамуын қамтамасыз етумен қатар, бізді Орталық Азияда ЖИ бойыншы көшбасшы мемлекетке айналуымызға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу