Депутаттар 6 мың адамды жұмыссыз қалдырмақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3286

Заңдағы жаңашылық жеңіл өнеркәсіпті тұралатуы мүмкін.

Депутаттар 6 мың адамды жұмыссыз қалдырмақ

Осыдан бірнеше күн бұрын мәжіліс депутаттары "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы" жаңа заң жобасын мақұлдады. Енді құжат сенат депутаттарының қарауына жіберілді. Егер аталған құжат бекітілетін болса, жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек ететін 6 мың адам жұмыссыз қалуы ықтимал.

"Жеңіл өнеркәсіп компаниялары консорциумдарға бірігіп, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындайды. Бұл бағытта консорциум құрмай жұмыс істеу өте қиын. Себебі, түйіні тарқамаған мәселе көп. Оларды бірлесіп шешу керек. Басқа жол жоқ. Ал депутаттардың қарауына ұсынылған заң жобасына сәйкес, консорциумдар мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаудан шеттелмек. Осының салдарынан жүзедеген кәсіпорын жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Жеңіл өнеркәсіптің тұралап қалуы әбден ықтимал", – дейді отандық өндірушілердің "Жасампаз" консорциумы атқару кеңесінің төрағасы Гүлмира Уахитова.

Жеңіл өнеркәсіп өкілдері консорциумға қатысты ереженің заң жобасынан қалайша алынып қалғанын түсіне алмай дал. 

"Біз мәжілістің стенограммасын қарап шықтық. Бірде-бір депутат консорциумға қатысты норманы заң жобасынан алып тастау туралы бастама көтермеген. Сонда бұл қалай болғаны?! Не үшін алынған? Себебін біле алмай отырмыз" – дейді өңдеу өнеркәсібі одағының атқарушы директоры Әділбек Бектібаев.

Еске сала кетейік, "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы" жаңа заң жобасын ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген.

Жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер одағы президентінің кеңесшісі Батырбек Әубәкіровтің сөзінше, республика бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында 12 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оның басым бөлігі – әйелдер.

"Аталған салада нақты әрі белсенді жұмыс істеп тұрған 984 кәсіпорын бар. Осы жылдың қаңтар-қазан аралығында жеңіл өнеркәсіп компаниялары 76 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 3,2 пайызға артық. Өкінішке қарай, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 11 пайызға азайды. Қазір экспорт көлемі 133,5 млн долларды құрап отыр. Ал импорт көлемі өсіп келеді. Бүгінде оның үлесі 1 млрд теңгеге тең", – дейді Батырбек Әубәкіров.

Одақ президентінің кеңесшісі атап өткендей, жеңіл өнеркәсіп компанияларынан түсетін салық көлемі де жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2015 жылмен салыстырғанда өткен жылғы салықтық түсімдер 500 млн теңгеге көбейген.

"Біздің одаққа мүше компанияларда 6 мыңға жуық адам қызмет етеді. Егер заң жобасындағы жаңашылдық қабылданатын болса, жеңіл өнеркәсіп саласы тоқырайтын болады. Алдағы уақытқа жоспарланған жобалардың да берекесі қашпақ. Мәселен, Бизнестің жол картасы аясында кәсіпорындар жалпы құны 9 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Бұдан бөлек, тағы 21 кәсіпорын өз жобаларын іске асырмақ ниетте. Сондықтан біз кәсіпкерлердің үні депутаттарға жеткенін қалаймыз", – дейді Батырбек Әубәкіров.

Арнайы баспасөз-мәслихатын ұйымдастырған жеңіл өнеркәсіп өкілдерінің сөзінше, бұл мәселе шешілмесе, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласындағы импортқа тәуелділігі одан әрі арта түспек.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу