Роман Скляр: маржиналды салаларға өту маңызды

4023

ИИД министрі кәсіпкерлерді қосылған құны жоғары тауар шығаруға шақырды. 

Роман Скляр: маржиналды салаларға өту маңызды Фото: sputniknews.kz

Жаз айының соңғы күндері елордада жеңіл өнеркәсіп өкілдері бас қосқан "Altyn Oimaq" көрмесі мен форумы өтті. Форум барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған индустриялық дамуды әртараптандыру қажеттігін, технологиялар трансферті арқылы өндірісті модернизациялау шаралары атқарылып жатқандығын, жеңіл өнеркәсіптің кемшін тұстары мен мүмкіндіктерін сөз етті.

"Бүгінгі күні еліміздің жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындарының бәсекеге қабілетінің төмен болуының бір себебі,өкінішке қарай, олардың шоғырлануы бағаға қосылған құнының төмен болуынан екенін көріп отырмыз. Сол себепті Қазақстан да қарапайым тігіннен, сыртқы нарықта сұранысқа ие бірегей өнім шығаратын фэшниндустриясына қадам басу қажет. Тек өндірісті ғана дамытып қоймай, жоғары маржиналды салаларға өту маңызды. Дайын өнім өндіру,  маркетинг, дизайн және дистрибуциясы, сондай-ақ ұлттық бренд түріндегі киім-кешек пен аяқ киім жасауға басымдық беріледі", - деді Роман Скляр.

ИИД министрі өндірісшілерді мемлекеттен тапсырыс күтіп қана отырмай, әлемдік трендтер мен қоғамдағы үдерістерді негізге ала отырып, өнім шығаруды жоспарлауға шақырды.

"Дүние жүзінде жеңіл өнеркәсіптің маңызын ескере отырып, әлем елдері осы салаға айтарлықтай қолдау көрсетіп, инвестициялар салуда. Біз халықаралық тәжірибенің ең үздік практиктерін зерделеп, өзімізге енгіземіз. Сыртқы жаһандық нарықта бәсеке өте үлкен екенін білесіздер, осы ортада өз орнын тапқан кәсіпорындар шынында да табысты болады. Бағыт-бағдарын экспортқа ұстанған осындай кәсіпорындар алдағы бес жылдықта Қазақстан бизнесінің дамуының локомотивіне айналуы керек. Сол себепті, бағасына қосылған құны жоғары, экспорттық әлеуеті бар кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау басымдылығы беріледі",- деді министр.

ИИД министрі Р. Скляр сөз соңында барша кәсіпкерлерге табыс тілей отырып, бизнестің дамуына мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетіндігін айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу