"Made in Kazakhstan" өтпей ме әлде тұтынушыға жетпей ме?

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
6179

Бренд даңқымен киім өтеді десек, отандық киім үлгілері әлі ондай деңгейге жеткен жоқ.

"Made in Kazakhstan" өтпей ме әлде тұтынушыға жетпей ме?

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы Любовь Худова қазақстандық ритейлер "Made in Kazakhstan" – елдің тігін цехтарында тігілген отандық киімдерді сатуға құлықты емес екенін тағы да айтты. Оның пайымдауынша, мұның екі себебі себебі бар. Алғашқысы – киім сататын дүкендерде сауда нүктелерін жалдау ақысы тым жоғары, екіншісі – кәсіпкерлерлер тек атақты брендтердің өнімдеріне ұмтылады, отандық киімдер әлі көпшілікке танымал емес. Басқаша айтқанда бүгінгінің ұраны "бренд даңқымен киім өтеді" болып отыр. Ал елдегі кәсіпорындарда тігіліп жатқан киімдер әлі ондай деңгейге жеткен жоқ.

"Қырғызстанда халық саны 5,5 млн болса, соның 30 пайызы жеңіл өнеркәсіппен айналысады. Олар кез-келген салықтан босатылған. Жеңіл өнеркәсіп – халықты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір сала. Қырғызстан үкіметі осыны түсініп, кәсіпкерлерге еркіндік беріп отыр. Өндіріс орнында 200-ден астам жұмыс істесе де, жеңілдік қарастырылған. Салықтан босатылған қырғыз кәсіпкерлері біздің нарықты жаулап келеді. Біздегі барлық тігін фабрикасы импорттық шикізатпен жұмыс істейді. Мен маман ретінде әркім өз ісімен айналысқанын қалаймын. Тауар тауар өндіруші тауар өндірсін. Ал ритейлер тауарды алып, оны сатсын. Себебі алып-сатуды ұйымдастырудың өз ерекшелігі бар. Ал бізде ше? Кәсіпорын тауар өндіреді, ал оны сату жұмысшыларына жүктеледі. Менеджмент ақсап жатқандықтан, тауар өндіруші,сауда және тұтынушы арасында байланыс жоқ", – дейді Любовь Худова.

Ресми деректер бойынша еліміздің жеңіл өнеркәсібі осы жылдың алғашқы 4 айында 23, 9 млрд теңгенің тауарын өндіріпті. Оның 12,9 млрд теңгесі мата, ал 10 млрд теңгесі киім-кешек. Бұл ішкі нарықтың тек 10 пайызын ғана қанағаттандырады. Ал қалғаны сырттан келеді.

"Бізге мемлекеттің қолдауы қажет. Атап айтқанда сауда үйлерінен орын алуымызға субсидия берсе, ел ішіндегі, халықаралық киім көрмелеріне қатысуға мемлекет тарапынан көмек берілсе, біз бұл саланы 5 жылда тығырықтан алып шығар едік", – дейді Любовь Худова.

Нарықта тұтынушының талғамы ғана соңғы нүктені қояды. Ал біздің тігін цехтарында дайындалған киімдеріміз тұтынушының талғамына сай келе ме деген сұраққа "ARCADA" компаниясының коммерциялық директоры Эльза Розенталь отандық киім индустриясында күнделікті тұрмысқа қажетті аяқ киімнің, киім-кешектің үлесі өте аз екенін айтады. Олардың сауда үйлері сөресіне түспеуінің бір себебі сол екен.

"Қазақстандық киім тігетін кәсіпорындармен келісімшарт жасауға талпындық. Бірақ олардың ұсынған тауарлары біздің сауда үйлеріндегі В, С-В категориялары аудиториясының талабына сәйкес келмеді", – дейді Эльза Розенталь.

Осы тұста мамандар, елдегі киім-кешек индустриясы күнделікті емес, сән индустриясына бағытталғанын айтады. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген компаниялар бізде жетеді. Олардың алды шетелде өтетін байқауларда жүлде алып та үлгірді. Бірақ олардың қолынан шыққан киімдер элиталық дүкендерде  хенд-мейд ретінде эксклюзив ретінде сатылады екен. Розенталь ханымның айтуынша, олардың бағасы еуропалық брендтердің люкс класындағы киімдердің бағасымен бірдей. Сондықтан олар жалпыға бірдей қолжетімді емес.

"Қазақстанда киім индустриясына сән үлгілері дүкенін ұйымдастыру жеткілікті болғанмен, тауарын бренд өнімі ретінде жарнамалау жетпейді. Кез келген ритейлер үшін басты шарт та сол. Себебі кез келген бренд бір заңдылық аясында дамыса ғана сұранысқа ие болады. Ешкім жеке-дара киім үлгісімен нарыққа шыға алмайды", – дейді Эльза Розенталь.

Ал Любовь Худова болса қазақстандық бренд үлгілерін қалыптастыру үшін ең алдымен халықты отандық киімдермен киіндіруді үйренуіміз керек дейді. Қырғызстанның экономикасындағы жеңіл өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі қазір 30 пайыздың төңірегінде екенін, оларда жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келе жатқанын алға тартады.

"Қырғыздар 190 миллион доллардың өнімін өндіріп, оның барлығын дерлік Қазақстан мен Ресейге экспорттап отыр. Тәуелсіз сарапшылардың есебінше, Қырғызстандағы жеңіл өнеркәсіп секторының 40 пайызы қырғызстандықтардың, 30 пайызы қазақстандықтардың, 40 пайызы ресейліктердің иелігінде көрінеді", – дейді Любовь Худова.

Олар неге елге қайтып, сол бизнесті неге өзімізде жасамайды?

Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Любовь Худова елдегі кәсіпкерліктің дамымауын салықтан көреді. Тігін цехтарын ашып, елге технология әкелгеннен гөрі Қытай мен Түркиядан киім тасып, оны екі-үш есе бағасына сатқан әлдеқайда тиімді. Қысқасы, бұл салада кейбір кәсіпкерлердің кәсіби деңгейі алыпсатарлық деңгейде қалып қойған. Бұл 1990-2000 жылдар арасында тиімді болған шығар. Ал қазір барды базарлайтын кез емес. Тұтынушы талғамы деген тағы бар.

"Жағдайды реттеу үшін осы саладағы кәсіпорындарға қосымша құн салығын азайтып, 5 жыл бойы салық салмау қажет. Сонда ғана отандық кәсіпорындардың аяғынан тік тұрып кетуіне мүмкіндік бар. Қазір елде сырт киім бойынша импорт экспорттан 200 есе көп. Сондықтан, шетелдік тауарлармен бәсекелестікте озу үшін бұл саланы салықтан құтқару керек. Қырғызстан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін оларды салықтан босатқан. Олар соңғы он жылда көп нәрсені үйренді. Тіпті соңғы жылдары Германия, Түркияның белгілі компаниялармен іскери байланыс орнатып, солардың технологиясын мықтап меңгерді", – дейді Любовь Худова.

Үлес неге кеміп барады?

1990 жылдарға дейін Қазақстанда 1 мыңнан астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны (тоқыма, тігін, трикотаж, тері-жүн және аяқ киім) жұмыс істеп тұрды және олар республика бюджетінің 25 пайызын құрады. Ресми статистикаға сүйенсек, жеңіл өнеркәсіптің тұтас ел өнеркәсібіндегі үлесі жылдан-жылға кеміп бара жатқанын көреміз. Мәселен, оның жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 1990 жылы – 15,8, 2000 жылы – 2,3, ал 2012 жылы 0,3, 2015 жылы 0,1 %-ды ғана құрады. Егер 90-шы жылдары бұл салада 220 мың адам жұмыс істесе, бүгінде оның саны 13 мың адамға дейін қысқарған.

 Жеңіл өнеркәсіп саласы азық-түлік тауарларын тұтынудан кейінгі екінші орында. Дүние жүзінде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын елдердің басында Үндістан, Қытай елдері тұр. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қажетті алғышарттардың бәрі бар. Ол – мемлекеттік қолдау, негізгі өндіріс, технология,  адам және шикізат ресурсы. Бірақ солай болса да отандық тауар өндірушілердің үлесі 5%-дан аспайды.

Не істеу керек?

Fashion-индустрияның мамандары Қазақстан тұрғындарын сән киімдерімен де, күнделікті киімдермен де қамтамасыз етуге әлеуеті де, шикізаты да, тіпті мамандары да жетеді дейді. Бірақ қазір біздегі киім тігумен аты шыққан мекемелердің көбі – сән үйлері. Олардың басым көпшілігі  тауарларын  қалталы азаматтарға, эстрада әншілеріне арнап тігеді. Мысалы, Аида Қауменованың ұлттық брендтегі киімдерінің бағасы – 120-300 мың теңге аралығында. Құралай Нұрқаділова, Лидия Досалина, Сәкен Жақсыбаевтың киімдерінің бағасы 300 мың – 2 млн теңге аралығында. Оны сатып алуды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.

Бізде өнімдерін өзімізге ұсынып қана қоймай, шет елге экспорттап, басқа мемлекеттерден шығатын киімдерге бәсекелес бола алатын отандық киім тігетін мекемелер де бар. Мысалы, "KaznexІnvest" компаниясы Қазақстанда жасалған өнімдерге сервистік және қаржылай көмек көрсетіп келеді. Бұл жайында компанияның PR-менеджері Анар Шүкірова журналистерге берген сұхбатында  спорттық киімдер шығаратын "КазСПО-N", ерлер костюмдері мен мектеп формасын дайындайтын "Гласман", аяқ киім өндірумен аты шыққан "Казлегпром – Алматы", әйелдер киімін шығаратын "Inspiration" компанияларының өнімдерін шет елге экспорттау жұмыстары ұйымдастырылғанын айтқан. Сондай-ақ, алматылық "Ажар", семейлік "Роза", тараздық ""ПОШ-Тараз", ақтөбелік "Сириус-Оптиум", оралдық "Девятко", шымкенттік "Гауһар" сынды отандық киім-кешек өнімдерін шығаратын компанияларға компания тарапынан қолдау білдіріліпті.
Демек, бұл салада алға жылжу бар. Тек жарнамасы мен менеджменті ғана кемшін.

Нақтыланбаған, алдағы уақытта көңіл бөлуге тиіс бағыттар туралы қазақстандық дизайнер Ақмарал Соловьева санамалап берді.

Оның айтуынша, "Made in Kazakhstan", соның ішінде киім-аяқ киім түрлері тұтынушыға жетпейді. Себебі бізде жеңіл өнеркәсіп, соның ішінде киім дегенде, ең алдымен сән индустриясы еске түседі. Киімдердің қол жетімділігін солардың бағасына қарап бағалайды. Сән әлемі дегеніміз тек сән алаңдарында сылаңдап жүретін сылқымдардың үстіндегі киім емес. Ол сіз бен біздің күнделікті тұрмыста киінетін киім. Ол үйге арналған ба, ол кеңсеге арналған ба, жоқ әлде ол ойын-сауық кештеріне арналған ба, ол маңызды емес.

"Мен өз салам ғана бойынша айтайын. БАҚ, әсіресе басылым беттерінде "сән әлеміндегі соңғы жаңалық, тіпті классикалық сән үлгісіне қандай өзгерістер бар. Көрші елдерде бұл индустрия қалай дамып келе жатыр, қырғыздар мен өзбектердің бұл салада оқ бойы озық тұруының себебі не?" деген тақырыпта сараптамалық мақалалар көрген жоқпын. Тіпті бұл салаға маманданған журналистердің өзі саусақпен санарлық. Осы сала мамандарының пікірлерін журналистер іліп алып, қоғамның назарына салып отырса ғана сала дамиды. Жарнамасы арқылы алға жылжиды",– дейді дизайнер.

Ол қазақтарға да осы саланы сән немесе күнделікті киетін киімдер деп бөлмей, біртұстас сектор деп қарайтын кез келгенін айтады. Еуропадағы атақты бренд тауарларын тігетін компаниялар күнделікті тұрмыста киюге немесе балаларға арналған киім де тігетінін, бізге сұранысқа қарай  өнімдерін жіберетінін ескертеді.

Білуімізше, халықаралық нарыққа шыққан кез келген компанияда дамыған немесе дамушы елдердегі тұтынушылардың қажеттілігін саралап отыратын арнайы мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Еліміздің қара базарларында сапасы да, сәні де сын көтермейтін киімдер сол мониторинг жүйесі зерттеулерінің нәтижесінде келіп жатқан дүниелер екен.

"Бұл – бір. Екіншіден, бізде менеджмент мәселесі енді қолға алынып жатыр. Әрбір киім тігетін цех немесе фабрика жанында тұтынушының талғамын саралап отыратын мониторинг болуы қажет. Киім үлгілерін қатып қалған стандартпен дайындай беру – кешегі күннің тірлігі. Біз 18 жастағы бойжеткен мен 60 жастағы әйелдің де талғамын ескеруіміз керек. Матаның сапасы, түр-түсі де маусымдық сән үлгілеріне қарай өзгеріп отырса, біз аз гана уақыт ішінде өзімізді өзіміз киіндіре алатын ұлтқа айналамыз", – дейді Ақмарал Соловьева.  

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу