Екібастұздағы вагон құрастыру зауыты бірнеше айдан бері тоқтап тұр

9180

Зауыттың өнімі ресейлік бәсекелестеріне төтеп бере алмауда.

Екібастұздағы вагон құрастыру зауыты бірнеше айдан бері тоқтап тұр

Өндірістік қуаты жылына 2000 ашық және 500 жабық жүк вагондарын шығаруға жетеді делінген "Қазақстан вагон жасау компаниясы" ЖШС-ның жұмысын тоқтатқанына бірнеше айдың жүзі болды. Осы уақыттан бері жұмысшылардың да жалақысы берілмеген.

Бұл жағдайдан жергілікті билік те хабардар. Екібастұз өңірі бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының инспекторы Қайрош Ахметовтің сөзінше, мамыр айында басқармаға осы кәсіпорыннан 6 адам шағымданған. Арызға барлығы 25 адам қол қойыпты.

Қала басшысы Нұржан Әшімбетов кәсіпорынның кәсіподақ төрағасы, прокуратура, еңбек басқармасының қатысуымен шұғыл жиын өткізіп, кәсіпорын өз міндеттерін орындамаса, үстінен құзырлы орындарға шағым түсіретінін жеткізді.

"Қазақстан вагон жасау компаниясы" ЖШС директорының міндетін атқарушы Берікбай Әміржанов жалақының кешіктірілу себебін тапсырыстың азайғандығымен түсіндірді. Мәселен, Екібастұздағы "Богатырь Транс" ЖШС жүк вагондарын Екібастұздан емес, Ресейден сатып алуда. Әрі жергілікті жерде вагон құрастыратын аса қажет құрал-жабдықтардың, шойын құймалардың жоқтығы да кәсіпорынның алға басуына қолбайлау болып отыр.

Әйтсе де, кәсіпорын басшысы жұмысшылар алдындағы берешекті – наурыз айының еңбекақысын – 25 мамырға дейін, сәуір айының еңбекақысын 10 маусымға дейін төлеуге уәде берді. Мамыр айының   еңбекақысына қатысты нақты болжам айта алмады.  

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалақыны уақытылы бермеген кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынады. Одан нәтиже шықпаса, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін", – деп Нұржан Кемерұлы директордың міндетін атқарушы Берікбай Әміржановқа қатаң талап қойды.

Қазіргі кезде жалақысын уақытылы ала алмай отырған жұмысшылардың арызына байланысты еңбекті қорғау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Айта кетерлігі, вагон жасау зауыты екі жыл кідірістен кейін 2016 жылы жұмысын қайта жандандырған болатын. Сол кездегі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың ықпалымен мемлекеттік бағдарлама аясында 18 млрд теңге лизинг бөлінді. 3 жылдан кейін жағдай тағы да бұрынғы қалпына түсіп отыр.

"Ресей мен Қытайда жасалатын жүк вагондары Екібастұздағыдан анағұрлым арзан. Қазақстандық компанияларға осы елдерде жасалатын вагондарды сатып алу тиімді. Вагон жасау зауыты бағыт-бағдарын өзгертпесе, кәсіпорынның жұмысы алға баспайды, өнбейтін іске ақша салудың қаншалықты қажеті бар", – деген еді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген осы саланың маманы.

Айта кетейік, Қазақстан вагон жасау зауыты 2010 жылы іске қосылған болатын.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу