Желден ақша жасап жатыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4429

Шалғайдағы шаруашылық жел энергетикасының жемісін көруде. 

Желден ақша жасап жатыр

Павлодарда 8 жел генераторы ғана бар

Павлодар облысында Галицкое деген ауыл бар. Облыс орталығынан 130 шақырым жерде орналасқан. Осындағы "Галицкое" шаруа қожалығы жел энергетикасының жемісін көруде.

Жалпы, Павлодар облысында жел энергетикасы анау айтқандай жақсы дамымаған. Деректерге сүйенсек, облыста небары 8 жел генераторы ғана бар. Үнемі жел соғып тұратын Арқадағы өңір үшін бұл жақсы көрсеткіш емес, әрине. Павлодардың жел энергетикасын дамытуда әлеуеті әлдеқайда жоғары.

Аймақтағы 8 жел генераторының төртеуі Павлодар мемлекеттік университетінің ауласында орналасқан. Екі генератор "Клуб караванеров" қоғамдық бірлестігіне тиесілі. Олар Майқапшағай – Омбы тас жолының Павлодар-Астана жол айырығына қойылған. Аталған генераторлар жол жиегіндегі күн панельдерімен бірге жол айырығын жарықтандырып тұр. Ал қалған екі генераторды "Галицкое" шаруа қожалығы орнатқан. Байқағандарыңыздай, өңірдегі жел генераторларының жалпы саны қос қолдың саусақтарына да жетпейді.

Павлодар облысы – желсіз күндері тым сирек өңірдің бірі. Бірақ, табиғаттың осы бір тартуын кәдеге жаратып жатқандар аз. Бұл ретте, "Галицкое" шаруа қожалығының тың салаға түрен салуы өзгелерге үлгі боларлықтай.

Энергетика нарығынан енші алғысы келеді

Шаруашылық басшысы Александр Касицынның айтуынша, жел генераторлары өндірістік қажеттілікке, яғни электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайтуға ғана арналмаған. Шаруашылық энергетика нарығының толыққанды ойыншысы атанғысы келеді. Жел генераторларынан өндірілген электр энергиясын ортақ желіге сатуды мақсат тұтқан. Осылайша, "Галицкое" Қазақстандағы біртұтас электр энергетикасы жүйесінің операторы KEGOС компаниясының энергетика нарығындағы ойыншыларға қойылған талаптарын толықтай орындаған.

"Электр энергиясының көтерме сауда нарығына кіру үшін жел генераторларын сатып алып, орнату жеткіліксіз. Оларды заманауи есепке алу жүйелерімен де қамтамасыз ету керек. Есепке алу жүйелерін жел құрылғысының әрқайсысына бөлек орнату қажет және олардың басын біріктіріп тұратын тағы бір ортақ жүйе болуы шарт. Біз осы талаптардың бәрін орындадық. Оған 25 млн теңге көлемінде қаржы жұмсадық", – дейді "Галицкое" серіктестігі директорының орынбасары Сергей Саламацкий.

Шығынды үш есе азайтқан

Жел генераторларын қолға түсірудің екі жолы бар. Біріншісі – Украинада жасалған жаңа жел генераторларын сатып алу. Олардың бағасы шамамен 1 млн еуроға жуықтайды. Бұған құрылғылардың Қазақстанға жеткізілуін және монтаж жұмыстарын қосыңыз. Сонда бір генератордың бағасы екі есе өсіп шыға келеді.

Екінші жол – бұрын пайдаланылған жел генераторларын сатып алу. Бұл біріншісімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. "Галицкое" шаруа қожалығы екінші жолды таңдапты.

"2018 жылдың қараша айында ауылдың шетіне германиялық екі жел генераторын әкеп орнаттық. Әрқайсысының қуаттылығы 1 МегаВатқа тең. Өткен жылдың қарашасынан осы жылдың 1 шілдесіне дейін жел генераторларының біреуі 1,5 млн КилоВатт/сағаттан астам электр энергиясын өндірді. Өкінішке қарай, екінші генератор дұрыс орнатылмағандықтан, осы уақытқа дейін апаттық жағдайда тұрды. Орташа есеппен жел энергиясының нәтижесінде ай сайын 300 мың КилоВатт/сағатқа жуық электр энергиясы жинақталып отырды. Бұл біздің көп салалы шаруашылық үшін айтарлықтай көмек. Жел құрылғылары электр энергиясына жұмсалатын шығындардың тең жартысын жауып отыр. Бұған дейін электр энергиясына ай сайын 20 млн теңгеге дейін жұмсасақ, генераторларды іске қосқаннан кейін 3-5 млн теңге жұмсайтын болдық", – дейді шаруашылық директорының орынбасары.

Аукцион жүйесі шикі болып шықты

Шаруа қожалығы бір проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Проблема заңнамаға келіп тіреледі.

Елімізде "Баламалы энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" заң қабылданған. Осы заңның ескі редакциясында жел генераторының ескі немесе жаңалығына қатысты нақты бір талап болмаған. Бастысы құрылғыны орнатып, электр энергиясын өндірсе болғаны. Кейін заңға түзетулер енгізілді. Түзетілген құжатқа сәйкес, бұрын пайдаланылған генераторды орнатқандар энергетика нарығына ене алмайды. Ал "Галицкое" орнатқан құрылғылар бұған дейін Германияда пайдаланылған.

"Оның үстіне жел генераторлары өндіретін электр энергиясының тарифін қорғау жөніндегі аукцион жүйесі де шикі болып шықты. Аукционға қатысты мәселелер реттелгенде, өткен жылдың күзінен бастап бірыңғай есептік-қаржылықпен жұмыс істейтін едік. Біз қатысқан сауда-саттық екі параметр бойынша жүзеге аспады. Біріншіден, қатысушылар саны аз болды. Екіншіден, жалпы қуат көлемі жеткіліксіз болды. Бірақ, біз алдағы күннен үміт үзбейміз. Электр энергиясын жеткізуші іргелі компанияға айналамыз деген үміт бар. Өйткені, біз бұл жобаға көп қаржы жұмсадық. Енді жұмсалған қаржыны ақтап алу керек. Сондықтан жел энергетикасын одан әрі дамыта бермекпіз", – дейді Сергей Саламацкий.

Шаруашылық  қазан айында өтетін жел генераторлары өндіретін электр энергиясының тарифін қорғау жөніндегі аукционға қатыспақ.   

"Егер биыл аукционда жеңіске жетіп, тариф ала алсақ, онда өткен жылы енгізілген түзетулерге сәйкес, алдағы үш жыл ішінде электр энергиясын өндіретін жаңа жабдықтарды әкелуге міндеттіміз. Иә, бұл да біраз шығынды талап етеді. Бірақ, жұмсалған қаржыны бес жыл ішінде толықтай ақтап аламыз деген ой бар. Себебі, Павлодар облысында желсіз күндер тым сирек болады. Ал желді арзан әрі экологиялық қауіпсіз электр энергиясын өндіруге пайдаланбау нағыз әбестік болар еді", – дейді шаруашылық директорының орынбасары.

Биыл үш жел электр станциясы салынады

Энергетика министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жел генераторларын орнату 2010 жылы басталған. Қуаттылығы 0,05 МегаВатқа тең алғашқы жел электр станциясы Ақмола өңірінде бой көтерген. Ал бүгінде республика бойынша жалпы қуаттылығы 230 МегаВатты құрайтын 15 станция жұмыс істеп тұр. Олардың қатары жыл соңына дейін тағы үш станциямен толықпақ.

Қазақстанның баламалы энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбаевтың сөзінше, Ерейментау мен Қордай Қазақстандағы жел электр станцияларының алғашқы қарлығаштары болып саналады. Алғашқысының қуаттылығы 45 МегаВатқа тең. Соңғысынікі – 21 МегаВатт.

"Қазір бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Ақтөбе облысында ЭНИ компаниясы 50 МегаВаттық жаңа жел электр станциясының құрылысына кірісті. Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында AccessPower компаниясы да дәл осындай жобаны қолға алды. Сондай-ақ Маңғыстауда 42 МегаВаттық жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, әзірлік сатысында тұрған тағы бірнеше жоба бар", – дейді Арман Қашқынбаев.

"Жасыл экономикаға" қашан көшеміз?

Қазақстанда "жасыл экономикаға" көшу туралы Концепция қабылданған. Концепция осыдан алты жыл бұрын бекітілген еді. Аталған құжатқа сәйкес, 2020 жылға қарай Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 3 пайызын баламалы энергия құруы керек. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 10 пайызды, 2050 жылға қарай 50 пайызды құрауға тиіс.

Арман Қашқынбаевтың айтуынша, Концепцияда көрсетілген межелерді қиындықсыз бағындыруға болады.

"2050 жылға қарай елде өндірілетін электр энергиясының 50 пайызын баламалы энергетика құрайтын болады. Бұған қол жеткізуге мүмкіндік мол. Себебі, алдағы уақытта жаңа станциялардың құрылысына жұмсалатын шығындар азаяды. Бұл бір. Екіншіден, біз қазірдің өзінде 2020 жылға арналған жоспарды асыра орындап қойдық", – дейді Арман Қашқынбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу