Қазақстандық бизнес ортаны тазарту басталды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2826

Биылғы 1 шілдеден бастап, индустриалды сертификаты жоқ отандық өндірушілер тендерлерге жіберілмейді.

Қазақстандық бизнес ортаны тазарту басталды

Бұл қадамға мемлекет отандық кәсіпкерлерді жалған өндірушілерден тазалау үшін барып отыр.

Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру ережелеріне тиісті өзгерістерді енгізіп те қойды. Келесі айдан бастап мемлекеттік сатып алу байқауына қатысу үшін жиһаз және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының міндетті түрде аталған сертификаты болуы шарт.

Индустриалдық сертификатты мемлекеттік органдар емес, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы береді.

"Өзгерістер бойынша "қарапайым заттар экономикасы" тауарларын сатып алуға тек "Білікті жеткізушілер тізіліміне" енген өндірушілер ғана қатыса алады. Ал "Атамекен" палатасы беретін индустриалдық сертификаттың болуы – осы тізілімге кірудің жалғыз критерийі болмақ.

Бірінші кезекте, өзгерістер жиһаз және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына таралады: олардан тауарларды сатып алу, енді алдын ала біліктілікті іріктеу (АБІ) арқылы конкурс тәсілімен ғана жүзеге асырылады", – деп түсіндіреді ұлттық палата.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мұның мемлекет жергілікті мазмұнды қорғау үшін жасалып отырғанын айтады. Өйткені Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінің өтпелі кезеңі аяқталған соң, жергілікті өндірісті бөле-жара қорғау қиынға айналмақ. Сондықтан Үкімет отандық өндірісті қолдаудың өзге жолдарын қарастыруда.

"Отандық өнімдердің өткізу ауқымын арттыру және қолданыстағы өз кәсіпорындарымызды толыққанды жүктеу мақсатында реттелетін сатып алулардағы жергілікті мазмұн үлесін жыл сайын 20 пайыздық тармаққа арттырып отыру көзделуде. Осы орайда қолдауды жалған өндірушілер иеленіп кетуін болдырмау үшін тендерге қатысатын жеткізуші өзінің еліміздегі өндірістік қуаттылығын индустриалдық сертификатпен растауға тиіс болады", – дейді Роман Скляр. 

Бұл құжатқа қол жеткізген кәсіпкерлер бірқатар бәсекелестік артықшылықтарға ие болады. Атап айтқанда, тендерге жіберіліп, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, мемлекеттік кәсіпорындар және өзгелерінің миллиардтаған теңгелік сатып алуларын игеруге мүмкіндік алады. "Самұрық-Қазына" холдингінің "Тауар өндірушілер реестріне" енгізіледі. Ұлттық әл-ауқат қорының алдын ала біліктілікті іріктеуінде жинаған балына тағы 20% бал қосылады. Шетелдік нарықтарға шықса, отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ілгерілету бойынша шығындарын мемлекет өтеп береді. Қазіргі кезде "Атамекен" палатасы осы сертификат иегерлеріне берілетін артықшылықтарды кеңейту бағытында жұмыс жасауда.

"Атамекен" палатасының өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Эльмира Оразованың айтуынша, сертификатты алу рәсімі екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде салалық қауымдастық рекомендация берген сарапшы алдымен кәсіпорынның бүкіл құжаттар жиынтығын қарап шығады. Содан кейін кәсіпорынға сапарлап, өндірістің жай-күйіне талдау жүргізеді және өзіне ұсынылған мәліметтердің іс жүзіндегі ахуалмен қаншалықты сәйкестігін салыстырады. Ол кәсіпорынның өзі мәлімдеген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер аталымын орындауға мүмкіндігін бағамдайды. Тиісті біліктілігі бар жұмыскерлерінің санын, өндірістік құрал-жабдықтарын, өндіріс технологиясын тексереді. Нәтижесінде, мәлімделген өндірістік қуаттылықтың барлығына көз жеткізеді.   

"Екінші кезеңде салалық сарапшы қабылдаған шешімді негізге ала отырып, "Атамекеннің" өңірлік палатасы жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өндірісті аралайды, кәсіпкердің лицензияларын, рұқсат қағаздарын, сәйкестікті бағалау туралы құжаттарын, салықтық есептерін, қауіпсіздік техникасын сақтауын, кәсіпорынның өз персоналын оқытатынын не оқытпайтынын, мемлекеттік сыйлықтар мен гранттар алған-алмағанын тексереді. Осылайша, кәсіпорын кезең-кезеңдік бақылаудан өтеді. Олар қорытындысында отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндірушілер тізіліміне енгізіледі", – дейді Эльмира Оразова.

Жалпы, отандық өндірушілер тізіліміне қосылу үшін біріншіден, кәсіпкер электронды цифрлық қолтаңба арқылы doc24.kz сайтында тіркелуі қажет. Екіншіден, жеке кабинет арқылы өз өндірісі орналасқан жердегі өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтінімін және электронды құжаттар топтамасын жіберуі керек.

"Индустриалдық сертификат тек Қазақстан резиденттеріне, біздің отандық кәсіпорындарға ғана беріледі. Яғни, бір күндік фирмалар, шетелдік жеткізушілер жиһаз және жеңіл өнеркәсіп бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды. Бұл да зор артықшылық. Сондықтан кәсіпкерлер мұның қаншалықты маңызды екенін түсініп, белсенді өтінім берулері, сертификат алу ережелеріне егжей-тегжейлі қанығып, оны ала бастауға тиіс. Ал біз палатада кез келген ұсыныстарға, ескертпелерге, кеңестерге ашықпыз. Біз барлығын түсіндіреміз және сертификат алуға көмектесеміз", – дейді ақтөбелік өңірлік палатаның тауарлардың шығу тегін сертификаттау бойынша маманы Галина Костенко.

Отандық өндірушілер тізіліміне кәсіпорын 3 жылға енгізіледі. Ары қарай ұзартуы талап етіледі.

"Біздің кәсіпорын жиһаз нарығында үш жылдан бері жұмыс істеуде. Қосымша заманауи жабдықтар сатып алып, келесі жылы төл жиһаз фабрикасын ашуға ниеттіміз. Жоспарымыз ғаламат. Бұл сертификатты біз ұзақ күттік. Өйткені дәл біздің бизнесте жиһазды гаражда не басқа да қалқа аястында жасай беретін бәсекелестеріміз көп. Олардың тиісті станоктары да жоқ, қытайдан не басқа шетелден әкелгенді құрастыра салады", – дейді кәсіпкер Венера Ережепова.

Ол сертификат саладағы барлық мәселені шешпегенімен, қолдау бойынша жақсы құрал болады деген сенімде.

Бақыт Көмекбайұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу