Жеке кәсіпкерлігін жапқандар жазаланады

10732

Мамандардың айтуынша, бұл ескерту жеке кәсіпкерлігін жапқан, бірақ бизнесін ары қарай жалғастырған азаматтарға қатысты. Олардың үстінен тексеру жүргізілмек.  

Жеке кәсіпкерлігін жапқандар жазаланады

Жаңа жыл қарсаңында салықшылар мұрнынан шаншылып, сүрлігіп жатыр. Астана қаласының аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары осы аптада келушілердің қалың нөпіріне толы болды. Басқарма мамандарының айтуынша, жыл бойы жайбарақат жүрген жұрт енді жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлігін (ЖК) жыл аяқталғанша жауып тастауға жанталасуда.   

Елорда тұрғыны Бахтияр да солардың қатарында.

"Төрт жылдан бері такси айдаймын. Жеке кәсіпкерлігіме он жылдай болып қалды. Бірінші көлігімді жалға беру үшін ашқызып едім. Ол автоны сатып жібергеніме үш жылдан асып кетті ғой деймін. Такси қызметін заңсыз көрсетесің деп айыппұл салмасын деп, ИП-ымды қалдырғанмын. Сөйтсем, бәрібір оның ОКЭД-і (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы) сәйкес келмейді екен. Содан жауып тастап жатырмын. Ал такси қызметі үшін менің тарапымнан төленуге тиіс алым-салықтарымды "Яндекс" ұстайды", – деді Бахтияр.

Мемкірістер басқармасының мамандары ЖК-ны (ИП) онлайн жауып тастауға да болатынын ескертті. Бірақ азаматтардың біразы бұл туралы білмейді, ал білетіндері сенбейді: басқарманың өзіне барып, маманының кеңесімен жабуды жөн санайды. Содан бұл мекемелерде ұзынсонар кезектер қалыптасты.  

Мемлекеттік кірістер органдарына барғандар арасында келесі жылы декларация тапсырмау үшін ЖК-сын жабуға ұйғарғандар да бар болып шықты. Бірақ олар бизнесін ары қарай жалғастыруға ниетті. Тек табысын мемлекетке жариялағысы келмейді.

Бұл үрдіс уәкілетті органды да алаңдатып отыр. Қаржы министрлігі ЖК тіркемей, немесе оны жауып тастап, жұмыс істеуін, табыс табуын жалғастыратындарға салынатын айыппұл көлемі 2024 жылдан бастап, 369,2 мың теңгеге дейін жететінін қатаң ескертті.

"ЖК тіркеусіз жүргізілетін кәсіпкерлік қызмет үшін 15 АЕК-тен (55 380 теңгеден) бастап, 100 АЕК-ке (369 200 теңгеге) дейін жететін айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұған қоса, табысты жасыру үшін айыппұл көлемі төленбеген салық сомасының 200%-ын, қайталап жасалса – 300%-ын құрайтын болады. Сатып алушыға, тұтынушыға чекті бермегені үшін 15-тен 50 АЕК-ке (184 600 теңгеге) дейін айыппұл салынады", – деп хабарлады Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.

Ал көлеңкеде, "астыртын" жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді мемлекет қалай анықтайды? Ол үшін жеке шоттарын тексереді.

Мемлекеттік кірістер комитеті есепшотына әртүрлі 100-ден астам адамнан аударылымдар түсетін тұлғалар туралы мәліметтерді биыл банктерден ала бастады. Олардың аударылымдарының мәнісі айқындалады. Тексеріске іліккендер саны қазірдің өзінде 8 мыңнан асты.

"Бүгінде қолға келіп түскен ақпаратты талдау жұмыстары жүргізілуде. Мұндай ақпараттарды биыл алғаш алып отырмыз. Онда нақтылауды қажет ететін жайттар бар. Сондықтан қабылдаған мобильді төлемдерінің саны лимиттен асып кеткен барлық азаматқа дереу хабарлама жіберіп, бәріне айыппұл саламыз деп айта алмаймыз. Біз 8 мың азаматқа қатысты мәліметтер алдық. Байыбына барамыз", – деді Мемкірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов.

Бұл 8 мың адам – жаппай декларациялаудың бірінші кезеңінде декларация тапсырған 570 мыңнан астам адамның арасынан анықталғандар. Олардың арасында тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, олардың жұбайлары бар болып шықты. Ал 2026 жылы барлық қазақстандық декларация тапсырса, мобильдік төлем қабылдау шегінен шыққандар саны еселеп өсетіні даусыз.

Қалай болғанда, комитет өкілдерінің сендіруінше, бұл кешенді тетік елдегі тіркелмеген кәсіпкерлерді және жасырылған табыстарды табу үшін өрістетіліп жатыр. Себебі, сауда орталықтарындағы, базарлардағы, дүкендердегі, дүңгіршектердегі кәсіпкерлер, таксистер мен жүк тасымалдаушылар, шаштараздар, сұлулық салондары, жөндеу қызметін көрсететіндер және басқалары төлемді негізінен мобильді аударылыммен қабылдайды.

МКК мамандарының түсіндіруінше, жеке кәсіпкерлігін жапқан немесе оны тіркеусіз бизнесін жалғастырған (100-ден көп клиенттен қолма-қолсыз қаржы алған) азаматтарға 2024 жылы алдымен камеральды бақылау жүргізіледі. Талдау барысында бұзушылық әшкереленсе, бірінші жолы оның анықталғаны туралы хабарламамен шектеледі.

Оны ала сала, салық төлеуші бұзушылықты өз бетінше жойғаны жөн.

Егер азамат бұзушылық туралы ақпаратқа келіссе, онда жеке кәсіпкерлігін тіркетуі, немесе декларацияламаған табысының сомаларын көрсетіп, қосымша декларация ұсынуы керек.
Егер келіспесе, растаушы құжаттарды қоса тіркеп, бұзушылықтың жоқтығы туралы түсініктеме ұсына алады.

Хабарлама талабын орындамаса, онда салықтық тексеріс тағайындалады. Оның барысында банктерден азаматтың есепшоттары туралы толық ақпарат сұратылады. Соның негізінде бұзушылықтың бары не жоғы туралы шешім шығарылады.

Жалпы, 2023 жыл бойы мемлекеттік қызметшілердің, оларға теңестірілген тұлғалардың және жұбайларының 2022 жылы жасаған мобильді аударылымдары жаппай тексеріліп жатыр.

2024 жылы бүкіл мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері жұмыскерлерінің және олардың жұбайларының е-банкингтер арқылы 2023 жылғы қаржы аударылымдары тексеріледі.

2025 жылы банктер аталған тұлғаларға қоса, жеке кәсіпкерлердің, заңды тұлғалар басшыларының және олардың жұбайларының деректерін құзырлы органға тапсырады.

Ал 2026 жылы барлық қазақстандықтың, соның ішінде елімізде тұрақты тұратын шетелдіктердің 2025 жыл бойы қабылдаған мобильдік аударылымдары тексеруге ілікпек.

Бұл жайт жұртшылықтың жүрегін май ішкендей етті. Себебі, әрбір ұжымда туған күндерге, саналуан іс-шараларға, той-томалаққа, мерейтойларға және басқаларына сыйлыққа ақша жинауға жауапты бір адам болады. Егер компания, не мекеме ұжымы үлкен болса, онда жиналатыны да 100 адамнан асып кетуі мүмкін. Демек, ұжым белсендісі, яғни жауапты тұлға тексеріске ілігуі мүмкін.

МКК мамандарының түсіндіруінше, отбасы мүшелері, туыстар, достар, таныстар арасындағы айма-ай қайталана беретін мобильді ақша аударылымдары кәсіпкерлік қызмет болып есептелмейді. Тіпті тиісті хабарландыру алғанның өзінде ол адам растаушы құжатын тіркеп, түсініктеме беріп, салық органының ұйғарымына шағым келтіре алады.  

Дұрысы, бір адамның есепшотына ақша аударатындар санының 100-ден асып кетпеуін қадағалаған абзал. Үлкен ұжымдар бір емес, бірнеше жауапты тұлғаны белгілегені орынды.

Көлеңкелі табыс табатындар "100 мобильді аударылым" нормасын айналып өтудің жолдарын қарастырып жатқаны байқалады. Мәселен, бүгінде біраз сауда нүктелері, түрлі қызмет көрсетушілер қолма-қол ақшаға көшуде. Мысалы, Астананың өзінде кейбір дүкендер шытырлаған ақшамен есептескен клиенттерді 5% жеңілдікпен қызықтырып, таяудағы банкоматтан қаржы шешіп алуға ынталандырады.

Мемкірістер комитетінің мамандары бұған қатысты да ескерту жасады: мұндай қулық ұзаққа бармайды. Өйткені декларациялау аясында 2026 жылдан бастап барша қазақстандықтар табысы мен шығысын жаппай жариялайды. Сонда әр адамның ресми табысы оның есепшотына түсіп жатқан сома мөлшерімен салыстырылатын болады. Егер асып түсе берсе, құзырлы орган назар аударып, мәнісін анықтауға ден қояды.

Бірақ оған дейін қолма-қолсыз ақша айналымы өсуі мүмкін. Бұған дейін, керісінше, елдің электронды ақшаға көшуі қарқынды жүрген еді.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Мақсат Ақмұратовтың дерегінше, Қазақстанда 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өсті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 82% болған.

6 жастан бастап балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланады: ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген. Мобильді аударылымдарды тексеру кесірінен кәсіпкерлердің көлеңкелі экономикаға ауысуының қандай ауқымға жеткені келесі жылы белгілі болады. Мұны, біріншіден, жеке кәсіпкерліктер санының күрт кемуі, екіншіден, қолма-қол төлемдер үлесінің артуы паш етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу