Жеке сот орындаушыларының тарифі төмендетіледі

7478

Қазақстанда жеке сот орындаушылар бетімен кетіп, елді басынып барады. 

Жеке сот орындаушыларының тарифі төмендетіледі

Бұқараның билік органдарына жолдаған шағымының біраз бөлігі соларға қатысты. Сот үкімінің орындалуына делдал болып, табыс табатын бұл "мамандардың" түрмеде онсыз да жазасын өтеп жатқандарға жалған айып үстемелеу секілді сорақы тірлігі анықталды.

Бұл жайында Алматы тұрғыны, бұрынғы кәсіпкер Евгений Л. айтып берді. Ол жеке сот орындаушыларының заңсыз ісіне назаланады.

"Олар мені атқару өндірісі бойынша борышкерлер тізіміне енгізіп қойды. Оған сәйкес, мен 2015 жылдың қарашасында Алматы қаласында әкімшілік құқық бұзушылық жасаппын, содан ішкі істер департаменті маған әкімшілік айыппұл салыпты. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес, себебі 2015 жылдың шілдесінен 2020 жылдың тамызына дейін түзеу мекемесінде жазамды өтедім, қамауда отырдым", – дейді Евгений.

Аты-жөнді жазуда қателесті ме, әлде әдейі жасады ма, ЖСО түсіндірмеген. Ол жеке сот орындаушысына хабарласып, сол кезде бас бостандығынан айыру орнында отырғандықтан, еркіндікте, қала ортасында ешқандай құқық бұзушылық жасауы мүмкін еместігін әңгімелейді. Алайда сот орындаушысы өндірісті тоқтата алмайтынын және тек айыппұлды төлесе ғана істі доғару көзделгенін жеткізіпті. Бұл жерде абақтыдан таяуда ғана босатылғаны туралы анықтама да жеке сот орындаушысына ықпал етер емес.

Интернетте пайданы күреп табады

Қоғам белсендісі Нәзима Ысқақова да көптен бері осы мәселені көтеріп келеді. Ол Әділет министрлігі ЖСО-лар туралы заңға өзгеріс енгізіп, қоғамда қордаланған проблеманы шешуге уәде еткенін еске салды. Әйтпесе, билік заңды үкімдерді орындатамын деп елді зар қақсатуда.

"Бұл мәселе көптің қабырғасына батады. ЖСО-лар халықтың, бизнестің карта-есепшотын жаппай бұғаттап, жылжитын-жылжымайтын мүлкіне тегіс тұтқын салып, күрделі шақта қатігездік танытуда, елдегі әлеуметтік шиеленісті күшейтуде. Олардың шектен тыс тарифін төмендету керек. Барлық жеке сот орындаушылар электронды жүйелерде отыр, қандай да бір адамның жаза басқанын көрсе, жабыла кетіп, бұғаттайды, оған 55 мың 560 теңге (20 АЕК) ақысын қосады. Бұғаттауды алып тастау үшін тағы үлкен соманы талап етеді. Бұлар ешбір өнім өндірмей, шөптің басын сындырмай-ақ ел үстінен баю жолын тапты. Олардың қызметінің құнын 20-дан 2 АЕК-ке дейін түсіру керек", – дейді Н.Ысқақова.

Ол осы тариф төмендетудің игілігін бұрынғы жылдардағы атқару істеріне де таратуды ұсынады. Сонда күйзелісті шақта халық пен бизнес шамалы болса да қаражатын қайтарып, тіршілігіне жұмсай алады.

Бұған министр не деді?

Әділет министрі Марат Бекетаев ЖСО-лардың тарифі азайтылатынын растады. Дегенмен, ел күткендей он есе емес, екі есеге ғана кемітілмек.  

"Биылғы 27 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Осы заңмен "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" қолданыстағы заңының 118-бабына түзетулер енгізіліп отыр. Яғни, ЖСО қызметіне ақы төлеу тәртібі өзгереді. Осылайша, талап-арызды қамтамасыз ету туралы атқарушылық құжат ұсынылған жағдайда ЖСО ақысы енді қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхат берген тараптан өндіріп алынады", – деді әділет ведомствосының басшысы өз блогында.

Оның түсіндіруінше, жаңа заңға сәйкес, егер талап-арызды қамтамасыз етудің (обеспечение иска) күшін жою туралы үкім шығарылса, онда ЖСО қызметінің ақысы сол қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішпен жүгінген, бірақ сотта ол өтініші қанағаттандырылмаған тұлғадан өндіріп алынады.

Ал егер судья шағымданған тараптың ұстанымын жақтап шықса, онда талап-арызды қамтамасыз етудің күшін жою (мысалы, есепшотты бұғаттауды алып тастау) үшін ЖСО қызметінің ақысы айыпталған тұлғадан өндіріп алынады.

"Жаңа заң нормаларын жүзеге асыру мақсатында Үкіметтің жаңа қаулысының жобасы әзірленіп жатыр. Құжат "Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы" Үкіметтің 2014 жылғы 4 мамырдағы №437 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Қаулы жобасы талапты қамтамасыз ету немесе оны жою туралы атқару құжаттары үшін ЖСО-ларға төленетін ақыны төмендетуді қарастырады. Ол қабылданғаннан кейін бұл сома жеке тұлғалар үшін қолданыстағы 20 АЕК-тен 10 АЕК-ке (2020 жылы – 55 мың 560 теңгеден 27 мың 780 теңгеге) дейін, ал заңды тұлғалар үшін қазіргі 40 АЕК-тен 20 АЕК-ке (111 мың 120 теңгеден 55 мың 560 теңгеге) дейін төмендетілуге тиіс", – деді әділет министрі М.Бекетаев.

ЖСО-лардың табыс көзі

Министрдің пікірінше, нәтижесінде, сотқа түскен талап-арызды қамтамасыз ету, мүлікті бұғаттаудан босату секілді ақшалай емес атқарушылық құжаттар үшін ЖСО-ның тарифі айтарлықтай азаяды.

Алайда сот орындаушылары басқа бағыттарда баюын жалғастырмақ. Мәселен, құзырлы органның, соттың мүлік немесе ақша өндіру туралы шешімін орындатқан ЖСО оның сомасына қарай ақы алады:

Мүлік құны не ақша көлемі 60 АЕК-ке (166 680 теңгеге) дейін болса – өндіріп алу сомасының 25% мөлшерінде;       
60 АЕК-тен 300 АЕК-ке (833 400 теңгеге) дейін болса – 20%;
300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке (2 778 000 теңгеге) дейін болса – 15%;
1 000-нан 5 000 АЕК-ке (13 890 000 теңгеге) дейін болса – 10%;
5 000-нан 10 000 АЕК-ке (27 780 000 теңгеге) дейін болса – 8%;
10 000-нан 20 000 АЕК-ке (55 560 000 теңгеге) дейін болса – 5%;     
20 000 АЕК-тен жоғары болса – өндіріп алу сомасының 3% мөлшерінде ақы ала алады.

Ендеше тіпті ортанқол жеке сот орындаушысының өзі ешқайда шықпай-ақ, интернеттегі электронды жүйелер арқылы бір істен 2 миллион 778 мың теңге (20 мың АЕК-тің 5 пайызы) және одан көп пайда таба алады. 

Азаматтар көп жағдайда атқару өндірісі ашылғанын және өзін ЖСО қудалауды бастағанын білмей жатады. Мысалы, қайтарылмаған банк кредитіне, коммуналдық төлем берешегіне қатысты сот отырыстарына айыпталушылар шақырылмайды: үкім сыртынан шығарылып, сот орындаушысы орындауға білек сыбана кірісіп кетеді. Сондықтан Қазақстанда атқару өндірісінің қозғалғаны туралы ақпарат борышкерлерге SMS хабарлама арқылы жолданатын болды. Ұялы телефонға түсетін ол ақпаратта сотта іс қаралғаны, шешімді орындау үшін шектеу шаралары қабылданғаны және басқа да мәліметтер келтірілмек. Бұл сервис сондай-ақ "борышкердің қаражатын үнемдеу" үшін іске қосылған көрінеді. Себебі, хабарламасы бар 1 тапсырыстық хат борышкерге 350 теңгеге түседі. SMS-хабарлама құны 20 теңге болмақ. Заң бойынша хабарлама ақысы да шығысқа есептеледі және борышкерден қоса өндіріледі.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу