Жеке тұлғалардың банкрот болуы: Несие төлемеуге кімнің құқығы бар?

Банкрот деп танылған тұлға 5 жыл бойы банктер мен микроқаржылық ұйымдардан несие ала алмайды. Сондай-ақ 3 жылға шетелге шығуға тыйым салынады.

Жеке тұлғалардың банкрот болуы: Несие төлемеуге кімнің құқығы бар?

Бұл туралы "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын қоғамдық талқылау барысында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.

Құжат жобасында жеке тұлғаны банкрот деп танудың екі жолы ұсынылған. Олар қарыз сомасы мен несиенің мерзіміне қарай сараланады.

Біріншісі – соттан тыс банкроттық

"Бұл жол тұрақты табысы жоқ, борышын өтеу мүмкіндігінен айырылған адамдарға арналған. Ол үшін борышкердің банк, микрокредиттік ұйым, коллекторлардың алдындағы қарызы 4,9 млн теңгеден аспауы керек. Бұл 1600 айлық есептік көрсеткіш деген сөз. Ресми табысы жоқ, былайғы табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс көлемінен (36 018 теңге) аспайтын азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімдей алады", – деп түсіндірді Қайрат Миятов.

Бұл ретте борышкердің атында мүлік болмауы және қарыз бойынша банктермен реттеу процедурасын жүргізуі керек. Соттан тыс банкроттық тек банктер, микрокредиттік ұйымдар және коллекторлық агенттіктерге қарыз сомалары бойынша рәсімделеді.

"Ұсынылып отырған заң жобасы бойынша, соттан тыс банкроттық туралы өтініш "Электрондық үкімет" web-порталы арқылы беріледі. Содан кейін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесінде кірістер мен мүліктің, сондай-ақ сот шешімдерінің болуы тұрғысынан басқа мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырылып, тексеру жүргізіледі. Тексеру нәтижелері бойынша борышкерге соттан тыс банкроттықтан бас тартылғаны немесе расталғаны туралы хабарлама жіберіледі", – деді комитет басшысының орынбасары.

Осылайша, соттан тыс банкроттық рәсімі 4,9 млн теңгеден аспайтын берешек бойынша мақұлданады.

Сот арқылы банкроттық жариялау тәртібі

 "Егер қарызы 1600 АЕК-тен немесе 4,9 млн теңгеден жоғары болған жағдайда сот банкроттығы рәсімі қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады", – деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.

Түскен қаражат белгіленген тәртіппен қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда несие берген ұйым оны сот банкроттығы расталған кезде ғана алуға құқылы.

"Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда несие рәсімдеген ұйым оған талап қоя алмайды", – деп түсіндірді комитет өкілі.

Банкрот деп танылған азаматтар үшін шектеулер қарастырылған

Заң жобасында банкроттықтан кейін азаматтарға 5 жыл бойы қарыздар, несиелер алуға шектеу қойылады. Сонымен қатар мұндай тұлғалар 3 жыл ішінде шетелге шыға алмайды.

"Емделу, жақын туыстарын емге апару немесе жерлеуге бару, оқу барысы бойынша сырт мемлекетке баруға шектеулер қолданылмайды", – деді комитет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, азаматтар 7 жылдан кейін банкроттықты қайта рәсімдей алады екен.

"Жобада алаяқтықтың алдын алу мақсатында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, жекелеген азаматтар заңның көмегімен өздерін банкрот деп жариялауды ойластырады, ал іс жүзінде кіріс алып отырады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін жобада заңды тұлғалардың банкроттығы сияқты нормалар қарастырылған. Алдау, мүлікті жасыру фактілері анықталған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, айыппұл төлеуден бас бостандығынан айыруға дейін. Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқаруға шектеу қою түріндегі санкция да бар", – деді спикер.

Ескерте кететіні, жеке тұлға банкрот деп танылғанымен алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздары есептен шығарылмайды.

Мұндай заң не үшін қажет?

Сарапшылардың пікірінше, банкроттық жеке тұлғалар қиын жағдайға тап болып, қарызын төлей алмаған кезде борышынан құтылудың толық өркениетті жолы. Көптеген елдерде, соның ішінде көрші Ресейде жеке тұлғаларды банкроттығы бойынша арнайы рәсімдер қарастырылған.

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеу қажеттігі бірнеше жылдан бері айтылуда. Алайда бұл заңды қабылдау кейінге шегеріліп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайға несие алу көрсеткішінің артуы себеп. Егер 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жеке тұлғаларға берілген несиелер портфелі 4,3 трлн теңгені құраса, 2021 жылы 1 желтоқсанда ол 9,8 трлн теңгеге дейін өскен. Оған қоса, қайтарылмаған берешек сомасы да артты. 2021 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 90 күннен аса уақыт бойы өтелмеген қарыздардың жалпы сомасы 422 млрд теңгені құрады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу