Елімізде жиі көтеріліп, әлі де түйіні тарқамай келе жатқан түйткілдердің бастысы баспана мәселесе десек, қателеспеспіз. Қай өңірді алып қарасаңыз да, ала дорбасын арқалап, пәтерден пәтерге көшіп жүрген жастардың қарасы қалың. Бұлай қашанғы жалғаспақ? Жайшылықта "Еліміздің келешегі – жастар" деп ауыз толтырып ұрандататын билік сол әлеуметтік топтың бас қайғысын шешу үшін қолының ұшын қимылдатып жатыр ма? Inbusiness.kz тілшісі талдап көрді.
"Кеудеден итеретіні жанға батады..."
Бүгінде қолма-қол ақшаға баспана алу былай тұрсын, пәтер жалдаудың өзі мұң. Былтыр шекараның арғы жағынан адамдар ағылған тұста пәтерін табыс көзіне айналдырып отырғандар жалдау ақысын тіпті шарықтатып жіберді. Содан соң баға түскен емес. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылы Павлодар қаласында бір бөлмелі пәтерді жалдаудың құны 50 мың теңгеден басталып, 90 мың теңгеге дейін жетсе, биыл 90 мың теңгеден басталып 120 мың теңгеге дейін көтерілді. Сол сияқты өткен жылы екі бөлмелі пәтерде тұру үшін 80-120 мың теңге төлеуге тиіс болса, биылғы баға 120 мың теңгеден басталып, 160 мың теңгеден асып жығылды. Үш, төрт бөлмелі пәтерлерді жалға алудың ақысы айтпаса да анық.
Өзінің қара басында пана болмаған соң, жұрттың соған көндігуден басқа амалы жоқ. Бұл жайт, әсіресе, жас отбасылардың шымбайына қатты батады. Әйтеуір отбасын асырап, пәтер иесінің көңілінен шығуы үшін отағасының ниеті болып, шамасы жетсе, 2-3 жұмыста бел жазбай еңбек етіп, нәпақасын табады. Ол болмаса, ыдыс-аяқ сылдырлай бастайды. Бұл – жазылмаған заңдылық.
Біреудің қас-қабағына қарап күнелтіп жүрген жандардың жүрегіне бататын тағы бір жайт – пәтер иелерінің баласы бар жас отбасыларды кеуделерінен итеруі.
"Өткен жылдың қыркүйек айында екі жыл бойы жалдап отырған пәтеріміздің ақысы көтерілді. Бұған дейін екі бөлмеге 80 мың теңге төлеп жүрген едік. Бір күні үйдің иесі "Келесі айдан бастап 130 мың теңге төлейсіңдер. Келіспесеңдер, Ресейден келіп жатқан азаматтарға тапсырамын" деп кесіп айтты. Басқа пәтерлердің бағасы да өскен, соның өзі қат боп тұрған кез. Айтқанына келісуден басқа шарамыз қалмады. Жолдасым негізгі жұмысынан, кешкі уақытта таксилеткеннен 200 мың теңге көлемінде ақша әкеледі. Оның жартысынан астамын осы пәтер иесінің қолына ұстатсақ, қалғаны балабақша ақысы, азық-түлік сынды шығындардан аспайды. Осыдан біршама уақыт бұрын арзандау пәтер іздеп көріп едім, телефон тұтқасының арғы жағында бірден "Кішкентай балаларың бар ма?" деп сұрады. Екі баламның барын айтқаным сол еді, пәтерін беруден бас тартты. Басқалары да сөйтті. Балалары барлардың жағдайына қарайласудың орнына осылай кеудеден итеретіні тіпті жанға батады", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Әмина Өмірзақова.
Бақытқа бөлейтін бағдарлама жоқ
Өкінішке қарай, елімізде қарапайым тұрғындардың, оның ішінде енді ғана отау құрып жатқан жас отбасылардың баспана алуына бағытталған тиімді бағдарлама жоқ. Екінші деңгейлі банктерден ипотека алу үшін кем дегенде 20 пайыз көлемінде бастапқы жарна болуға тиіс. Бүгінгі таңда екінші нарықтағы екі бөлмелі пәтердің бағасы орташа есеппен алғанда 20 млн теңге екенін ескерсек, жастардың қалтасында кемінде 4 млн теңге болуы тиіс. Несиені 18-20 пайыздық мөлшерлемемен алса, ай сайын тағы 300 мың теңгеден астам ақы төлейді. "Отбасы банк" арқылы төмен пайызбен алуды қаласа, пәтер бағасының жартысын жинауы керек. Бұл да – жас шаңырақтардың қалтасына салмақ. Сонда қайтпек керек?
Таяуда Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев "Жас отбасы" бағдарламасын толыққанды жандандырып, "7-20-25" бағдарламасын тұрғындарға қолжетімді ету керек деген ойын білдіріп, депутаттық сауал жолдаған еді. Павлодарлықтардың пікірі де осыған саяды.
"Таныстарым осыдан үш жыл бұрын "7-20-25" бағдарламасы бойынша үйлі болды. Пайызы төмен, бастапқы жарнасы да көп емес. Алайда соңғы екі жылдың көлемінде облыс орталығында осы бағдарламаға ілігетін бірде-бір баспана жоқ. Сарыарқа шағын ауданындағы аталған бағдарлама бойынша тапсырылуы жоспарланған тұрғын үйді аяқасты аз қамтылған отбасыларға үлестірді. Сөйтіп, біз далада қалдық. Ай сайын біреуге 120-140 мың теңге төлеп пәтер жалдағанша, сол соманы ипотека төлеуге жұмсайтын едік. Бірақ ол да жоқ. Ал стандартты ипотекаларды қалтамыз көтермейді", - деп налиды Марат Сәрсембаев есімді тұрғын.
Ертіс жастары шетте қалды
Бұл тұрғыдан алғанда еліміздің мегаполистері мен басқа да бірқатар өңіріндегі жастардың жолы болды деуге келеді. Мәселен, бас қалада "Елорда жастары", Алматыда "Алматы жастары" бағдарламалары бұрыннан бар. "Ақтөбе жастары" мен "Жетісу жастары" да бірталай отбасының баспана бақытын сезінуіне мүмкіндік беріп жатыр. Тіпті, аймақтардың қатарына енді қосылған Абай облысында "Абай жастары" бағдарламасы іске қосылды. Шымкент қаласының әкімдігі бір бағдарламамен шектелмей, жуырда жастарға арналған "Қамқор" бағдарламасын жалғастырды. Мұндай шаралар Жастарды қолдаудың 2021- 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында да қамтылған.
Алайда павлодарлық жастарға осы іспетті бір бағдарлама бұйырмай тұр. "Ертіс жастары" бағдарламасын бастау туралы былтырдан бері айтылып келе жатқанмен, әзірше іске қосылған жоқ. Жергілікті билік мұны тиісті құжаттардың өткен жылдың соңында қабылдауымен түсіндірді. Осы бағытқа жауапты облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметінше, жас отбасыларға арналған бағдарламаның игілігін көрер күн таяу. Қазіргі уақытта "Отбасы банкпен" тиісті келіссөздер жүргізіліп жатқанға ұқсайды.
Жаңа бағдарлама 18 млн теңгеге дейінгі соманы 19 жылға дейін беруді көздейді. Бұл сомаға жаңадан салынған және екінші нарықтағы пәтерді алуға болады. Ипотеканың бастапқы жарнасы 7 пайыз, жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болмақ. Басты талап – үміткердің жасы 35-тен аспауы керек әрі ол денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала, ғылым мен БАҚ өкілі болуы тиіс. Талапқа сай келетін азаматтар өтінішті арнайы іске қосылатын онлайн-платформада беретін болды. Биыл сол арқылы облыс орталығында 38, Екібастұзда 11 және Ақсу қаласында 6 несие беру ойда бар.
Айтпақшы, облыс орталығында "Жастар" деп аталатын шағын ауданның құрылысы да қолға алынбақ. Жергілікті билік мұнда 8100 пәтерлі 83 тұрғын үй, 1200 орындық мектеп пен 250 орындық балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар салуға кіріседі. Солардың қатарында "Ертіс жастары" бағдарламасы бойынша баспана алатын жас отбасылар болатынына да сенгіміз келеді. Әйтпегенде, қазіргі нарықтағы жағдай аясында жас отбасыларға пәтер жалдау да, пайызы қымбат ипотека алу да қиынның қиыны.