Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының құрдымға кету қаупі бар

16814

ҚҚС алынып тасталса, мектеп киімінің бағасын 12-15%-ға арзандатуға мүмкіндік болады.  

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының құрдымға кету қаупі бар

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың айтуынша, елімізде осы саланы дамытудың стратегиялық жоспарын құруды қолға алу қажет.

"Қазіргі дағдарыс кезінде әлем елдері жеңіл өнеркәсіпке қолдау көрсетіп жатыр. Мысалы, Қырғызстан жеңіл өнеркәсібін салықтың барлық түрінен босатты. Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Түркия елдері тоқыма өндірісіне, трикотаж, аяқ киім тігу тәрізді салаларға айтарлықтай көңіл бөлуде. Беларусь пен Ресейде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың стратегиялық жоспары бар. Біздің елде де стратегиялық даму бағдарламасы әзірленіп, осы салаға қолдау көрсетілуі тиіс. Әсіресе салықтық жеңілдік керек", – деді ол.

"MIMIORIKI" сауда белгісімен танымал кәсіпорын директоры Инна Апенко өндірісшілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, тұтынушыға да септігі тиетінін айтты.

"Пандемияға байланысты көптеген мәселе туындап отыр. Қазақстандық брендтердің кейбірі мүлдем жойылып кеткелі тұр. Оларға көмек көрсететін күн туды. Қазір отандық брендтерді ынталандыру үшін мемлекет бірқатар шара қабылдай алар еді. Сауда орындарын жалдау үшін төленетін ақы өнім бағасының 30%-нан 50%-на дейін жетеді. Бірінші кезекте, QazBrands аясында сұрайтынымыз – қазіргі сауда орталықтары жабық тұрған кезде сауда алаңдарын жалдау ақысын жылдың аяғына дейін 50%-ға субсидиялау. Сауда орталықтары қазіргі жұмыс істемей тұрған кезімізде жалдау ақысын, коммуналдық төлемдерді талап етпесе дейміз", – деді Инна Апенко.

Сондай-ақ ол еліміздің жеңіл өнеркәсібінің шетелдік шикізатқа тәуелдігі мен мектеп киімін тігу мәселесіне тоқталды.

"Елімізде өндірілмейтін шикізат импортына салынатын баж салығын уақытша алып тастауды сұраймыз. Бұл шара тауар бағасын валюта бағамы өзгергенге дейінгі деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Қазір тұтынушылар бағаның өскенін еш қаламайды. Өйткені соңғы 1-1,5 ай ішінде халықтың қалтасы жұқарды. Үшіншіден, мектеп формасын тігетін кәсіпорындар үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) алып тастау қажет. Мектеп киімі әлеуметтік маңызы бар санатқа жатады. Мектепте форма кию міндетті болғандықтан, оқушы киімін сатып алу әр ата-ананың қалтасына жүк түсіреді. Әсіресе көп балалы отбасыларға қиын. ҚҚС алынып тасталса, мектеп киімінің бағасын 12-15%-ға арзандатуға мүмкіндік болады", – деді Инна Апенко.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың мәліметінше, бүгінгі күні осы саладағы кәсіпорындарында 13 мың адам жұмыс істеуде. Олардың 90%-ы әйелдер.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу