Елімізге әлем елдерінің жартысынан киім импортталады. Оның ішінде алыстағы Лаос, Кабо-Верде, Гватемала, Сен-Бартелемидан бастап, көрші Қытай бар. Жалпы биылғы жылдың алғашқы сегіз айында республика аумағына 36,7 мың тонна киім кіргізілген. Аталған көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге жоғары. Егер мұны ақшаға шақсақ 427 млн долларды құрайды. Осылайша сырттан келетін бұйымдар көлемі 28%-ға артқан. Бұл елімізге күніне 1,75 млн долларға 151 тонна киім-кешек кіргізіледі деген сөз. Ал Қытайдан келетін тауар 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есеге ұлғайып, 124,8 млн долларға жетті. Сондай-ақ Ресейден келетін импорт 16%-ға өссе, Түркиядан 3 есеге артқан. Аталған үш ел қазақстандықтардың 76%-ын киіммен қамтуда. Бұл ретте отандық өндірушілер сұраныстың 2%-ын да қамти алмай отырғанын айта кету керек. Киім өндірісі бойынша отандық статистика қандай? Қазақстандық кәсіпкерлер не дейді? Сарапшылар аталған сегментті дамытудың қандай жолдарын ұсынады? Іnbusiness.kz осы сауалдарға жауап іздеп көрді.
Статистика да көңіл көншітпейді
2019 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысына сәйкес, киім мен аяқ киім өткен жылмен салыстырғанда 7,8%-ға қымбаттады. Оның ішінде әйелдер киімінің бағасы 7%-ға, ерлердікі 7,6%-ға және балалардікі 7,9% жоғарылады.
Ал бұл саладағы өндіріске келер болсақ, жыл басынан бері отандық цехтар 29,1 млрд теңгеге киім тіккен. Жалпы өндіруші кәсіпорындардың басым бөлігі Алматы облысында (24,8%), Алматы (14,2%) мен Шымкентте (10,8%) орналасқан. Бұған қарамастан сырт киім бойынша отандық өндірушілер нарықтағы сұраныстың бар болғаны 1,7%-ын ғана қамтуда. Ал шұлық және тоқыма бұйымдар саласы бойынша көрсеткіштер 8,9% шамасында.
Отандық кәсіпкерлер не дейді?
Кәсіпкер Жанат Бақыт аптасына 500 көйлек, 600 жеңіл көйлек, 300 шапан, яғни жалпы саны 2 мыңнан аса киім шығарады. Бизнесменнің сөзінше, оның барлығы бірден сатылып кетеді екен. Алайда киім – кешек өндірісіне қажетті түймеден бастап инеге дейін шетелден келетіні тағы бар. Соған қарамастан ол отандық өндірушілер бағаның қолжетімділігіне мән беруге тиіс дейді.
"Матаны Түркия, Өзбекстан, Қырғызстаннан аламын. Қосымша түйме сынды бұйымдардың барлығы шетелден келді. Киімдердің жалпы құны қымбат болмау үшін шикізаттарды көтерме бағамен сатып алуға тырысамын. Тұтынушылардың сұранысы осы. Яғни, қолжетімді көйлектер тез өтеді. Бізде өндірушілер киімдеріне шетелдік мата деп бағаны көтеріп тастауды әдетке айналдырған. Әрине, халық 400 мың тұратын отандық бешпетті алғанша, 40 мың тұратын Түркияның немесе 4 мың тұратын Қырғызстанның бешпетіне ұмтылады", – деді кәсіпкер.
Кәсіпкердің пікірінше, шикізат пен баға мәселесі отандық нарықта кездесетін қиындықтардың тек басы ғана. Сонымен қатар Жанат Бақыт салық төлемей көшірме жасайтындар мен отандық өндірушілер арасында бәсекенің жоқтығы да аталған сегменттің дауына кедергі жасайтынын айтып отыр.
"Ұлттық нақыш қосып, менің киімдерімнің көшірмесін жасайтындар өте көп. Бұл заңмен реттелмеген. Олар салық төлемейді, базарларда саудаланады. Дегенмен заманауи үлгідегі ұлттық киімдерді дамытып жатқандарына қуанамын. Отандық өндірушілер арасында бәсекелестік жоғары емес. Көбіне біздің өнімдермен импорттық тауарлар жарысады", – деді кәсіпкер.
Сарапшылар пікірі қандай?
ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова басты кедергі елге заңсыз, жасырын түрде әкелінетін киімдер екенін айтады. Сарапшының сөзінше, жылына контрабандалық жолмен әкелінетін жеңіл өнеркәсіп өнімдерінінің жалпы сомасы 2 млрд долларды құрайды.
"Бұдан бөлек, ішкі нарықта тауар өндірушілерге қолайлы экономикалық жағдай жасалмаған. Сонымен қатар, сауда орталықтары отандық өндірушілерді қолдаудың орнына тек жалға беруші қызметін атқарып отыр",-деді жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті.
Любовь Худованың айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін қауымдастық Түркия тәжірибесінің негізінде QazBrands отандық киім брендтерін дамыту бағдарламасын әзірлеген.
"QazBrands бағдарламасы аясында ішкі нарықтағы негізгі тауар өндірушілерге ыңғайлы жағдай жасап, тоқыма бұйымдар саласын дамытуды көздеп отырмыз. Мәселен, жыл сайын елімізде 37,5 млрд теңгеге мектеп формасы сатылады. Оның тек 7%-ы ғана отандық өндірушілерге тиесілі. Осы олқылықтың орнын толтыруға QazBrands бағдарламасы негіз болуға тиіс. Бұдан бөлек, Қазақстанда тігін бұйымдарының қажеттілігі 200 млрд долларды құрайды. Ал арнайы жұмыс киімдерінің нарығы 1,8 млрд доллар. Бұған жаңағы 37,5 млрд теңге мектеп формасы нарығын қосу керек. Осының барлығын қамту үшін біз арнайы ұсыныстар жаздық", – деді қауымдастық басшысы.
Любовь Худова айтқан ұсыныстардың негізгісі - инвестиция тарту, жаңа өндірістік технологияларды меңгеру, экспорттық стратегия жасау, тоқыма, тігін, трикотаж, былғары бұйымдарына қосымша құн салығын төмендету, жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтіндердің барлық табысы бизнесін дамытуға жұмсалады деген шартпен салықтан босату сынды шаралар қолдану. Сарапшының пікірінше, QazBrands бағдарламасы осының барлығын қамтыған жағдайда киім нарығындағы отандық өндірушілер көрсеткіші 2%-дан әлде қайда жоғары болмақ.
Құралай Құдайберген