Жасы келген шенеуніктер жол береміз дегенше, жастарымыз қартайып барады

3280

Мемлекеттік қызметте жаңа реформа жүргізіледі, іріктеу және жұмысқа алу жүйелері жетілдірілмек.

Жасы келген шенеуніктер жол береміз дегенше, жастарымыз қартайып барады Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов

Апта құрғатпай, мемлекеттік қызметте ауыс-түйіс болып жатады. Әсіресе, вице-министрлердің, өзге де орынбасарлардың отставкаға кетіп, креслосына жаңа біреудің қонжиғаны туралы жаңалық жиі жарияланады. Кейінгі екі жылда көптеген министрліктің басшысы екі рет ауысып үлгерді. Халық түгіл, депутаттар да енді қай ведомствоны кімнің басқаратынын нақты білмей, аты-жөнін Гуглден іздейді.

Мұның бәрі Қазақстанның мемлекеттік қызметіндегі алапат "кадрлық тұрақсыздықтан" хабар береді. Қалыптасқан жағдайдың егжей-тегжей, жай-жапсарын білу үшін биыл Үкімет 27 мемлекеттік органның қызметіне кең ауқымды функционалдық талдау жүргізіп шықты. Оның қорытындысы төбе шашты тік тұрғызады. Мемлекеттік қызметті тұрақсыздық, түңілушілік, біліксіздік, алауыздық жайлағандай. Сыбайлас жемқорлығы – бір төбе.

"Мемқызметшілердің жартысына жуығы бір жыл ішінде қаржылық жағдайының стагнацияға ұшырағанын хабарлады. Ал, әрбір төртінші мемқызметші қаржылық жағдайының нашарлағанын хабарлады. Қазақстанда енгізілген мансаптық жылжудың тік-вертикалды моделіне сәйкес, еңбекақы көлемі жоғары тұрған лауазымды иеленгеніне қарай өседі. Жоғарылауға қол жеткізе алмаған білікті мамандардың еңбек шарттары тиімді жеке секторға кетіп қалуы жиіледі. Содан мемлекеттік органдар мықты кадрлерді ұстап қалу үшін басшылық және жоғарғы атқарушылық лауазымдардың санын жасанды түрде арттыру тәжірибесіне жиі жүгінеді. Бұл өз кезегінде жауапкершілік пен жүктемелерді бөлудегі теңгерімсіздіктерге әкеледі", – деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері агенттігі.

Сұрақтарға жауап берген басшылардың 73%-ы (!) білікті қызметкерлердің тапшылығын атап өткен. Бұл ретте меморгандарда 7,5 мыңдай лауазым-орын бос тұр. Соның ішінде 1 408 вакансияға басшылар ұзақ уақыттан бері маман таба алмай, дал.

Қызметкерлер не дейді? Мемқызмет ведомствосы орталық және жергілікті меморгандардың 32 711 қызметкері арасында сауалнама жүргізген. Он қызметшінің әрбір екіншісі (19%) үстінен қарайтын бастықсымақтардың тым көп екеніне, қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтініне шағымданып, басшылық лауазымдағылардың санын қысқартуды сұрапты.

Сондықтан 250-ден астам басшылық лауазым енді "атқарушы мемлекеттік қызметші" лауазымына айналдырылды.

Бағалау барысында орталық меморгандар мен әкімдіктердегі басшылардың 62,7%-ының ғана "көшбасшылық" біліктілігі жеткілікті деңгейге екені белгілі болды. "Қызметті басқару" компетенциясы небары 57,8%-ынан, яғни екі басшының біреуінен ғана табылған. Басшылардың орынбасарларының 20%-дайы мемлекеттік тілді білмейтін болып шықты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі көңілсіз қорытындыға келіп отыр. Билікте қазіргі заманғы талаптарға икемділік пен бейімделу жеткіліксіз, сондықтан мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу және оларды жұмысқа қабылдау жүйесін жетілдіру қажет.

"Іріктеу және мемлекеттік қызметке кіру жүйесінің икемділігі мен бейімделгіштігінің жеткіліксіздігі салдарынан білікті мамандар үшін мемлекеттік қызмет тартымдылығын жоя бастады. Бұл бүкіл мемлекеттік басқарудың тиімділігінің төмендеуіне және кадрлардың мемқызметтен кетіп қалуының артуына соқтырды", – деп дабыл қақты агенттік.

Мемлекеттік қызметке кірудің қолданыстағы тәртібі 2016 жылдан бастап енгізілді. Алайда, Мемқызмет агенттігінің байламынша, "мұндай тәртіп мемлекеттік қызметке үміткерлердің сеніміне ие бола алмады.

"Мұны кандидаттардың қызығушылығының төмендігі куәландырады. Атап айтқанда, бүгінде бір бос орынға таласушылар саны үш адамнан аспайды. Бұған теріс әсер ететін негізгі факторлардың қатарына субъективизм, конкурстық комиссиялар шешімдерінің меморган басшысының тілегіне тәуелділігі және басқалар жатады", – деп мәлім етті агенттік.

Ол мемқызметті жайлаған тағы бір кесірді атады. Мансаптық модель аясында соңғы 5 жылдағы барлық конкурстардың жартысына жуығы немесе 46%-ы ішкі конкурстарға тиесілі. Яғни, оларда бос орынға үміткерді іріктеу және тағайындау сол меморганда жұмыс істеп жүрген қызметкерлер арасында жүзеге асырылады. Осы арқылы шенеуніктер өз қатарына сырттан, соның ішінде жеке сектордан сауатты, білікті, жас мамандарды кіргізбейді. Жабық корпорацияларға айналып барады.

Агенттіктің ұстанымынша, мұндай жағдай жеке және квазимемлекеттік секторлардан ауысқысы келетін әлеуетті кандидаттарға айтарлықтай тосқауыл болып отыр. Ішкі конкурстық рәсімдерді қолдану сондай-ақ "ит тұмсығы батпайтын" бюрократияға және кадрлық процестердің икемділігінің төмендеуіне соқтырды.

"Қалыптасқан тәжірибе мен модель жыл сайын меморгандарды бос жұмыс орындарының әрбір екіншісі бойынша алдымен мемлекеттік қызметшілердің арасында ішкі конкурс жүргізуге, содан кейін ғана барлық ниет білдірушілер үшін жалпы конкурсты қайталап өткізуге мәжбүрлейді. Салдарынан, соңғы жылдары 30 жасқа дейінгі жас мемлекеттік қызметшілер үлесінің төмендегені байқалады. Егер 2019 жылы жас мемқызметшілердің үлесі 23%-дан көп болса, 2023 жыл қорытындысында 17%-ға дейін құлдырап кетті", – деп хабарлады Мемқызмет агенттігі.

Бұл жастарды мемлекеттік секторда жұмыс істеуге ынталандыру қажеттігін көрсетеді. Ол үшін мемлекеттік қызметте ерте кәсіптік бағдарлау институтын енгізу керек.

Ведомство сарапшылары бұл саланың басты бір кемшілігін атады. Мектеп жасынан бастап таланттармен жұмыс істеп, қатарға тарту құралдары жоқ. Оларды қажетті білім алып, мемлекеттік қызметке кіргенге дейін сүйемелдеуге қолдау көрсететін бағдарлама қарастырылмаған.

Мемлекеттік органдарда өндірістік практикадан өтуді нақты регламенттеу жоқ, бұл сұранысқа ие мамандарды тарту үшін өте маңызды. Жастарды мемлекеттік органдарға тарту үшін мектеп және университеттер деңгейлерін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институтын құру енді ғана жоспарлануда.

"Мансаптық өсудің тік моделі орнына көлденең-горизонталды моделін енгізу сыныптар бойынша жоғарылату үшін тиісті талаптарды әзірлеуді талап етеді. Олар оқумен және тағылымдамадан өту қорытындыларымен расталатын функционалдық құзыреттерден басқа, қызметшінің тиімділігін бағалау нәтижелерін, сондай-ақ әдепті бұзғаны немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жазасының болмауы талаптарын да қамтуға тиіс", – деп түсіндірді Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік.

Қалай болғанда, салада онжылдықтар бойы қордаланған проблемалардан арылу үшін бесінші, кезекті көзбояу әкімшілік реформаны жүргізе салу емес, шынымен салмақты, жан-жақты және түбегейлі реформаны жүзеге асыру талап етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу