Жемқорлардың мүлкін тәркілемей, "мұртын балта шаппайды"...

758

Елімізде жемқорлық бабымен сотталған азаматтардың мүлкін тәркілеу жағы әлсіз боп тұр. Тіпті, жүргізілмейді деуге болады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тиімсіз етуде. Сондықтан да осы олқылықтың орынын толтыратын уақыт келді. 

Жемқорлардың мүлкін тәркілемей, "мұртын балта шаппайды"... Фото: canva.com

517 адамның 9-ының ғана мүлкі "кәмпескеленген"

Коррупциялық қылмыстар еліміздің имиджіне де, экономикасына да орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Әсіресе, мүліктік шығындар миллиардтаған сомамен саналады. Айталық, 2021 жылы мұндағы көрсеткіш 9 миллиард 655 миллион 348 мың теңге болған болса, 2022 жылы 12 миллиард 348 миллион 425 мың теңгені құраған. Ал былтыр сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық істерден келген шығын көлемі 51 млрд 36 млн 153 мың теңгеге бір-ақ жеткен. Осы тұста мұның ең бірінші себебі - жемқорлардың мүлкінің тәркіленбейтінінде. Тағы да цифрлар келтірсек, былтыр Қылмыстық кодекстің 366-бабымен пара алғаны үшін 198 адам сотталған. Солардың тек 18-і ғана мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жазаға тартылған. Сол сияқты ҚК-нің бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін ысырап еткені немесе жымқырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған 189-бабы бойынша 517 адам сотталған болса, олардың тек 9-ының ғана мүлкі "кәмпескеленген". Мұндай статистика коррупционерлерге қарсы конфискация жазасының қолданылмайтынын көрсетеді.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында органдар басты назарды жасалған қылмысты дәлелдеуге, яки оның айғақтарын табуға салады. Ал тәркілеуге жататын мүлікті анықтауға тиісті көңіл бөлінбейді. Өйткені бұл органдарда онымен айналысып отыратын мамандар жоқ. Бір жағы бұл жердегі бір мәселе Қылмыстық кодексті шектен тыс либерализациялауда жатыр. 2014 жылы басталған бұл үрдіс құқық қолдану практикасында қылмыстық жауапкершіліктен босату, жазаны анағұрлым жеңіл түріне ауыстыру сипатында жиі көрініс тапты. Бұл қылмыстық саясаттың аса маңызды принциптеріне, әсіресе әділеттілік қағидатына және міндетті түрде жауапкершілікке тарту, жазаның бұлтартпастығы деген ұғымдарға қайшылық тудырды. Соның кесірінен қылмыстық қудалау орбитасында жүрген адамға профилактикалық әсер ету пәрменділігі әлсіреп кетті. Қолында билігі мен байлығы барлар еркінси бастады. Тәркілеу шарасының міндетті қолданылмауы олардың жазасын түрлі жолдармен тез өтеп шығып, одан әрі шалқып өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр", - дейді Әділет министрлігі Заң шығару және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Саттар Рахметов.

Қылмыстық кодексті либерализациялаудың бір мысалы: 65-баптың 1-бөлігінің екінші абзацы сотқа коррупциялық қылмысты алғаш рет жасаған адамды, шынымен өкініп, айыбын мойындайтын болса, қылмыстық жауапкершіліктен босатуға құқық береді. Тіпті ол осы кодекстің 366-бабы 4 бөлігіндегі 10 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасаған болса да солай. Ол аздай қылмыстық жолмен алған мүлкі тәркіленбейді, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза да қолданылмайды.

"Бұл баптардың айқын бір дерегі: 1 млн АҚШ доллары көлеміндегі аса ірі парамен ұсталған "Қорғас" мекемесінің бұрынғы басшысы Василий Ни мен сол іс бойынша пара беруге қатысқан М.Сайдуллаева қылмыстық жауапкершіліктен босап, құтылып кеткен. Бір қызығы, аталған тұлғаларға қатысты қылмыстық істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өзі тоқтатқан. Мұндай мысалдар елімізде жетіп-артылады. 2023 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1692 қылмыс тіркелген болса, оның 1451-і бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, 1221-і сотқа жолданған. Соның ішінде 230 іс ақтауға жатпайтын негізде, 725 іс ақтауға жататын негізде тоқтатылған болса, 142 қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеулер үзіліп қалған. Осыдан-ақ қылмыстық істердің айтарлықтай көп бөлігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тоқтатылатынын аңғаруға болады. Тіпті 2021-2022 жылдары өндірісі тоқтатылған және мерзімдері үзілген істер саны сотқа жолданғаннан да асып түскен. Ал шындығында бұлайша қылмыстық қудалауды тоқтатқан дұрыс емес", - дейді профессор Саттар Мұқанұлы.

Оның айтуынша, жемқорларға жазаның ең жұмсағы, яки айыппұл салу өте жиі, ал бас бостандығынан айыру сынды ең қатаң түрі өте сирек қолданылады екен. Істі болғандардың 64-74% айыппұлмен құтылады. Ал бас бостандығынан айырылғандардың үлесі 30%-ға да жетпейді. Онда да сотталғандар жазасын қауіпсіздігі ең төмен түзеу мекемесінде өтеуге мүмкіндік алған. Қоныс-колонияларында орналасып, айдауылсыз жүре алады. Сондықтан да заңды қатаңдата түсу қажет.

Мұндағы ең бір нәтижелі шара – конфискация болар еді. Өйткені, түрлі бағалаулар бойынша, тәуелсіздік жылдарында шетелге 165-450 миллиард доллар аралығында қаражат шығарылған. Біздің 30 мыңға жуық шенеуніктер өз активін шетелде жасырып отыр екен. Ендеше, тәркілеу шаралары осындай сырттағы қаражатты да қамтуы керек.

Integrity check-тен "ақшаны бояуға" дейін

Transparency International халықаралық ұйымының жыл сайын жариялайтын коррупцияға батқан елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан былтыр 180 мемлекеттің ішінен 92-ші орынға орнықты. Бұл жолы ол 100-ден 39 балл ғана жинай алған. Дегенмен алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3 баллға артық. Бірақ бәрібір де 50-ден төмен ұпай жинаған елдер "парақорлық дендеген мемлекет" деп саналады. Сол себеп еліміздің алдында бұл бағытта атқарылар шаруалар көп-ақ. Сондай қадамдардың бірқатары деп: "ақшаны бояу", Integrity check, жемқорлардың аты-жөндері мен суреттерін жариялау, заңсыз баюға қарсы жауапкершілік енгізу шараларын айтуға болады. Мәселен, таяуда таныстырылымы өткен "ақшаны бояу" пилоттық жобасы цифрлық теңгені кеңінен қолданысқа енгізе отырып, соның ішінде бюджет қаражатын белгілі бір тұрақты түстермен бояуды көздейді. Сол арқылы оның қайда жұмсалғанын анықтауға болады.

"Цифрлық теңге – жымқыруға жол бермеудің маңызды, прогрессивті құралы. Оны енгізу бюджет қаражатын тиімді, мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – біздің басты міндетіміз. "Ақшаны бояуды" пилоттық енгізуді іске асыру үшін жемқорлыққа неғұрлым бейім салалардың бірі ретінде "жол салуға, ӘКК-ге бөлінген қаражатты пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды субсидиялау" бағыттары айқындалып отыр. Алғашқы сынақтар республикалық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерінен, облыстық ӘКК-нің бірінен және "ҚазАгроҚаржы" АҚ бөлетін инвестициялық субсидиялардан басталады", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.

Келесі бір тиімді шара ретінде Integrity check – "парасаттылыққа тексеру" тетігін айтуға болады. Бұл жоба да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің адалдығын тексеру жөнінде пилоттық режимде енгізілген еді. Бүгінде жемісін беріп жатыр деп айтуға болады. Мәселен, антикордың тексеріс шараларымен қамтылмаса да, үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері туралы хабарлайтын қызметкерлерінің саны көбейген. Жобаның алғашқы айында 65 қызметкерден хабарламалар келіп түскен. Ал ІІМ қызметкерлерінің арасында азаматтардың пара беруге оқталғанын хабарлағандар саны 10 есеге артқан. Осылайша, сыбайлас жемқорлық жағдайын саналы түрде модельдеу онымен күресудің тиімді тетігі бола алып отыр.

"Жемқорлықты толық жеңу, әрине, мүмкін емес болар, бірақ оның деңгейін төмендетуге болады. Ол үшін заңсыз баюға қарсы жауапкершілік енгізу керек. Мысалы, өмір бойы мемлекеттік қызметте істеген, жалақысы 250-300 мың теңге болған адамдар бар. Бірақ, тұратын үйі - зәулім сарай, мінген көлігі - соңғы үлгідегі модель, баласы шетелде қымбат оқу орынында оқиды, әйелі шетелге шопингке барады, жылына бес-алты рет ең мықты туристік қалаларда демалады. Міне, осының бәріне ақшаны қайдан алады? Осы сұрақты міндетті түрде қою керек. Егер ол сұраққа жауап бермесе, автоматты түрде жауапкершілікке тартуға тиіспіз. Әлемде мұндай мысалдар өте көп. Мәселен, Гонконгты алайық, 1970 жылдары ондағы мемлекеттік аппараттың жемқорлық деңгейі 92-93% болды. Олар сол кезде заңсыз баюға қарсы жауапкершілікті енгізді. Енді, міне, қазіргі таңда бұл ел жемқорлықсыз мемлекет ретінде жоғары деңгейде тұр", - дейді "Әділдік жолы" РҚБ-ның директоры Дидар Смағұлов.

Жемқорлықты жеңудің тағы бір жолы - антикоррупциялық мәдениет қалыптастыру. Мемлекет пен қоғам бірігіп күресуге тиіс. Мәселен, 2018-2019 жылдары жемқорлардың тізімін суретімен бірге жариялау керек деген ұсыныс болған екен. Сол қолдау тауып, былтыр тиісті заңға қол қойылған. Енді таяу уақытта жемқорлардың тізімі жарияланатын болады. Олай болса, бұл еліміздегі коррупцияға қарсы батыл соққы болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу