Жеңіл өнеркәсіпшілерге мүмкіндіктер қарастырылуда

4453

"Altyn Oimaq" көрмесі мен форумында еліміздің өнеркәсіп саласы талқыланды.  

Жеңіл өнеркәсіпшілерге мүмкіндіктер қарастырылуда

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі саласын қолдау мақсатында "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, "Altyn Oimaq" Қазақстан жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындарының алғашқы форумы мен көрмесін өткізуде.

ҚР ИИДМ Индустриялық және өндірістік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамуы азық-түліктен кейінгі екінші орында тұрғанын және әлеуеті өте жоғары екенін айтты.

"Текстиль өнімдерін тұтыну үшін 98 млрд теңге өнімін кіргіземіз. Алайда өзіміз тек 15 млрд теңгенің тауарын шығарамыз. Бұл дегеніңіз тек бір ғана тоқыма мата өндірісімен бүкіл Қазақстанның нарқын қамтамасыз етуге болады. Бізде сондай-ақ түйме, бау, бекітпе, және басқа әртүрлі құрағыш өнімдер шығару да маңызды",– деді Қанат Баитов.

Сонымен қатар министрлік өкілі  сапаға аса жоғары мән беру керектігін ескертті.

"Мектеп формасын алайық, бізде үш миллион бала бар, тек қазақстандық ұлдар мен қыздар формасы бар, әр қайсысын 10 мың теңгеден киіндірсек, 35 млрд теңге шығады. Біз қазір сапалы киім, сапа стандарттары жайлы айтып тұрмыз",– деді комитет төрағасы.

Екі күнге созылатын форум және көрме Азия даму банкінің қолдауымен өтуде. "Атамекен" ҚР ҰКП, "Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры" ҚҚ – шараның негізгі серіктестері.

"Атамекен" ҚР ҰКП департаменттің басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова тігін тауарларын қосылған құн қосып сатудың маңыздылығына тоқталды.

"Жақсы дизайн, өнімнің жақсы сапасы нарықта бәсекегеқабілетті болуға әсер етеді. Әртүрлі баға сегменттері бар. Біз орта баға сегментінен орын алсақ дейміз", – деді Салтанат Әбдікәрімова.

"Біздің көрме – ерекше көрме. Бұл шара көрмеден бұрын, үлкен диалог алаңы. Тамаша білім беру блогы бар Франция, Италия, Ресейден қонақтар келеді. Өнеркәсіпте не қажет болатыны көрсетіліп, талқыланады. Екінші деңгейлі банктер, қаржылық қолдау жөнінде кеңес береді",–  деді басқарушы директор.

Сексеннен астам отандық тауар өндіруші компаниялар көрмеге киім-кешек, әшекей бұйымдар, аяқ киім тәрізді өз өнімдерін жұртшылықтың назарына ұсынды. Көрмеге Түркиялық Waikiki (LCW) тәрізді танымал трейдер компаниялар да шақырылды. Осы алаңда В2В кездесулер ұйымдастырылып, Қазақстандық компаниялар ірі ритейлмен байланыс орнатады деп күтілуде.

Көрме залының подиумында еліміздің дизайнерлері киім үлгілерінің топтамаларын көрсетіп, өндіріске шығаруға тамаша мүмкіндік туып тұр. Топтамаларды шығару бойынша инвесторлармен және қаржы институттарымен де В2В кездесулер ұйымдастырылады.

Осы шараға қолөнер шеберлері де қатысып, еліміздің сән саласының дамуына, ұлттық нақыштағы бағыттың өркендеуі үшін шеберлік сабақтарын өткізуде. Сондай-ақ, бизнес жүргізу, сән өнері, авторлық құқық сынды тақырыптар бойынша әртүрлі семинарлар, лекциялар оқылуда.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу