Үкімет ауылдың есебінен ақша үнемдемек

5174

Шенеуніктер 3 млрд теңгені үнемдеу үшін екі ауданды сусыз қалдырмақ.  

Үкімет ауылдың есебінен ақша үнемдемек

Келер жылы Қ.Сәтбаев каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына су жіберілмеуі мүмкін. Дәл қазір жергілікті билік пен бұқараны осы мәселе алаңдатып отыр. Бұл жағдай Павлодар облысының экологияcы мен экономикасын тұралатуы ықтимал.

Қ.Сәтбаев каналының пайда болуымен Екібастұз аумағындағы Шідерті өзенінің ағыны табиғи жолмен емес, су торабымен реттелуге көшті. Бұл Ертістің суын Қарағандыға тасымалдау үшін керек-ті. Алайда осыдан кейін Ақтоғай және Екібастұз аудандарының біраз жеріне көктемдегі табиғи су жайылмайтын болды. Аталған мәселенің алдын алу үшін табиғи су жайылымының өтеуі ретінде компенсациялық су жіберу қолға алынды.

Деректерге сүйенсек, 1993-1998 жылдары каналдан Шідертіге 100 млн текше метрден су жіберіліп тұрған. 2000-2004 жылдары мүлдем су жіберілмеген. Ал 2005-2008 жылдары 50-100 млн текше метрден су жайылатын болған.

"Қазақстан нарықтық экономикаға көшіп, каналдың суын пайдалану ақылы бола бастады. Бірақ тоқыраудан кейін тұралап қалған кәсіпкерлерде суға төлейтін ақша жоқ. Сол себепті 2000-2004 жылдары Шідертіге су жіберу тоқталды. Салдарынан су жайылмаған өлкенің флорасы мен фаунасы зақымдалды. Жерасты сулары тартылып, тұзды жерлер көбейді. Өлкеден аң-құс жоғалды. Халық түрлі дертке шалдыға бастады. Мал саны азайды. Ауыл халқының тұрмысы төмендеді", – дейді Социалистік Еңбек ері Бөкен Қызғарин.

Су жіберу тоқтаған соң ауыл адамдары өзге аумақтарына жаппай көше бастады. Мәселен, 2000-2004 жылдары Екібастұз ауылдық аймағындағы халықтың саны 40 пайызға азайды. Ақтоғай ауданындағы үш ауыл тұрғындарының үштен бірі қалаға көшіп кетті.

Енді, міне, 20 жыл бұрынғы қиын жағдай тағы қайталануы мүмкін.

"Су жіберілмесе, мыңдаған гектар жер сортаңға айналады. Аң-құс безіп кетіп, табиғи тепе-теңдік бұзылады. Мал азығын дайындау мүмкін болмай, шаруашылықтар күйрейді. Соңғы бес-он жыл ішінде мемлекет қолдауымен саны көбейген мал амалсыз пышаққа ілігеді. Яғни мемлекеттің осы саланы дамытуға бөлген қыруар қаржысы желге ұшады. Шідерті өзені бойындағы ауыл халқының тұрмысы төмендейді. Мұндай келеңсіздікке үкімет жол бермеуі тиіс деп сенеміз. Өңір жұрты үшін өзекті мәселе оң шешімін таппаса, ел ішінде наразылық туатыны да ескерілуі керек", – дейді екібастұздық журналист Жассерік Жәлелұлы.

Қ.Сәтбаев каналының директоры Оңдасын Жиенқұловтың сөзінше, 100 млн текше метр суды босатуға шамамен 2,9 млрд теңгеге жуық қаржы керек.

"Жыл сайынғы су жіберу процесіне республикалық бюджеттен қаржы бөлінетін. Елдегі экономикалық жағдайға байланысты алдағы үш жылдық бюджетте су жіберу жайы қаралмай отыр. Депутаттар, шаруа қожалықтары, облыс билігі мәселеден хабардар", – дейді канал директоры.

Бұл мәселе Мәжіліс депутаттарының да назарында. Халық қалаулысы Нұржан Әшімбетов әріптестерімен бірге аталған жағдайдың реттелуін қадағалап отырғанын мәлімдеді. Десе де, елді алаңдатқан мәселе әлі реттелген жоқ. Ал жыл болса аяқталуға таяу...

Санжар Беркінбай

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу