Желді де жұмысқа жегіп жатыр

5759

Қазақстан бойынша Ерейментау қаласы баламалы қуат көзін өндіруде көш бастап тұр.

Желді де жұмысқа жегіп жатыр

Ел тарихындағы ең алғашқы өнеркәсіптік жел паркі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсат беруімен Ерейментау қаласында іске қосылды. Ол қуат көзінің тапшылығын азайтуға тиіс болды. Бұған қоса жел электр станциясына "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын  жаңартылған энергия көзімен қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Бүгінгі таңда жел паркі ел игілігіне қалтықсыз қызмет етіп тұр. Ал Қазақстан жел энергиясын баламалы қуат көзі ретінде тиісінше пайдалануға тырысып жатыр.

Атап көрсету керек, қазір дүниежүзі бойынша жел энергиясы баламалы қуат көздерінің көшін бастап тұр. Біздің ел дәл осы қуат көзінен пайда көруді мақсат тұтып отыр.   

Бұл бағытта әлем елдерінің әлеуеті қандай? Барлап, шолып шығайық.

Бүгінде әлем бойынша жел энергиясын пайдаланудың көшін АҚШ бастап тұр. Бұл елде желден энергия өндіретін 18 мың қондырғы бар. Дания, Ұлыбритания, Канада, Германия, Швеция, Францияда мемлекеттері де баламалы қуат көзін кәдесіне жаратып отыр.

2015 жылы әлемдегі барлық жел генераторларының қуаты 400 гигаватқа жуықтап қалды. Дания мемлекеті осы техника арқылы электр энергиясының 40 пайызын өндірсе, Қазақстан небары 0,5 пайызын өндірді. Ал Шотландия 2014 жылы баламалы қуат көзі арқылы үй шаруашылығында тұтынылатын электр қуатының 170%-на қол жеткізді.

Біле жүріңіз, жел энергиясының артықшылығы мен кемшілігі қатар жүреді. Артықшылығына келетін болсақ, жел энергиясын пайдаланған кезде шикізат сатып алудың, оны тасымалдаудың, қалдық шығарудың қажеті болмайды. Отын мен электр қуатының шығыны азайып, оттегі қоры сақталады. Табиғи ресурс үнемделіп, қоршаған орта ласталмайды. Ал жел қондырғылары жұмысының эфирге кедергі келтіруі, қуаттың тұрақты берілмеуі сонымен қатар жел электр станциясының үлкен территорияны қажет ететіндігі мен құнының қымбаттығы ең басты кемшілік болып табылады.

Тақырыпқа орай қызық дерек ретінде келтіре кетейік, ең бірінші жел фермасы 1980 жылы АҚШ-та дүниеге келген. Ең ірі электр станциясы да АҚШ-та қолданысқа берілген.

Біздің мемлекет  баламалы қуат көзін өндіруге ыңғайлы ел. Өйткені біздің жазиралы жазығымызда жел емін-еркін жүреді. Әйтсе де қазіргі таңда еліміздегі электр энергиясының басым бөлігі газ бен көмірден алынып отыр.

Қазақстандағы электр стансаларының көбі көнерген. Олардың күш-қуаты сарқылылуы мүмкін екенін назарға алған ел үкіметі осыдан 10 жыл бұрын "Қазақстан Республикасында 2007-2015 жылдарда электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі шаралар жоспары" аясында инновациялық жоба әзірледі. Нәтижесінде 2011 жылы қуаты 54 мвт болатын ГЖЭС бой көтеріліп, Ақсу ГРЭС-інің №2 энергоблогы жұмыс істей бастады. Осының ізінше Мойнақ ГЭС-нің тамырына қан жүгірді. Алайда осының өзі бізді қосымша энергия көзін қарастыруға міндеттеді.

Естеріңізге салайық, осыдан бір ай бұрын Украина мен Қазақстанның үкіметаралық комиссиясы еліміздегі тұңғыш жел электр станциясының жұмысымен танысу үшін Ерейментау қаласына арнайы барды.

Комиссия мүшелеріне "Самұрық-Энерго" АҚ атқарушы директоры Қаныш Молдабаев желбағандардың құрылысы мен қолдану тәжірибесін түсіндірді. Сонымен қатар атқарушы директор ЖЭС-тің  негізгі күші 45 МВт екенін атап көрсетіп, болашақта оның қуаты 300 МВт-қа ұлғаятынын жеткізді.

"Жобаның жүзеге асырылуына "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамы жауапты болды. Жел электр станциясын іске қосу үшін 18,9 млрд  теңге жұмсалды. Бүгінгі таңда ол өзінің экологиялық және экономикалық тиімділігін көрсетіп отыр. Таяу болашақта біз жобаның екінші кезеңіне ауысып, қосымша 50 МВт энергия алуды көздеп отырмыз. Барлығы ойдағыдай болса, алдағы уақытта жылына 1 млрд МВт жасыл энергия өндірілетін болады", – деді Қаныш Молдабаев.

60 гектар аумақты алып жатқан жел паркінде 22 желбаған орналасқан. Олар жасыл энергия үшін үздіксіз жұмыс істейді. Өндірілген жел энергиясының барлығы Қазақстанның ұлттық электр желісіне барып қосылады.

Жел электр станциясының құрылысына немістердің технологиясы, украиндардың мамандары және Қазақстанның қаржысы мен табиғи желі жұмылдырылыпты.

"Қазақтардан, немістерден және украиндардан құралған мықты мамандар тобы барлық мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Біз жобаға атсалысуымызды жалғастыра бергіміз келеді", – деді бізге "Ветряные парки Украины" компаниясының бас директоры Владислав Еременко.

Оның бұлай деуінің жөні жоқ емес. 10 жылға жетпейтін уақытта тиімділігін көрсетеді деген жобаға шет мемлекеттер кәдімгідей қызығып отыр. Ал Қазақстан тарапы әу бастан желбағандарды ашық тендер арқылы сатып алуға бел буған.

Жел паркі бас директорының орынбасары Ерлан Жақыповтың мәлімдеуінше, аталмыш электр станциясының қуаты артқан кезде мұнда 100-ге жуық желбаған баламалы қуат көзін өндіретін болады.

"Бүгінгі таңда өндіріліп отырған 45 МВт таза электр қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық көмірдің үнемделуіне мүмкіндік беріп отыр. Біз өндірістік қуатты 300 МВт-қа жеткізген кезде қазіргі көрсеткіш бірнешеге есе көбейіп, қоршаған ортаға төнетін қауіп бірнеше есеге азаяды", – деді директордың  орынбасары.  Жел паркі қазірдің өзінде бюджеттің бір бүйірін толтырып отыр екен. Өткен жылы 2 млрд теңгеге жуық өнім өндіріліп, ауданға 200 миллионнан астам таза табыс түсіпті.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу